[:kz]
Харьков қаласының жергілікті тұрғыны, этникалық қазақ Олжас Лесбекұлы қазір зымырандардан бүлінген ғимараттарды тазартып жүр. Украинада туып-өскен ол алғашында соғыстың боларына ешкім сенбегенін айтады. Харьковтегі дәл қазіргі жағдайы туралы қандасымыз Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Олжас Лесбекұлы – Харьков қаласында туып өскен. Әкесі – Түркістан тумасы, Совет жылдары Украинаға оқуға келіп, Непалдық азаматшамен шаңырақ көтеріп қалып қойған. Кейіннен мұнда инженер болып жұмыс істеген.
«1999 жылы Харьков қаласындағы сәулет құрылысы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдадым. Әртүрлі мекемелерде жұмыс істедім. Қазіргі кезде жұмыссызбын. Жеке кәсіппен де айналысып көрдім. Соғыс басталмай тұрғанда, коронавирус салдарынан кәсібім алға баспады. Харьков қаласында қазір жұмыс жоқ. Тек супермаркеттер мен базарлар ғана жұмыс істейді», — деді Олжас.
47 жастағы ер азамат Ресей шекарасынан 40 шақырым жерде тұрады. Сөзінше, ең алғаш ресейліктер Украина жеріне басып кіргенде кескілескен ұрыстар үйінің маңында болған.
«Соғыстың болатыны айтылып жүрді. Бірақ оған ешкімнің де сенгісі келмеген. Таңғы бестер шамасында алғашқы зымырандар атылды. Ұйқымыздан оянғанымызда, жаңалықтардан шұғыл түрде соғыс жайлы хабарлап жатты. Жүрегіммен бірге басым да ауырды. Мұндай жағдайға мүлдем сенгіміз келмеді. Барлығы да қорқынышты болды. Төбемізден әскери ұшақтар үреймізді алып ұшатын. Алғашқы күндері бәрі жертөлеге зымырандардан тығылды», — дейді ол.
Олжас Лесбекұлы Украинаның қарулы күштерінің Ресейліктерге төнген қауіпке сақадай сай болғандығын атап өтті.
«Біздің аэродромдарды бомбалағанда барлық ұшақтарымыз әуеге көтерілді. Басқыншылар бос қалған тұрақтарды ғана атқылады. Харьковтегі мен тұратын айналма жолды, Ресей әскерлері торуылдайтын. Сағат сайын біздің әскерилермен атыс болды. Азанда тұрғындар жұмыстарымен шықса, аялдамаларды да атқылап жатты. Мақсаттары тұрғындарды састыру болған ғой. Ұрыстың салдарынан мен тұратын аудандағы үйлердің көбі бүлінді», — дейді ол.
Жау қолында қалғандықтан харковьтықтар қаладан өз күштерімен кетуге тырысқан.
«Харьков облысына әскерлеріміз көп күш салды. Әскерлеріміздің батырлығын ешкім мұндай деп ойламады. Біздің жігіттер Ресейдің ең мықты деген элиталық жауынгерлерін талқандады. Оларды ешкім тоқтата алмады. Украина қарулы күштерін бүкіл әлем мақтан тұтуда. Өйткені олар әлемнің екінші әскеріне қарсы тұрды», — дейді ол.
Олжастың айтуынша, оның көптеген таныстары майданның алғы шебінде жүр. Өзі тұрып жатқан Харьков қаласының қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Бастапқыда басқыншылар Харьковтегі электр станциясын бүлдірген. Қазір бұл олқылықтарды қала мэрі қалпына келтіріпті.
«Қазір балалар мектепке бармай, онлайн түрде білім алуда. Азық-түлік жағынан жетіспеушіліктер бар. Гуманитарлық көмектің басым бөлігі соғыстан азат етілген аймақтарға жөнелтілуде. Тұрғындардың көбі қазір қара жұмыс істейді», — дейді ол.
Бұған қоса ол Харьковте әскерилер қаланы мина, соғыс қалдықтарынан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқанын алға тартты. Ал қала әкімшілігі бүлінген тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіріп жатыр екен.
«Тезірек бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Осының барлығы да қорқынышты түс ретінде бітсе екен. Соғыс украиналықтарды өз туған жерінен кетуге мәжбүрлеуде. Өз түп атамекеніме де тек бейбіт өмірді тілеймін. Ешкім біреуге соғыс ашпай, балалар бейбіт өмір кешсін», — деп жат жұрттағы қандасымыз өз атамекеніне сәлемін жеткізді.
Дайындаған: Қадірәлі Сарыпбек
[:]