[:kz]
«Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалында «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының екінші кезеңі өтті, деп хабарлады Қостанайдан Оразалы Жақсанов.
«Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы жергілікті жерлердегі бастауыш партия ұйымдары қызметін ынталандыруға және белсендіруге бағытталған. Байқаудың бірінші кезеңі партияның аумақтық филиалдарында қыркүйек айында өткізіліп, оған облыстағы 421 бастауыш партия ұйымдарының 186-сы қатысты болатын. Әрбір бастауыш партия ұйымы партиялық жобаларды іске асыруға, ішкіпартиялық жұмысты жандандыруға, азаматтық бастамаларға жол ашуға, БАҚ-да ұйымның қызметін көрсетуге, жастармен арадағы байланысты барынша нығайтуға белсене атсалысты. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған екінші кезеңге 53 бастауыш партия ұйымдары өтті. Әрбір бастауыш партия ұйымның партиялық жобаларды іске асыруға атсалысуы, ішкіпартиялық жұмыстары, азаматтық бастамаларға жол ашу, бұқаралық ақпарат құралдарында бастауыш партия ұйымдары қызметін тұрақты жариялауы, жастармен жұмыс істеу деңгейлері сараланып, арқылы бастауыштың басшысының қызметі бағаланды.
Байқауға қатысушылар комиссия мүшелеріне өздерінің атқарып жатқан қызметтері туралы бейнежазбаларын ұсынды, ал кейбіреулері жұмыстарын кеме макеті, кітап сияқты көрнекі құралдар арқылы көрсетті. Қазылар алқасы үш бастауыш партия ұйымдарының қызметін жоғары бағалап, іріктеп алды. Олар – Рудный қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалынан № 1 шағын аудан БПҰ, «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамының аудандық филиалынан «Құрылыс-құрастыру басқармасы» және осы филиалдың «Трансрудныйавто» ЖШС» бастауыш партия ұйымы. Осы бастауыш партия ұйымдары Астана қаласында өтетін республикалық байқаудың ақтық мәресіне қатынасатын болады.
– Құрметті комиссия мүшелері, біз бүгін сіздермен бірге бастауыш партия ұйымдарының қызметтері туралы тұсаукесерлер мен альбомдарды қарап шықтық. Өткен кезеңдерде өңірдегі бастауыш партия ұйымдары бірқатар игі жұмыстарды атқарды. Бұған бүгін байқау барысында анықталған ұйымдардың жұмыстары айқын дәлел. Бастауыш партия ұйымдарының форумына біздің облыстан нағыз лайықтылар барады деп ойлаймын. Сол сияқты, біз бүгіндері білікті кадрлар даярлауда, «Рухани жаңғыру», «7-20-25» бағдарламаларын іске асыруда және Елбасының жолдауын облыс жастары мен еңбек ұжымдарында насихаттауда бастауыш партия ұйымдары үлкен жұмыстар атқарып жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, барлық бастауыш партия ұйымдары алдағы уақытта да Елбасының бағдарламаларын және Мемлекет басшысының таяуда ғана жариялаған Қазақстан халқына Жолдауын басшылыққа ала отырып, нәтижелі жұмыс атқара беретіндігіне шүбә келтірмейміз. Бүгінгі жеңімпаздарға республикада табыс тілейміз, — деп атап өтті байқауды қорытындылаған облыстық партия ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Жанабай Бисимбаев.
Темірлан АЛМАС
[:]