[:kz]
Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда (бұрын Астана аталған) 26 наурызда болған жол апатынан жапа шеккен үш адамның жағдайы ауыр, сегіз адамның халі орташа. Дәрігерлер бір азаматтың аяғын кескен. Бұл туралы астана әкімдігі хабарлады.
Екі адам қаза тауып, ондаған адам жапа шеккен апатта жарақат алғандар қазір Астанадағы №2 қалалық ауруханада. Аурухана бас дәрігері Иван Лидің сөзінше, 13 адам ауруханада емделіп жатыр: сегіз адам — травматология, екі пациент – кеуде бөлігінің хирургиясы, үш адам жан сақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігердің сөзінше, жан сақтау бөлімінде жатқан науқастардың халі ауыр.
Жапа шеккендерге жалпы бес операция жасалған. Оның ішінде қан кетуді тоқтату, мылжаланған аяқ-қолдың металлостеосинтезі және ампутация бар. Лидің айтуынша, апат кезінде жарақат алған әйел кісінің аяғын құтқару мүмкін болмаған.
Бас дәрігер «жапа шеккендер ұзақ ем алады, кейбірі 7-10 күннен соң шығады» дейді. Әкімдік сайтында астана әкімі Бақыт Сұлтановтың науқастардың көңілін сұрап барғаны айтылады.
Кеше астанадағы орталық көшелердің бірінде үш автобус пен бірнеше жеңіл көлік соқтығысып, екі адам – 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы азамат қаза тапқан.
Апат себебі әзірге белгісіз. Әкімдік «полицияның апат себебін анықтап жатқанын» жазады.
Дереккөз:Азаттық радиосы
[:]