АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]АЗАТТЫҚ ТУЫН КӨТЕРГЕН АҚМЫРЗА ИШАН[:]

[:kz]

6e989e1bce20de2defd90cc8a0143f0eӨткенімізді танып, жаңаша таразылауға, өшкенімізді жағып, асылдарымызды халқымен қайта табыстыруға кең жол ашылғаны 1991 жылы келген Тәуелсіздіктің арқасы. Сырдың саңлақ перзенті Ақмырза Төсұлы есімінің насихаттала бастауы осы қатардағы игілікті істердің көрінісіндей.

Ақмырза ишан (1881-1930жж.) алған білімі, тамыры терең тектілігі, қабілет-қарымы, қажыр-қайраты, ізденімпаздығы арқасында кемел биікке көтерілген діни қайраткер және ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі. Ол Қызылорда облысындағы қазіргі Т.Көмекбаев атындағы ауылдың тумасы. Қызылтамдағы мешітте Елмұрат атты молдадан әптиек құранын толық игеріп алады. Бойында ерте қалыптасқан өжеттік, зеректік, білімге ерекше құштарлық сынды қасиеттері оның білімін әрі қарай жалғастыруға жетелейді. Алға қойған  мақсатына жету үшін әкесіне айтпай, 11 жасында керуеншілерге ілесіп Бұхараға барып, білім мен ілімнің ордасы Көкілташ медресесіне оқуға түседі. Медреседе араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының тарихи, әдеби, діни еңбектерін зерделейді. Ақмырзамен Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мен тәжік  ақыны Садритдин Айнидің кезінде қатар оқығанын біреу білсе, біреу білмеуі  де мүмкін.

 Жас бағланның оқуға деген ерекше құлшынысына, пәндерді игерудегі табыстарына тәнті болған ұстаз-мүфтилері оған  басқа елдердің білім ордаларында шыңдала түсуге кеңес береді. Туған халқының алдындағы перзенттік парызын терең түсінген Ақмырза Истанбулда латын, ағылшын тілдерін меңгерсе, Ауғанстанның  Кабул мен Герат, Ресейдің Қазан мен Уфа қалаларындағы мешіт-медреселердің ілім беру үрдісі мен дәріс беру әдістемелерімен танысады. Сөйтіп 1910 жылы қолына ислам ғұламаларына берілетін ең жоғарғы лауазым «ахун» шатырхатын алып, елге оралады. Көзі көргендердің айтуынша, ол шағын денелі, сарғыш өңді, шоқша сақалды, үнемі ақ койлек киіп, ақ сәлде орап жүретін кісі болыпты.

Танымал неміс философы Вернер Зомбарт (1863-1941жж.) өткен ғасырдың басында саудагерлердің  халықтан тек қана алуды ойлайтыны, ал батырлардың халқына не берсем деп дүниеге келетіні, қажет болса жанын да қиятыны туралы ой-тұжырымын ғылыми айналымға ендірді. Мәңгілікке құлаш сермеген Қазақ елі азаматтары үшін осынау қағиданы түйсінудің маңызы ерекше болмақ. Ақмырза да арғы-бергі бабалары сияқты батырлық ұстанымды өмірлік ту етті. Оның ата-бабаларының барлығы ел қорғандары ретінде төл тарихымыздың танымал тұлғалары. Ұлы Отанымызды қорғау сынды қастерлі миссияны адал атқарған би-батырлардың шынжыр қатарын санамалап жатпай, төртінші атасынан бері баяндаудың өзі оқырманға Ақмырзаның перзенттік таңдауының түп – төркінін түсіне түсуге ықпалын тигізетіні сөзсіз. Төртінші бабасы Кетебай Ресей, Хиуа, Қарақалпақ, Қалмақ,  Түркмен  елдерімен болған соғыстарға қатысып, даңққа бөленген би әрі батыр. 1810 жылы  Әбілқайырдың немересі Темір сұлтанмен бірге Жаңадарияның сол жақ бетіндегі Қарақалпақтарды  Хиуа хандығының аумағына біржола қуған. Үшінші бабасы Таңат би әрі палуан болған кісі. Азаттық үшін күрескен Кенесары хан  әскері құрамында 1841 жылы  қоқандықтардың Сауран бекінісіне шабуылы кезінде ерлікпен  қаза тапқан. Күннің ыстығына қарамай денесі елге жеткізіліп, Қарақ тауының маңындағы қорымға жерленген. Екінші бабасы Арғынбай батыр Ресей, Қоқан, Хиуа өктемдігіне қарсы күресте аты шыққан айбынды тұлға.  Ел басына туған алмағайып заманда Арғынбай халықты жанына топтастырып, басқыншыларға үнемі тойтарыс ұйымдастырып отырғаны, топ жауға жалғыз шабатын жүректілігі, теңдессіз найзагерлігі туралы әңгіме-аңыздар ел аузында әлі де бар. Ол Кенесары ханның жорықтарына, Жанқожа  батырдың  Хиауалықтармен соғысына және осы өңірде жатжұрттықтармен болған басқа да ұрыстарға өз сарбаздарымен қатысқан. Өкінішке орай, жерімізге қол сұққан жауларды талай рет қан қақсатқан Арғынбай 1856 жылы ағайын арасындағы дау – жанжалда қаза тапқан.  1845 жыл шамасында дүниеге келген ишанның өз әкесі Төс батыр да ұлт-азаттық қозғалысынан (Садық Кенесарыұлының Ресей отаршыларына қарсы күресі) тыс қалмаған.

