АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Атыраудағы «құл базар»[:]

[:kz]

Былтыр Атырау облысында 47 млн тонна мұнай өндірілді. 2018 жылдың қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында мұнайлы астана Ұлттық Қорға 741 млрд теңге аударып тастады. 2017 жылмен салыстырғанда атыраулықтар көрсеткішті 13 пайызға асырды. Осындай мол байлықтың үстінде отырған Атырау халқы жұмыс таппай отыр дегенге нанасыз ба?

Облыс басшысы Нұрлан НОҒАЕВ  журналисттер алдында жұмыссыздардың саны бес пайыздан аспатынын айтып жүр. Бірақ Атыраудағы «Дина» базарының маңына барсаңыз жұмыс іздеп сапылған жұрт алдыңыздан шығады. Жас АЛАШТЫҢ өңірдегі тілшісі көпшілік «Құл базар» деп кеткен жерге арнайы барған еді.

-Сізде не жұмыс бар?

Бұл жерге таяғандарды әрқайсысы бөлек топталып тұрған ерлер мен әйелдер осындай сұрақпен қарсы алады. Жаяу барсаң, сытылып кетуге болатын шығар, көліктің терезесінен басыңды қылтитып сұрағанда қиын екен, «мен барам», «мен барам» деп өңмеңдеп кеткен жұмысшылар жапатармағай отыруға таласып, есігіңді жұлып кете жаздайды. Кейде «не жұмыс еді?» деп машинаға отырғасын сұрайтындары да бар. Әңгіме Атыраудағы «Дина» ірі сауда кешенінің артындағы «пятак» деп аталатын орын жайлы. Онда тұрғандар «құл базар» деген атауды жақтырмайды.

-Ешкім ешкімнің құлы емес. Бізді ешкімнің олай деп айтқанын естімедік.

-Сонда бұл жер қалай айтылады?

-Өзіміз «офис» деп айтамыз, «Нурика» десеңіз де түсінікті («Нур и Ка» жиһаз салоны).

-Неге «офис»?

-Себебі, бұл жер – біздің жұмыс кеңсеміз сияқты. Таңертең сегіздерде келеміз, сосын клиенттер келіп алып кетеді.

-Яғни, уақытша жұмыс орындарыңыз ғой?

-Әртүрлі. Мен, мысалы, он жылдан бері осында тұрамын.

Қарсы алдымдағы бәкене бойлы, орта жастағы келіншекке қарап аузымды ашып қалдым. Бір қалада тұрғанмен, «пятак» жайлы білмейтініміз көп екен-ау. Оның «тұрғындары» аты-жөндерін айтқысы келмегенмен, мұнда келу себептері, «жұмыстың» жай-жапсары жайлы бірін-бірі қоштап, бөліп тұрып, айтып берді.

-Он жыл көп уақыт қой, содан бері мамандығыңыз бойынша (бұл жерде дипломды мамандар да жетіп-артылады) жұмыс таппай жүрсіз бе?

-Біріншіден, үкіметтің жұмысы аз төлейді. Елу мың теңге алады екем, оның жартысын пәтерге төлесем, қалғанын бала-шағама қалай жеткіземін? Бұл араға күнделікті шығып тұрсаң, 120-150 мың теңге жасауға болады. Сосын жалақыға қарап отырмайсың. Күнде тапқаныма ішіп-жейтінімізді алып тұрамыз.

-Қазір бір жерден келіп тұрсыз ба сонда?

-Иә, түске дейін екі адам алты мыңға (әрқайсысына екі мың теңгеден) біреудің шарбағын тазартып келдік. Қазір заказ түссе, тағы барамыз. Бірақ, кешеден бері жаңбыр, күн суық, бүгін жігіттерге екі, қыздарға бір-ақ адам келді (сағат 16.00).

-Қазір көктем, ал сіздер қысы-жазы осылай тік тұрасыздар. Денсаулықтарыңызға зиян емес пе?

-Таңнан кешке қақшиып тұрмаймыз, арасында жұмыс істеп келмейміз бе? Сосын Атырау онша суық емес қой.

Әңгімеге 40-45 жас шамасындағы ер адам араласты.

-Бізде дұрыс жұмыс болса өстіп тұрамыз ба?! Биржаға барсам, ылғи 30-35 мың теңгенің жұмысын айтады. Қазір вахтаға құжат тапсырып қойдым, соның хабарын күтіп жүрмін.

-Мәселе қайда жатыр деңіз! Сонда сіздерге тек вахталық әдіспен жасайтын жұмыс керек пе?

-Міндетті түрде емес. Бірақ, вахта жақсы ғой.

Келесі адам килікті:

-Ал вахтамен неге жасамасқа? Атырауға кім болса сол келіп, жасап жатыр. Ал біз осы жерде туып-өстік. Кейбір мұнай шығатын елдерде сол жерде тұратындарға компенсация төлейді!

-Сіз қайдансыз сонда?

-Ганюшкинненмін (Құрманғазы ауданы)… Жігіттер боп пәтер жалдап тұрамыз.

-Сіздің ауданда жұмыс жоқ па сонда?

-Енді… аудан орталығы мен станция басынан жұмыс табуға болады. Бірдеңе қылып жер алсақ, көшіп келеміз деп жүрік қой.

