[:kz]
Бұл — Алматы облысы, Панфилов ауданының территориясындағы «Қорғас» шекаралық бақылау пункті. Ел аузында «Қорғастың кольцосы» деп аталып кеткен жер — осы. Бұл жерден күн сайын Қазақстан-Қытай бағытында жүк көліктері өтеді. Әдеткі күнде бұл жерде кезек күтіп тұратын жүк көліктерінің саны 100-ден асып жығылады. Одан әрі 150-200 метр жерде жеңіл көліктер өтетін пост орналасқан.
Өткенде Қазақстанның шекарашылары елге заңсыз жолмен кірді деп тұтқындаған Сайрагүл Сауытбайдың соңынан бір топ журналист Қорғасқа барғанбыз. Сол сапарымыздан көрген мына бір ұятты мәселені жазуға тура келді.
Бұл (суреттегі) — сол Қорғастың шекарасындағы шлагбаумның тап қасы. Шекараның бергі бетінде асхана мен әжетхана тұр.
Әуелі асхана жайлы атайын. Асхана дегеніміз — кәдімгі киіз үй. Мәзірінің бағасына артық сөз айтпаймыз. Асы жылдам дайынболады екен, әрі дәмді. Шекарада күн астына шыжғырылып тұрған жұртқа одан басқа не керек дерсіз.
Иә, шекарада ұзын-сонар кезек күткен жұрт аялдап өзек жалғайтын жалғыз орын — осы. Оның сиқы міне мынандай (суретке қараңыз). Тоз-тозы шыққан, шұрық-тесік, қырық жамау үй. Әбден ескірген. Көрпе-жастықтарының күлімсі исі киіз үйдің ішін алып кеткен. Жұртта бұдан басқа таңдау жоқ, сондықтан жыртық — жамау үйге кіріп ас ішеді.
Одан әрі әжетхана бар. Ұят та болса жазуға тура келеді. Дәрет қысқан жұрт осы дәретханаға барады. Қарны ашып немесе шөлдеген жұрт әлгі «асханадан» өзек жалғап, шөл басады. Басқа альтернатива көрген жоқпыз. «Әжетханасы қандай болса, елінің жағдайы сондай екен» деп ойлайтындар жоқ дейсіздер ме?.. Біреуге айтсаңыз сенбейтін шығар, бірақ, күніне мың-миллионның саудасы өтіп жатқан атақты «Қорғас» кеденінің қасындағы әжет өтеп, ас ішетін жердің түрі мынау…
Ол ол ма, асхананың қасындағы әжетханаға отыра да алмайсың. Есігінің ілгегі жоқ. Әбден шіріп, тозып біткен қаңылтыр. Төбесі жоқ. Яғни, жауынды күні бару тіпті мүмкін емес. Жә, амал жоқ бардың. Онда әжет өтеу процессінің асқанды азаптайтын формасы жайлы тіпті, жазуға жиінкенішті. Бірақ, шындық.
Осы шындықты көріп, мойындап тұрып менің ойма не келді дейсіз ғой? Менің ойыма 2017 жылы 3 миллиард доллар жұмсап, ЭКСПО көрмесін өткізгеніміз келді. 2011 жылы 1,682 миллиард жұмсап, Азияда өтіздік. Анаған миллиард, мынаған миллиард жұмсап жатырмыз. Ол аздай, көрші-қолаңға гуманитарлық көмек деп, миллиондап тағы беріп жатырмыз. Тіпті, Астананың туған күніне 19 миллиард теңге жұмсамақпыз. Сөйте тұра жөнді туалетіміз жоқ. Парадокс. Ендеше құр пафос кімге керек?
Бұл жер екі елдің шекарасы ғана емес, бұл жерден күн сайын қаншама шетелдік азамат өтіп жатыр. Олардың қазақ шекарасын бері аттай бере көретіні: қырық жамау киіз үй мен қаңылтыр туалет. Масқараның көкесі осы емес пе?! Жөнді әжетхана сала алмай жатып, жаһандану озық отыз елдің қатарынан табылудан дәмеліміз-ә?..
Қосымша: Біз Алматы облысының субьектісіне кіретін Панфилов ауданына қарасты Қорғас шекаралық бақылау бекетінде орналасқан жердегі ұсқыны кеткен көріністі сөз қылдық. Демек,бұған Панфилов ауданының әкімі жауап беруі керек. Панфилов ауданының әкімі — Бектасов Темірлан Амангелдіұлы екен. Осы кісі бір шара қабылдайды деп сенейік.
Түйін. Әрине, елдің жағдайын әжетханамен салыстыру — артық та шығар. Дегенмен, жоғарыдағы жағдайды көзбен көрген соң, ащы да болса, осылай жазуға тура келді. Әжетхана дегеніміз — тазалық қана емес, ел мәдениеті мен әлеуметтік тұрмысының нақты көрінісі де болса керек…
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz
[:]