Жеті атасының да қолы жаудың жағасында болған Ақмырзаның елдің қамын жеп, азаттықтың ақ туын көтеруі объективті заңдылық. Оның тұлғалық қасиет-қырларын  топтастыру – бұған көзімізді жеткізетіні кәміл: Біріншіден, ол – ағартушы, шәкірт баулушы-ұстаз. Жаңақала ауылының маңайындағы Кеңтүп деген жерде өзіне арнап салдырған (1910 жылы Қошқаралы Уақ Баймырзаұлы салдырған) мешітте, 1915 жылдан Шыбынтай Көтібар мен Шортан Тілесовтердің мешітінде  Қызылқұмдағы елдің балаларын ұл-қыз деп бөлмей арабша, латынша сауатын ашып, білім нәріне сусындатқан. Болашақты болжайтын кемеңгер ұстаз: «Халқым, балаларды қашанғы қой соңынан салпақтатып қоясыңдар. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығатын заманға келе жатырмыз. Елін қорғар, оған шамасы келмесе өзін қорғар білім алсын-дағы. Алла – тағала иіс алмас надандықты, ұйқылы-ояу күн кешуді, құрсақ толып, құлқын тойғаннан өзге тоят іздемес қамсыздықты біздің маңдайымызға жазып қоймаған шығар» – деген жанайқайы ел жадында. Осы жерден Ақмырзаның алдындағы қазақ ағартушыларының мұраттас ізбасары болып қалыптасып, озық ойлы замандастары  сынды қазақ қоғамының алдындағы міндетті айқын түсінгенін байқаймыз.

 Ақмырзаның өз  мешіті маңындағы жарлы-жақыбайларға  елдің пітір, садақаға берген малынан, астығынан теңдей бөліп беріп отырғаны, басқа да қайырымдылық істері туралы мысал өте көп. Бұл тұрғыда қасындағы елге: «Халқым, жерді көгертіңдер! Бидай, арпа, тары егіңдер! Сонау Бұхара мен Үргеніштен астық тасығанша, мына бос жатқан жерді пайдаланайық…» – деп, сөзі мен ісінің арасын алшақтатпай, мешіт маңына тал егіп, қауын өсіреді. Сонымен қатар, тазалық пен ораза ұстаудың денсаулыққа пайдасын айтудан жалықпаған салауатты өмір салтын да уағыздаушы. Мыңдаған бала оқытып, шығарған ұстаздың Серғали Толыбеков және т.б. шәкірттерінің есімі елге белгілі.

Кедейлерге қайрымдылығы, кембағалдарға мейрімділігі, қара қылды қақ жарған әділдігі, игілікті де ізгілікті істері, жүрекке жол тапқан уағыздары Ақмырзаның өңірде қадірі ерекше болуының алғышартына айналды десек қателеспейміз.

Екіншіден, Ақмырза – ғұлама. Ғұлама деп ғылым мен білімнің шыңынан көрінген тұлғаларды ғана атайды, ал олардың қатары санаулы. Шығыс ойшылдарының еңбектерімен етене таныс ол өзі де ғылым тылсымын білуге, мәңгілік пәлсапалық сұрақтарға жауап табуға ұмтылады. Бүкіл ғұмырын исламның қыр-сырын оқып-үйренуге арнаған Ақмырзаның діннің аса танымал насихатшысы да болғанын біз уақыт биігінен көріп отырмыз. Сонымен қатар ол  ислам дінін зерттеген ғалымдарымыздың бірі.Ақмырза  Имам Әбу Ханифа мәзһабының рухани – моральдық ұстанымдарын, оған жататын ілімдердің теориялық және тәжірибелік мәселелерін қамтитын бірқатар құнды еңбектердің авторы. Ғұламаның Исламның мәні, парыз-сүннеттері, әдет-әдеп, жол-жорасы таратылып жазылған Иман, Ислам, Ықлас деген бөлімдерден тұратын «Түркі имани» және «Хадистер» атты кітаптары шетелдегі қандастарымызда сақталып, елге жеткен құнды рухани дүниелер. Аталған екі кітаптың Алматы қаласының «Мамыр» шағын ауданындағы яссауйшілер (сопылар) жамағатының Шәкәрім қажы атындағы медресесі мен сондағы қыздар медресесінде оқытылғаны туралы деректер кездеседі.

