[:kz]
Атырауда адам шошырлық лас жағдайда жұмыс істеп келген жасырын кондитерлік цех әшкере болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Оңай олжа таппақ болғандар көлік қоятын гаражды пайдаланған. Қанша уақыт бойы тазаланбаған ыдыс-аяқтар, шашылған тәттілер, әр жерде жатқан қап-қап ұн. Қызметкерлерден де тазалық байқалмайды. Цех иесі бастапқыда түсірілім тобына қарсылық танытты. Кейін кінәсін мойындады.
Айтуынша соңғы екі ай бойы тәтті нан-тоқаш өнімдерін қала дүкендеріне таратып келген. Дейтұрғанмен қазір оның кәсіпкер ретінде ресми тіркеуде бар-жоғы, жұмысшыларының санитарлық кітапшалары тексерілуде.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық қызметкерлері униформа пайдаланбай жұмыстарын атқаруда. Қазіргі жағдайда бұл кісілердің жеке басын анықтаудамыз. Соған байланысты «Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», — дейді Атырау қалалық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Ернар Әбулхайыров.
[:]