[:kz]
Қазақстанда жыл басынан бері еттің бағасы 13%-ға қымбаттаған. Алдағы уақытта ет өнімдерінің бағасы тағы өседі деп күтілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
Ақмырза Жанатаев – 10 жылдан астам жылқы, сиыр және қой өсірумен айналысатын тәжірибелі малшы. Ол қазіргі уақытта мал ұстау тиімсіз екенін айтады. Биыл жағдайды шөп пен арпаның тапшылығы қиындатты. Шаруа үшін әр бас алтынмен өлшенеді, бірақ делдалдар келіп, өздерінің ойындағы бағаларды бекітетін көрінеді.
«Делдалдар бізден арзан, келісін 1400, 1700 теңгеден сатып алады. Бірақ олар нарыққа кемінде 2400 теңгеден сатады», – дейді шаруа қожалығының басшысы Ақмырза Жанатаев.
Шаруалар жақын арада 1 келі ет құны 4000 теңге дейін қымбаттайтынына сенімді. Қазірдің өзінде сиыр еті, жылқы еті мен қой етінің бағасы орташа есеппен 13%-ға қымбаттаған.
Ет өнімдерінің бағасы 20%-дан 40%-ға дейін көтеріледі. Мұның басты себебі – жанармайдың қымбаттауы, жем-шөптің тапшылығы. Ауылшаруашылығы министрлігі де осы мәселені алға тартты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлардың қыстан аман шығуы үшін көп мөлшерде жем-шөп дайындауды жоспарлап отыр. Жоспар бойынша 23 миллион тонна шөп қажет. 1 тамыздағы жағдай бойынша 60% шөп дайын. Министрлік сондай-ақ шығындарды төмендету бойынша жұмыс жүргізуде», – дейді ауылшарушылық министрлігінің бас сарапшысы Ғани Жұмахметов.
Бағаның қымбаттағанына қарамастан, қазақстандықтар, етті көбірек тұтына бастаған. Сиыр етіне сұраныс 1%-ға, қой етіне 1,5%-ға өсті. Ет өнімдері бойынша жылқы еті көш бастап тұр. Еттің бұл түріне сұраныс 8 пайызға өскен.
[:]