Үшіншіден, Ақмырза – қол бастаған сардар. Ол көзі ашық тұлға ретінде  Ресейдің отарлау саясатының мақсаты мен салдарын жақсы түсінген. Ақмырзаның 1916 жылы Ресей империясы әскерінің тыл жұмыстарына қазақтардан адам бермеу бағытында болған наразылықтарды қызу қолдағаны туралы, Кеңес үкіметінің ымырасыз ашық жауы болғаны және елдің арасында тәуелсіздік идеясын тарату бағытында үздіксіз үгіт-насихат жүргізгенін дәлелдейтін құжаттар мемлекет мұрағатында сақтаулы.

Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің 1928 жылғы 27 тамызда «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы қабылдағаны мәлім. Байлар мен ортан қол шаруаларды күштеп тәркілеу, ұжымдастыру саясаты қазақ халқының мыңдаған жыл қалыптасқан қоғамдық құрылымын бұзып, күнкөріс көзі малынан айырды. Жатжұрттықтардың итаршылары – жергілікті «шолақ» белсенділердің  зорлық-зомбылығы белең алып бара жатқаны  жанына батқан Ақмырза:«… Біз жалпақ жатқан жұртпыз! Бас көтеріп өкіметке мына өктемдікті тоқтатыңдар, халықтың дәстүрін, дінін сыйлаңдар, мал-мүлкін талан-таражға салмаңдар, мұның аяғы жақсылыққа соқпайды деуіміз керек!», – деп халыққа үндеу тастайды. «Сіз басшы болыңыз, біз қосшы болайық! Елімізді, жерімізді қорғайық, дінімізді қорлап, мешіттерімізді қиратуға қарсы тұрайық!» – деп, бұл сөзге ел азаматтары жаппай қолдау білдіреді. Сөйтіп, 1930 жылы наурыз айының басында Шортан мешіті деген жерде көтерілісшілер Ақмырзаны хан сайлайды.

Ақмырзаның әуелде халықты сабырлылыққа шақырып, өкімет өкілдеріне талап-тілектерді бейбіт жолмен жеткізуге ұмтылғанын айтуымыз керек. Бірақ, жергілікті қызыл белсенділер:«Мешіттерді жабамыз, мал-мүлікті тәркілейміз, ишан-молдаларды қамаймыз» – деп, әкіреңдеуін өршіте түседі. Жосықсыз қысым, өлшеусіз өктемдікке  әбден ашынған халық билікке масайраған әпербақандарды қуып тынады, ақыры. Коммунист-белсенділердің  әскер шақыртқанынан хабардар болған олар Ақмырза мешітіне жиналып  жедел қарулана (сойыл, құсмылтық) бастайды. Өйткені, ұзақ жылдар бойы отарлау саясатын сан құбылтып жүргізіп келе жатқан жатжұрттық жүйеден  бүкіл ел болып күрескенде ғана құтыла алатынын халық жақсы түсінген еді. Тәуелсіздіктен бастау алған зерттеулер Ақмырзаның азаттық жолындағы күресін  халықтың барлық әлеуметтік топтары қолдағанын көрсетіп отыр (Т.Омарбеков, Н.Байқадамов, т.б.).

Қол астына топтасқан үш мыңдай адамды Ақмырза екіге бөліп: «Қарақ» тобын өзі, ал «Кеңтүп» тобын інісі Таймырза (1905 жылы туған) басқарады. Көтерілісті басуға ОГПУ органдары Қазалы мен Қызылордадан 2 әскери отряд шығарады. Отрядтарға өз қандастарымыз жол көрсетіп жүреді. Жазалаушылар Ақмырза қолын батысы мен шығысынан қоршайды. Алғашқы соғыс 14-наурызда Қарақ елді мекеніне жақын Ақмырза мешітінің маңында болып, онда көтерілісшілер 170-тей адамынан айрылады. Зеңбірек, пулеметпен қаруланған қызылдардың шығыны тоғыз солдат қана. Архив құжаттары осылай дейді. Аталған шайқас кезіндегі Абат және Төлеген Жекебатыровтар, Әжікерей сынды мергендердің жанқиярлық ерліктері ел жадынан әлі өшкен жоқ.

