[:kz]
Экс-депутат әрі блогер Тәңірберген Бердіоңғаров пен түрік журналисі Оғыз Доған астаналықтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеріп шықты. «Хан шатыр» сауда орталығында болған қос белсенді сатушылар мен клиенттерге қазақша сауалдар қойып, біраз тығырыққа тіреп тастады. Аталған эксперименттің видеосын Бердіоңғаров өзінің Youtube-каналында жариялаған.
Сауда орталығындағы сатушылардың барлығы дерлік блогерлермен тек орыс тілінде амандасты. Айтуларынша, мұнда келушілердің басым көпшілігі ұлтына қарамастан орысша сөйлеседі екен. «Қазақ тіліне деген сұраныс болмағандықтан біз де орысша сөйлеуге әдеттеніп алдық» дейді сатушы қыз-жігіттер.
Оғыз Доған болса мұны құлдық санадан құтылмағанның белгісі дейді.
«Бұл құлдық санадан құтылмаудың белгісі. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Түркия да көпұлтты мемлекет. Бірақ солардың барлығы түрікше жақсы біледі. Қайда барсаңыз да, бірінші қазақша сәлемдесіңіз! Әр қазақ азаматы барған жерінде өз ана тілін талап етуі керек. Ұлтты кемсітпей-ақ қазақ тілін өзгелерге үйрету біздің қолдан келеді. Бірақ заңмен орыс тілінде сөйлеуге тыйым салуға не болмаса қазақ тілінде күштеп сөйлетуге болмайды», — деп жауап береді Оғыз Доған блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа.
Айта кету керек, бұған дейін мүлдем қазақша сөйлемейтін Бердіоңғаров Оғыз Доғаннан ұялды ма, әйтеуір видеоблогын қазақша жүргізуге тырысты. Атйуынша, қазақ тілін үйрену өте қиын көрінеді. Тілі орысша шыққан ол қазақ тілін үйрететін жеңіл әдістер ойлап табу керек дейді.
«Хан шатыр» сауда орталығынан шыққан екеу мұнан кейін QAZKOM банкіне барып тексеріп көрмек болды. Жуырда ғана аталған банктің филиалында жұмыс істейтін мамандардың бірде-бірі қазақша сөйлей алмай масқаралары шыққан болатын. Бірақ, осы кемшілікті қаншалықты жойғанын тексеріп көрмек болған Оғыз Доған мен Тәңірберген Бердіоңғаровты күзетшілер банк табалдырығынан әрі аттатқан жоқ.
sn.kz
[:]