[:kz]
Студент кезім. Жатақханада тұратынбыз. Бірде қатты ауырып қалдым. Дәрі-дәрмек алуға ақша жоқ. Ас батпайды. Денем қалшылдап, жаурай беремін. Содан суық бөлмеде жылы көрпеге оранып жатқанмын.
Бағила деген құрбым іздеп келді. Ауырып қалғанымды естіген екен. «Не жегің келеді?» – деп сұрады. Ауырған адамда қайдағы тәбет? Бас шайқадым да, неге екенін білмеймін, тұздалған қияр дедім. Бағила үндеместан шығып кетті де, сәлден кейін кішірек банкада тұздалған қияр әкеліп берді. Жата беріп қарным ашқан мен қиярды жеп, суын сіміріп салдым. Содан кейін тәбетім ашылып, тамақ жедім. Ал ертеңіне түк болмағандай сабаққа бардым.
Шынымды айтсам, кәдімгі қиярдан жазылып кеткеніме таң қалдым. Осыны айтқанымда Бағила: «Біз ауырып қалсақ, әжем не жегіміз келетінін сұрап, қалауымызды тауып беретін. Содан жазылып кетуші едік», – деді.
Содан бастап мен ауыра қалсам, жегім келетін нәрсені алып жейтін болдым. Бірде банан, бірде йогуртқа тәбетім ашылады. Соны алып жесем, жазылып кетемін. Егер ауыра қалсаңыздар бұл тәсілді сіздер де қолданып көріңіздер, мүмкін көмегі тиіп қалар.
С. ӘМІРОВА.
Мақтаарал ауданы.
zamana.kz
[:]