Күші мен қаруы басым жазалаушылармен (басшылары: Жалудь, Цуканов, Ж.Альшанский) бірнеше мәрте шайқасып, титықтаған көтерісшілерге Ақмырза:  «…Жеңілетініме менің зейінім жетеді. Ұлттық мүддені қорғау жолында өлсем арманым жоқ! Аман-сау тұрғанда бас сауғалаңдар!»  – деп рұқсат береді. Жанында қалған аз ғана жасақтарымен бірге Қызылқұмда 1930 жылғы 26 наурызда болған соңғы шайқаста көтерілісшілердің 107-сі қаза тауып, 150-дейі жараланады, ал 200-ге жуығы құтылып кетеді. Қызылдар мен олардың жергілікті жандайшаптары  Ақмырзаны өлтіріп, онымен қоймай медреседегі барлық кітаптарды, басқа да заттарды үстіне үйіп өртеп, мешіттің төбесін ортасына түсіреді. Ақмырзаның өліміне қатысты ел аузында басқа да әңгімелер кездеседі. Барлығына ортақ ақиқат біреу-ол Ақмырзаның өртелгені.                                                                 

Көтеріліске қатысушылар  қатал жазаланды: 10 адам ату жазасына, 40-тан астам адам 10 жылға дейінгі мерзімге кесіледі. Ақмырзаның інісі Таймырза 1931 жылғы 25 қыркүйекте 10 жылға сотталып, жазасын өтеуге Новосібірге (Сиблаг) жіберіледі. Із-түзі жоқ. Ақмырзаның тағы бір інісі Тоқмырза сытылып шығып Ауғанстанға жетеді. Қазір оның ұрпақтары Түркия азаматтары.

Көтерілісшілер жеңіліс тапқан кезде (1930 жылғы 26 наурызда) қоршаудан сытылып шыққан ағайынды мергендер Абат пен Төлеген Қызылқұмды паналайды (ал, Әжікерей мерген Ақмырзаны соңғы оғы қалғанша қорғап, мешіт маңында қаза табады).1931 жылы қыста бұларды ұстау үшін шыққан отряд Қызылқұмда үш ай жүріп, Төлегенді  өз туысқандарының (барлығы 7 адам) көмегімен ұстап қайтады. Көп ұзамай, кеңестік жазалаушы органдар көтеріліске еш қатысы жоқ бұл ағайынсымақтарға «бұрынғы қылмыстарыңды кешіреміз»  деген уәдесін жұтып, көздерін жойыпты.

Көтерілісшілердің аман қалғандарын іздестіру жұмыстары 1932 жылы да жалғасыпты. ОГПУ Арал оперативті секторының қызметкері Безруковтың 1932 жылғы ақпан-наурыз айларында жүргізген тергеу хаттамаларында қолға түскен көтерілісшілер туралы келесідей мәліметтер келтірілген:

1. Мамаев Майлыбай – көтерілісшілерге материалдық қолдау көрсетіп, қарумен (1 винтовка, 1 берданка, 1 револьвер) жабдықтаған. Коммунистік отрядтармен қолына қару ұстап шайқасқан. Ақмырза көтерілісі талқандалған соң Қызылқұмға жасырынып, 1931 жылы Тамды ауданының Еңбекші колхозына (6 – ауыл) мүше болған.

2. Дәулетов (Әлібаев) Оспан – Қазалы «Казгосторг» мекемесінің Ақтайпақ және Қарақ сельпосын, Дайындау пунктін талқандауға қатысқан. Қазалы ауданының  8 және 9-шы ауылдары тұрғындарын қолына қару алып көтеріліске қатысуға үгіттеген. Комотрядқа қарсылық көрсеткен мергендер сапында болған.  Көтеріліс талқандалған соң Қызылқұмға жасырынып, 1931 жылы Тамды ауданының Еңбекші колхозына мүше болған.

3. Түмешбаев Қоңыртай – көтерілісшілерді азық-түлікпен, ақшамен жабдықтап отырған. Көтерілісшілердің барлаушыларының бірі болған. Көтерілісшілер талқандалған соң Өзбекстанға қашып, Жекебатыровтарға қосылуға әрекет еткен. Тамды ауданының Еңбекші колхозына мүше болған.

4. Сырлыбаев Әлмен, Керишеев Қосымбет, Меңліқараев Қожанияз, Жалманов Өмір, Өміров Раш – Ақмырзаның кеңесшілері болған. Комотрядпен ұрыс қимылдары  кезінде Ақмырза мешітінде көтерілісшілерге жеңіс тілеп, намаз оқып отырған. Ақмырза өлтірілген соң Қызылқұмға жасырынып, 1931 жылы Тамды ауданының Еңбекші колхозына мүше болған.

