АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Ауғанстаннан келген қазақ: Мазари-Шарифте әке-шешем, туыстарым қалды, елге көшуге көмектессеңіздер[:]

[:kz]

 

 Қайырлы күн Зайнудин. Сіз Ауғанстаннан Қазақстанға келген қазақ азаматы екенсіз. Қазақстанға қашан келдіңіз? Азаматтық алдыңыз ба? Қазір қайда өмір сүріп жатырсыз және немен айналысасыз?

— Қайырлы күн. Менің есімім Назар Зайнудин болады. Ауғанстаннан келген қазақ азаматымын. 1997 жылы Ауғанстанда өмір есігін аштым. 2019 жылдың 28-қарашасында Қазақстанға келдім. «Вид на жительство» алдым. Қазіргі уақытта Түркістан облысы, Түркістан қаласында туыс әпкемнің үйіне пропискаға тұрдым. Қолдан келгенше қара жұмыс жасап жүрмін.

— Әулеттеріңіз Ауғанстанға қашан қоныс аударған? Қай уақытта? Қазақ тілін Ауғанстандағы жақындарыңыз қолдана ма?

— Бұл қазақ не көрмеді дейсіз, біздің қазақтың нақты көш тарихымен толық таныс емеспін, бірақ біздің ру өкілдері 1900 жылға дейін ата қоныстарынан ауа көшкендігін естігенмін. Яғни біздің Есентемір руынан екі жүзден аса үй Ауғанстанға барғандығы айтылады. Менің нақты білетінім атамыз Назар үш ағайынды болған, Назар (Шорақ баба), Ораз және Шералы. Шералыдан жиендер тараған, бүгінде Қазақстанда тұрады. Ораз атамыздың ұрпақтары да Түркістанда өніп-өсіп жатыр. Енді Назардан (Шорақ бабадан) менің әкем Мамадулла. Біздер Қазақтың Кіші жүзігің ішіндегі Байұлы-Есентемір руынан боламыз. Оның ішінде Тағашыдан тарайтын Әжімбетіміз. Нағашым да Кіші жүз, алты ата әлім ішінде Кетелерден болады. Кезінде әр түрлі себептермен ұлы көштен қалып қойғанбыз. Ол кезде мен жас бала едім. Одан кейін есейген соң туыстарымды іздей бастадым. Ақыры Қазақстанға қалай болғанда да бару керек деп шештім. Ал тілге келетін болсақ, үлкен кісілер қазақшаны таза сөйлейді, әрі бізді де қадағалап отырады. Шындығы керек қазақтың көпшілігі көшіп кеткесін айналадағы көрші-қолаңның тұрмыс-салты, тілі де әсерін қалдырған. Ол жағы баршаңызға түсінікті болар деп ойлаймын.

— Ауғанстанда жақындарыңыз қай өңірде тұрады?

— Ауғанстанда жақындарым бар. Шешем, әпкем, аға-інілерім және туған нағашым тұрады. Олар Ауғанстан мемлекетінің, Мазари-Шариф аймағындағы Сайдабат деген ауылда тұрып жатыр. Ағам Назарұлы Абдулқадір, Інім Назарұлы Жұмахан, Інім Назарұлы Амидулла, Апкем Назарқызы Сима, Анам Шахзадақызы Розагүл, Нағашым Шахзадаұлы Абдулшүкір және басқа туыстарым сол аймақта. Нағашым Кете руынан, оның ішінде Нұрымбетсары.

 

— Ауғанстанды “Талибан» содырлары толық жаулап алды. Қазір жақындарыңыздың жағдайы қандай? Қазақстанға көшіп келуді ойлайды ма?

— Дұрыс айтасыз, саясаттың түбіне жеткен кім бар. Ол жақта қалған туыстарым үшін қатты уайымдап жүрмін. Ауғанстанның жалпы жағдайы белгілі. Қатты қиналып қалғандарын сеземін. Күнделікті тіршіліктері шектеліп қалғандығы анық. Барлық келеңсіз жайларды күтуге болады. Негізінде менің өз еліме келгендегі мақсатым жанұямызды тұтас көшіріп алу үшін мүмкіндіктер қарастыру болатын. Өкінішке қарай менің елге келгендегі жылдарым тұтас құжат алуға сарып болған екен. Соның өзінде азаматтық емес (азаматтыққа тапсырып едім) ықтияр хатпен шектеліп отырмын. Менің дертім өз ішімде. Егер 2019 жылдарда біреу менен «туыстарыңды Қазақстанға алдыруға не кедергі? Үкімет арқылы алдыртып, берейік!» дегенде мұндай сұмдық күндерге душар болмас едік. Өзім жергілікті жауаптыларға қалып қойған туыстарым туралы тілім жеткенше айтып көрдім, бірақ не істеу керектігін білмегесін бе, түсіндіре алмадым деп ойлаймын, ешқандай жауап ала алмадым. Тіпті бір ретінде «Отандастар» деген қорға хабарласып, жан сырымды айтып, туыстарым туралы хабарлағым келді, өкінішке қарай тыңдар құлақ табылмады. Ия, Қазақстанға көшіп келіп, туыстарының арасында болуға не жетсін әрине. Сондықтан көштің сәті түссе, көшуді ойлап, буынып-түйініп отыр.

— Еліміздің сыртқы істер министрлігінен қандай көмек күтесіз?

— Министрлік өкілдерінен туыстарымның Қазақстанға көшуіне көмек қолын созса деп өтінемін. Ауғанстандағы жағдайды көріп, біліп отырсыздар. Ертеңгі күнге деген сенім жоқ. Әр күн үреймен атып, әр түн алаңдаумен өтіп жатыр. Оқ пен оттың арасында қалған жақындарымды ойлаймын. Тарихи отанымызға қайтып келуіне жәрдемдесулеріңізді сұраймын.

Сұхбаттасқан Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, 

«Адырна» ұлттық порталы

[:]