АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Атамбаев «түйе-саясаткер» емес[:]

[:kz]

Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаевтың Ала-Арша резиденциясында мұғалімдерге марапат тапсыру кезінде эмоцияға беріліп, Қазақ елінің көшбасшысына тіл тигізді. Жеке адам ретінде әрине қандай ой айтса да құқылы еді. Бірақ, Алмазбек Атамбаев көрші елдің президенті, ресми мемлекеттің бірінші адамы емес пе?. Осындай лауазымды тұлғаның өзін-өзі ұстай алмауының астарында не жатыр? Сауатсыздық па, жоқ әлде сыртқы күштердің ықпалы ма?

Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан экономикасына, оның ішінде ЖІӨ мен зейнетақы мөлшерінің сәйкессіздігі туралы айтқандары шындыққа жанасатынын жоққа шығарғымыз келмейді. Қырғыз басшысы қазақ ұлтын емес, биліктің экономикалық саясатын сынға алды.

Бірақ, не үшін? Бұл сынның өз елі үшін пайдасы бар ма?

Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев Бабановқа жылы көзқарас танытты екен деп, бүкіл екі елдің қарым-қатынасына сызат түсіруге болмайды емес пе?

Жалпы, Алмазбек Атамбаев өзінің қалыпқа сыймайтын азаматтық тұлғасымен әлем алдында талай күлкіге қалғанын ескерсек, бұл жолғысын да жай сауатсыздық деуге болар еді. Бірақ, «соншалық деңгейде сауатсыз болса, ол бірнеше жыл көрші елді қалай басқарып келді?» деген заңды сауал туындайды.

Өзбекстанға барып, су жаңа президентпен төс қағыстырып келіп, Назарбаевқа шүйлігудің, Хан-Кененің басын алған елдің басшысы ретінде «жас президент бізден гөрі Қазақстанға керек» деп көсемсудің астарында сыртқы күштердің ықпалы бар екенін аңғаруға болады.

Жалпы, екі елдің арасын ушықтыру арқылы, саяси алпауыттар өз дегенін жасағысы келетіні байқалады.

Атамбаев қазақ билігіне тіл тигізді. Сосын Сочиге бармайтын сылтау ойлап тапты. Сылтауының түрі «ланкестік пен көтеріліс болуы мүмкін» деген долбар. Бұл долбар қазақ билігіне шекарадағы тексерісті күшейтуіне толық мүмкіндік алып беріп отыр.

Атамбаев бізде ланкестік болғалы жатыр деп ресми мәлімдеме жасаса, Қазақстан тарапы сақтық шараларын жүргізуге құқылы болып шықпай ма?

Бұл сақтық Атамбаевқа қымбатқа түсерін қырғыз билігі енді ғана түсіне бастады. Қаншама тауар шекарада қаңтарылып тұр. Қаншама ел шекарадан өте алмай, зар қақсап жатыр.

Бұл кішкене ғана — кикілжің. Бірақ, бұ кикілжің ұлғая берсе, екі ел арасындағы бейбітшілікке нұқсан келуі әбден мүмкін.

«Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі».

Атамбаев «түйе-саясаткер» емес. Сондықтан да «атанға» барып сүйкенгенін түсініп, екі ел арасындағы түсініспеушілікті тез жоюға тырысуы керек.

Көрші елдің билігін мінбеде тұрып алып Отынбаеваны, Текебаевті сөккендей сөгу — кешірілмейтін іс.

Ал, енді оларға біздің тарап кедендік қысым көрсетумен жауап берсе, бұл да ақтайтын қадам емес.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

[:]