5. Мыңжасаров  Бодыбай – Жекебатыровтардың барлаушысы, оларды мініс атпен, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп отырған. Абат пен Төлеген Жекебатыровтарды үйінде жасырған. Тамды ауданының Еңбекші колхозының  тұрғыны.

Бұлардың барлығы көтеріліске дейін Қазалы ауданының 7- ауылының тұрғындары болған.

6. Бабылов Дәуіт – Қазалы ауданы 6-ауылдың тұрғыны. 1931 жылдың желтоқсан айына дейін Жекебатыровтарды оқ-дәрімен, азық-түлікпен жабдықтап отырған.

Ақмырза көтерілісінен және одан кейінгі қуғын-сүргіннен менің әулетім де шет қалған жоқ. Әкем Әбді Омарұлы(1924-1996жж.): «Шырман көкем (әкесі Омар Ерманұлының туған інісі) 1899 жылы туылған, мінезі қызбалау, намысқой жігіт болатын. Әйелі, менімен тетелес  4-5 жасар екі ұлы бар еді. Еншіміз бөлінбей, бір шаңырақтың астында өмір сүрген біз ол тұста қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының  Жаңақала ауылында тұратын едік. Белсенділердің қорлығына әбден зығырданы қайнаған көкем Ақмырза көтерілісіне алғашқылардың қатарында қосылды. Көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін жазалаушылар бірден маңайдағы ауылдарды торуылдай бастады. Көкемнің бірер күннен соң, түн жамылып келіп, әйелі мен екі баласын алып кеткені, күні бүгінгідей, көз алдымда. Мақсаты – Қызылқұмдағы ағайын арасына барып бой тасалау, сосын шетел асу болса керек. Келесі жылы біздерді, милицияның қоқан-лоқысы аз болғандай,  аштық та,  алқымдай бастады. Ет жақын бірнеше отбасы Қызылқұмға көшуге мәжбүр болдық. Әкем Омар ондағы  ауылдардан інісін сұрастырып, қанша іздесе де ізін таппай-ақ қойды. Басқа көтерілісшілерді көрген, ал бұларды «көрдім, білдім» деген бір жан болсай-шы! Яғни, Шырман көкем ол жаққа жетпеген. Оның өз отбасымен бірге ауылды аңдыған  қызыл жазалаушылардың құрбаны болғаны айдан анық. Қай жерге көміп тастады екен оларды, құдайдан безгендер…» – деп, көкесі мен жеңгесін, қыршын кеткен қос періште-бауырларын кейде еске алып отыратын.

Енді Ақмырзаға, ол бастаған ұлт-азаттық көтеріліске кеңестік  билік тұсында және  ол аңсаған Тәуелсіздік кезеңінде қандай баға берілгенін салыстыра талдап көрсек.

Біріншіден, кеңестік кезең идеологиясына адал қызмет еткен азаматтар Ақмырзаны «тап жауы», «бандит», «қорқау қарақшы», т.с.с. жаранаға жуыспайтын эпитеттермен қаралап бақты. Бұл түсінікті де. Бірақ, өздерінің іс-әрекеттерінің дұрыстығына шүбәсіз сенген олар деректер мен дәйектерді сараламай, негіздемей оңды-солды қолдана бергенге ұқсайды. Мысалы, Қазақ КСР Ішкі істер министрі М.Есболатов «Тыныштық күзетінде» атты мақаласында (Білім және еңбек.-1978.-№11.): «…Алпыс жыл ішінде республика Ішкі істер органдарының көптеген қызметкерлері өздерінің ерлігімен және батылдығымен халық сүйіспеншілігіне бөленді. Солардың бірі – Қазалы уездік милициясының бастығы Серікбай Жәкеев. 1925 жылы бандылардың бастығы Ақмырза оның кеудесіне пышақ салып, жаралап кеткен болатын. Жас чекист жазылып шыққан соң, 1929 жылы комсомол мүшесі Жылқыбай Құттыбаевпен бірігіп Ақмырзаны қолға түсірген. Бірақ бандылардың қалған тобы оларды ұстап, Ақмырзаны босатып алды да, Жәкеевті тірілей отқа өртеді»-деп жазады.