Сөйлесе келе, «пятакта» Өзбекстан (ішінара Қарақалпалпақстан) сияқты жақын шетел мен еліміздің өзге өңірлерінен келгендер көбірек тұрады деген ойымыздың да жаңсақ екенін білдік. Араларында жергілікті тұрғындар да аз көрінбеді. Соның ішінде, облыстың ең ірі саналатын Құрманғазы ауданынан бірнеше адамды кездестірдік. Айтуларынша, Ресеймен шекаралас ауданнан қалаға жұмыс істеуге келгендер де, біржола қоныс аударғандар да көп.

Қазақстанның өзге өңірлерінен әлеуметтік жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты саналатын көршілес Ақтөбе облысынан өрімдей екі қыздың жүргені таңғалдырды. Айтқандай, елдің батысындағы қалалардан осындай орын Ақтаудың №22 ықшамауданында бар екен. Ақтөбе, Орал қалаларында мұндай жер жоқ десті.

-Қалай деуші еді әлгі… «Сұраныс болса ұсыныс болады» дей ме? Біз Атырауға керекпіз. Себебі, халық жалқаулау, көп нәрсені өздері жасағысы келмейді. Қонақ шақырса, бізді тамақ пісіруге, ыдыс жууға жалдайды, жазда огородын қазып, арамшөбін жұлып береміз, үйлерін жинаймыз, баласын бағамыз.

-Сіздерді мына жерден аяқ асты жалдап алып, баласын сеніп бақтыратындар да бар ма?

-Бар ғой, неге болмасын.

-Ал келіскен ақшаларыңды бермей кететіндер ше?

-Сирек, бірақ, кездесіп тұрады.

Жігіт ағасының айтуынша, осы уақыт аралығында олар клиенттің бет-әлпетіне, іс-қылығына қарап, баға беруге үйренген. Кісімсіп, мін тергіштеп, қоқан-лоқы көрсетіп тұрғандарға жоламауға тырысады. Ал «ішімдікке құмар адамдар тұрады» деген кезекті алыпқашпа да «офисте» тұрғандарға ұнамады. «Еңбектеніп тапқанымызды араққа жұмсасақ не болғаны» десті. Одан басқа, жалқау, қолының сұғанағы бар, мінезі қолайсыз адамдар да бұл жерде көп бөгелмейтін көрінеді. Қарақалпақстан келген Фируза былай түсіндірді: «Бір жолы үш әйел қар күреуге бардық, екеуміз өліп-талып жасадық, үшіншіміз тиіп-қашып жүрді. «Хозяинның» төлегенін теңдей бөлдік те, «сені енді қоспаймыз» дедік. Кейін андай болғасын басқалар да қоспады. Кетті ғой ақыры». «Хозяиндары» тек қана осы әйелдерге тапсырыс беріп тұратын тұрақты клиенттері екен.

«Пятак» «Дина» базарының аумағына кірмейді. Дегенмен, үнемі бақылап отыратын учаскелік полицей бар.

-Полициямен қарым-қатынастарыңыз қалай?

-Біз не бүлдіріп жатырмыз? Ұрлық жасамаймыз, төбелеспейміз, тек жұмыс іздеп тұрмыз. Әне, қараңыз, керек болса камера тұр, бәрі көрініп тұрады.

Солай дегенмен, тәртіп сақшыларының қарасы көрінгенде «офисте жасайтындар» тым-тырақай тарап кетіп, там-тұмдап қайта жиналады. Соның ішінде, шетел азаматтарының құжаттарына қойылатын талап қатаң. Олар миграциялық тіркеуден уақытылы өтіп тұруы тиіс.

Мұнайлы астанада қала қонақтарын тексеруге арналған құқықтық шаралар тұрақты өтіп тұрады. Былтыр 17-20 қыркүйек күні өткен «Заңсыз мигрант» рейді кезінде 447 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 384 шетел азаматы жауапқа тартылған. Гастербайтерлерге заңсыз жұмыс жасатқан он алты жергілікті тұрғынға айыппұл салынған.

Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВАНЫҢ мәліметінше, қазіргі күні облыста 7764 жұмыссыз тіркелген, оның 3202-сі уақытша жұмыспен қамтылып отыр. Аудандардан Құрманғазы ауданы бойынша 1309 ресми жұмыссыз бар, оның 497-сі уақытша жұмыспен қамтамасыз етіліпті.

-Бүгінде жұмыс іздеген адамға барлық мүмкіндік бар. Үкімет тарапынан оның түрлі тетіктері қарастырылған, мамандығы жоқ болса тегін оқытып, стипендия да төлейміз. Басқа мамандық алам десе оған да оқытамыз. Жұмыс берушілер тарапынан да сұраныстар түсіп жатыр. Алайда, біздің адамдар жұмыс талғайды. Аз жалақыға барғысы келмейді, бәрі бірдей мұнай компаниясына қайдан тұрсын! Кейде өзім де «алпыс-жетпіс мың теңгеге неге бара бермейсің, нандық пұлыңды табасың ғой, біз де сондай ақшаға жүрміз» деп айтамын, — дейді Гүлболат ЕКПІНҚЫЗЫ.

-Мен жаңа ғана жұмыс іздеп тұрған бірнеше адаммен сөйлестім. Жалақының аздығынан бөлек, уақытылы бермейтініне де шағымданғандар болды.

-Жұмысқа тұрған адам келісім-шартқа отырып, қажет кезінде сол бойынша еңбек инспекциясына шағымданып, құқығын қорғай алады. Тер төгіп жасаған еңбегінің пұлын ауызша келісе салған адамы бермей қойса – өйтіп қуына алар ма еді?!

Фото автордікі.

[:]