Ал, Қазалы аудандық партия комитетінің Ленин туы газетінде жарияланған «Азаттық үшін алысқандар» (1980 жылғы 28 қазан) атты мақалада да аталған чекистерді Ақмырзаның өз қолымен азаптап өлтіргені егжей-тегжейлі баяндалады. Әрине, бұл тарихи шындықты бұрмалау және әділдікке жасалған қиянат. Бұған көз жеткізу үшін көлемді мақаладан  үзінділер бергенді жөн санадық. Әлқисса:  «…Жаңа өмір үшін нұрлы шұғыласын шашқан әрбір азаматтың атын біліп, оның рухын қастерлеу біздің парызымыз. Жақында аудандық ішкі істер бөлімінде болған үлкен жиын осы мақсатта болған еді. Шетсіз-шексіз Қарақұмның бір төбесінің астында тап жауларының қолынан тірілей отқа өртелген алғашқы чекистер қазалылық Серікбай Жәкеев пен тереңөзектік Жылқыбай Құттыбаевтардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету болатын.

С.Жәкеев 1906 жылы Қазалы уезіне қарасты «Арықбалық» жерінде дүниеге келді. …ол 1919 жылы комсомолға кіріп, сол жылы милиция жұмысына орналасады. 1929 жылға дейін уездік түрмеде кіші қараушы (надзиратель) болып істейді. 1929 жылдан 1933 жылға дейін  Қазалы ішкі істер басқармасында қылмысты зерттеу  бөлімінің инспекторы болады.

Мұның алдында 1924-1927 жылдары Қармақшы ауданының территориясындағы Ақмырза (баюды ойламаған кісі-Қ.О.), Алтын (бұл ру атауы-Қ.О.) деген байлардың бастаған бүлігін басуға қатысады.

 С.Жәкеев 1933 жылдың майынан ноябріне дейін Қазалы уездік түрмесі бастығының орынбасары болады. 1933 жылдың декабрінен 1934 жылдың январының аяғына дейін  Тереңөзек аудандық Советі атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Осы жылдың (1934 жыл-Қ.О.) 2-ші  марты күні ақ бандылар қолында ерлікпен қаза табады.

…Бұрын С.Жәкеев 1930 жылы қаза тапты делініп келген болатын. Бірақ шынайы зерттеу нәтижесінде табылған соңғы документтер, онымен бірге болған адамдармен кездесу нәтижесінде С.Жәкеевтің 1934 жылғы 2 мартта қаза тапқаны дәлелденіп отыр… »- делінеді аталған мақалада.

Міне, «жаптым жала, жақтым күйе» қағидатын ұстанған насихатшылар халықтың көтеріліс басшыларына деген теріс көзқарасын осылайша қалыптастырды.

Екіншіден, жоғарыдағыдай таным-түсініктің санамызға мықтап орныққанын Тәуелсіздік жылдары жарық көрген кейбір мақалалардың сарыны мен жекелеген тұлғалардың пікірі байқатқандай.

Соңғы жылдардың өзінде әртүрлі деңгейдегі газеттерде облыстан шыққан тұңғыш чекистердің (бұл қатарда С.Жәкеев те аталады) өткен ғасырдың 20-30 жылдары азаттық үшін кеуделерін оққа тосқаны, кеңес өкіметіне қарсы бандылардың көзін жоюда жанқиярлық ерлік көрсеткендері, кейбірінің қыршын ғұмырын қорқау қарақшылардың айуандықпен үзгені жазылып жүр. Бұл мақалалармен танысқан зерделі оқырманның көкейінде «қорқау қарақшыларға теңеген адамдары кім болды екен» деген сұрақтар туындайтыны түсінікті. Біздің ойымызша, аталған категорияға 1930 жылғы наурыз айындағы Қызылқұм көтерілісінің басшысы – ишан Ақмырза Төсұлын, осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында бас көтерген Қазалы ауданы шаруалары (Асандар көтерілісі) көтерілісінің басшылары – Иман Орымбетов, Әбдіхалық Иімбетовтерді, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Аламесек, т.б. аудандарды қамтыған Қарақұм көтерілісінің басшылары – молда Жұмағазы Бәйімбетов, Қожбан Жұбанов, Пірмағамбет Лаубаев, ағайынды Нұржан мен Жарасбай Қараевтарды жатқызған орынды болар. Нақтылау үшін Қарақұм көтерілісінің  бірінші кезеңі 1930 жылы наурыз-сәуір айларында (Алтындар көтерілісі), ал екінші кезеңі тамыз-желтоқсан айларында орын алғанын айтқанымыз жөн.

Орайы келгенде айтпасқа болмайды, Қазақстан мен Орта Азияның білімі мен мәдениетін дамытуға ерекше еңбек сіңірген, жерлесіміз Темірбек Қараұлы Жүргенов 1938 жылы НКВД тергеушілері осы Қарақұм көтерілісіне қатысы жайында сұрағанда: «…көтерілісшілер үлкен шығынға ұшырап жеңілді. Оның басты себебі – бұқара халық пен билік басында отырған ұлт қайраткерлері арасында тығыз байланыстың болмауы. Бірақ келесі жолы біз міндетті түрде бірге болуымыз керек» – деп жауап беріпті (Рақышев Е. Кеңес өкіметіне қарсы көтерілісті астыртын басқарған. //Аңыз адам.-2014.-№18.). Туған халқы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп қызмет еткен Т.Жүргеновтің ақырғы сөздері түйсігі бар пендеге біраз нәрсені аңғартқандай.

Тоқталатын тағы бір мәселе. 1930 жылғы көтерілістерге қатысты ресми деректерге сүйенсек, ұрыс қимылдары барысында 389 көтерілісші қаза тауып, 202 адам кейін атылса, 285 адам түрлі мерзімдерге сотталған (қайтпай қалғандары қаншама). Жазалаушылардың шығыны 61 адам. Яғни, адам шығындарын салыстырсақ  9 көтерілісшіге 1 жазалаушыдан келіп тұр. Әрине, бұл бірінші жуықтаудағы талдау ғана. Негізгі айтпағымыз бұл емес. Біз қарға тамырлы қазақпыз. Бір өңірде тұрғандықтан ататек шежіреміздің аса тереңдемей-ақ қиылысатынына күмән келтіруге болмайды. Мыңжылдық құдалығымыз ше? Қаза берсек ең құрығанда жекжат, қарын-бөле шығатынымыз да рас. Бір-бірімізге қару кезендірген жатжұрттық идеологияларға лағнет айтуымыз керек. Сын-қатерлерге иммунитеті мықты, бірлігі жарасқан біртұтас ел боламыз десек «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының аясында топтасуға тиіспіз.

2008 жылы Ақмырзаны ұлықтау  мәселесін ақылдасу үшін Қызылорда қаласында тұратын 84 жастағы елге сыйлы қарияға барғанбыз. Жоспарымызды тыңдап болғасын ол кісі: «Біз Ақмырзаның туысқаны ретінде ұзақ жылдар қудаландық… Жайларыңа қарап, тыныш жүріңдер! Ертең заман ағымының қалай бұрылатынын қайдан білесіңдер…» – деп шығарып салған болатын. Кеңес үкіметі тұсында тыныш жүріп, қарны тоқ болудан өзге құндылықтарды ойламауға қалыптасқан ағамызға не дерімізді білмей, тосылдық. Өкпе айтудың да ретсіз екенін түсіндік. Расында кеңес үкіметі бетке ұстарларымыздан елді тазартып алған соң, жігері жасып, момақан күйге түскен халқымыздың әлеуметтік – материалдық деңгейін белгілі бір дәрежеде көтере отыра, ұлтымызды діні, тілі мен ділінен айыруға шақ қалғаны бүгінгі біздерге ешқандай құпияға жатпайтыны анық.

2009 жылы бір алқалы отырыста өзінің қоғамдағы орнын «ұлт жанашыры» ретінде айқындап жүрген ағамыздың: «Ақмырза батыр емес, діндар. Өз қамын ойлап Кеңес өкіметіне қарсы шықты. Соның кесірінен біраз адам өлді немесе елден безіп кетті. Халық оған әлі күнге лағнет айтады» – деп салғанына куә болдым. Жиынға қатысып отырған зиялы қауым өкілдері, бір-біріне жарыса, бұрынғы партократқа дереу тойтарыс берді. Сырдың намыстан жаралған азаматтарына алғысымыз шексіз. 

2012 жылы орталық газеттердің бірінде жарияланған «Ақмырза ишан» атты мақаламды оқыған тағы бір ағамыздың «сенде қарап жүрмей, қаяқтағы біреуді тауып жазады екенсің…» – деп зекіп тастағаны есімде. Білуімше, ағамыз «Қастерлі Тәуелсіздік» деген сөз тіркесін үнемі айтып отыруды ең  қасиетті парызына балайтын санаткер. Ақмырзаның  бар жазығы еңсені езген кеңестік-отаршылдық  озбырлыққа қарсы тұрып, азаттық жолында қасындағы халықпен жанын пида  қылғаны ғой, сірә. Бүгінгі қол жеткен Тәуелсіздігімізде Ақмырза бастаған Қызылқұм көтерілісінің де үлесі жоқ деп кім айта алады.

Ақмырза ишанның  өр  тұлғасына ғылыми қауымдастық тарапынан да өз дәрежесінде мән берілмей келеді. Арнайы материал дайындалып, ұсынылса да оның есімі «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығы» қоғамдық  бірлестігінің бастамасымен  2014 жылы жарық көрген «Қазақ көтерілістері» энциклопедиясына енбей қалуы – осының жарқын көрінісі.

Жоғарыда айтылғандар негізінде бірқатар тұжырымдар мен қорытындылар жасауға мүмкіндік туды:

1. Ғылым мен ілімнің тылсымын зерттеп – зерделеуді, халықтың сауатын ашып, ағартуды мақсат етіп, адамгершілік пен биік парасаттылықты насихаттауға саналы өмірін арнаған Ақмырза ишанның  ұлт зиялылары шоғырынан алар орны берік. Ақмырза Төсұлы сынды халқымыздың ардақты перзентінің көзін көрген, дәрісін тыңдаған, үлгі-өнеге алған кісілердің сан мыңдаған ұрпақтары қазір арамызда жүр. Оның адамгершілік-парасаттылығы, жәрдем беруге іркілмейтіндігі, сақилығы, қанағатшылдығы, өтірік-өсек пен қызғаныштан аулақ болуы, адал тұрып-жүруі, бойындағы тылсым қасиеттері, суырып салма шешендігі туралы әңгіме-аңыздар ел арасында әлі өшкен жоқ. Қазақ халқы тұрғанда мәңгі өшпейтіні де ақиқат.

2. Кеңестік чекистер Серікбай Жәкеев пен Жылқыбай Құттыбаевтардың өліміне Ақмырза ишанның қатысы жоқ. Бұған бірінші дәлел – тарихта «Қызылқұм көтерілісі» деген атпен белгілі көтерілісті басқарған Ақмырзаның денесін 1930 жылғы 26 наурызда қызылдардың өртеуі. Екінші дәлел – Тереңөзек аудандық советі атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Жәкеевтің 1934 жылғы 2 наурызда «ақ бандылар» қолынан қаза табуы. Үшінші дәлел – Ж.Құттыбаевтың Қарақұм көтерілісін (1930 жылдың наурыз-сәуір, тамыз-желтоқсан айлары)  басып-жаншу кезінде өлтірілуі. Сөзіміз жалаң болмас үшін М.Жұмаділдаевтің  Тереңөзек тарихы  атты кітабынан (Алматы,1996ж.):«…1930жылы Қарақұмда тереңөзектік Жылқыбай Құттыбаев қастандықпен өлтірілді. 1967 жылғы 22 тамызда Тереңөзек кентіндегі саябақта Жәкеев пен Құттыбаевқа ескерткіш орнатылды» -деген үзіндіні келтірсек те жеткілікті.

3. 1930 жылы Сыр өңірінде орын алған ұлт-азаттық көтерілістерге биыл 85 жыл толып отыр. Әйтсе де, отаршыл жүйенің мұрагерлері – кеңес үкіметінің әділетсіз де озбыр саясатына қарсы күрескен тұлғалардың есімін ел есінде мәңгі қалдыру, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу және жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижелерін ортаға салу мақсатында арнайы қоғамдық, ғылыми шаралар өткізу ісіне ресми тұрғыда жеткілікті мән беріле қойған жоқ. Бүгінгі күні бұндай бастамалар көтерілісшілердің ұрпақтары мен ағайындарының еншісінде қалып отырған сыңайлы. Мәңгілік Ел боламыз десек ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан жауынгерлік рухты дәріптеуіміз қажет. Ал бұл ғалымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның жұмысы.

 4. Өзінің саңлақ перзенттерін қадір тұтпайтын бірде де бір халық жоқ.   Кеңестік идеология 70 жыл бойы ұлт рухының өміршеңдігі үшін күрескен өз асылдарымызды тәрк етіп, келімсектерді дәріптеуге мәжбүрледі. Батпандап кірген дерттің мысқалдап шығатыны да талассыз. Десе де, ұлтымыздың бас көтерер тұлғаларын даттайтын кеңестік риторика мен өлшемдерге сыни тұрғыдан қарайтын уақыттың жеткені қашан. Төл тарихымызды таптық сүрлеуден шығарып, ұлттық мүдде тұрғысынан қайта пайымдау үдерісін заңды мәресіне жеткізу – кезек күттірмейтін мәселе. Хас батырлары, қайраткерлері мен зиялылары жоғалмаған халықтың ғана ары мен намысы аяқ асты болмайды, елінің бірлігі мен тұтастығы сақталады. Бұл Мәңгілік Ел болуымыздың негізгі шарттарының бірі.

 

Қали ОМАРОВ,

ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі

http://abai.kz/

[:]