АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Балаларымыз неге бейбіт күні өледі…»[:]

[:kz]

Кеше 27 наурыз күні Қызылорда облысында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшығандағы бес әскери Талдықорған қаласының тумалары. Олар биыл қаңтар айында ғана Ақтау қаласына ауысыпты. Аға сержант Мұрат ШАРИПОВ 40 жаста, кіші сержант Асхат АБДУЛМАНАТ 37 жаста, ефрейторлар Мирас ЖҰМАТАЕВ 28 жаста, Қуаныш САРҚЫТБАЕВ 33-те,  Айдын ӘБДІЛДАНОВ 41-де екен. Сондай-ақ,  25 жастағы лейтенант Аслан АЙТБАЕВ Алматы облысындағы  Сарыөзек ауылының тумасы. Марқұмдардың отбасымен өңірдегі тілшіміз Ербол ІЛИЯС жолығып қайтқан болатын.

Апатқа ұшыраған тікұшақта болғандардың бірі — 37 жастағы талдықорғандық кіші сержант Асхат Абдулманат. 15 жыл отасқан жұбайы Эльвира АБДУЛМАНАТ пен туғандары қазір қайғыдан қан жұтып, әлі де ес жия алмай отыр. Марқұмның артында 4 баласы қалды. Үлкені 8-сыныпта оқыса, кенжесі енді ғана 4-ке толған. Асхат Абдулманат біраз жыл бойы Талдықорған қаласындағы әуе базасында келісім-шарт негізінде жұмыс істеген екен.

«Міне ұшып келе жатырмыз деп видеосын жіберген. Содан кейін хабарласпай қойды, звондасақ алмайды. Кешкі сағат 11-де келіп хабарлап кетті әскери адамдар. Сенбеймін әлі, сенбеймін баламның өліп қалғанына. Ақтауға ауыстырды деп қаңтардың  1-інен бастап кеткен. Содан міне ар жағы екі-ақ айдың ішінде арманы мен мақсатына жете алмай кетті ғой, құлыным. Қайтем енді?!», — дейді қан жұтқан ана Сақыш БАЙМУРЗИНА. (марқұм Асхат Абдулманаттың анасы)

Ал, 28 жастағы ефрейтор Мирас Жұматаевтың туғандары оның өмірде жоқтығына әлі сене алмай, өң мен түстің арасында отырғандарын айтады. Ғаламторда алғаш тараған марқұмдар тізімінде оның фамилиясы Жұматаев емес, Жұматов деп жазылғанын көріпті. Сөйтіп, мүмкін тірі шығар деген  үміт қылаң берді дейді.

«Самолеттерді жасап, қарап жүретін. Жұмысы сол. Караулға барады. Жаңағы интернеттен оқығанда командирлердің аты, жанындағы балалардың аты бар. Бірақ оның инициалы кеп тұр, ал фамилия дұрыс жазылмапты. Сол кезде Мирас аман шығар деген үміт болды», — дейді марқұм Мирас Жұматаевтың бауыры  Айдын ЖЫЛҚАЙДАРОВ.

Марқұммен туғандары кеше кешкі 5-тер шамаснда соңғы рет байланысқа шыққан екен. «Аман-есен Ақтаудан ұшып шықтық» деген ұлынан одан кейін еш хабар ала алмаған. Анасы жұмыс ауыстырар сәтте ұлының Ақтауға барғысы келмегенін айтады.

Сайлау СЫДЫҚОВА, марқұм Мирас Жұматаевтың анасы: «Бар сеніміміз балалар аман шығар деп ойладық. Балам Ақтауға өз еркінен тыс кетіп еді. Барғысы келген жоқ Ақтауға. Менің де жібергім келген жоқ еді.»

Тікұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі — 40 жастағы аға сержант Мұрат Шарипов. Тілшілерге сұқбат беруден бас тартқан марқұмның туғандары оның соңғы рет Талдықорғанға 22 наурызда келгенін айтады. Артында жесірі мен 4 баласы қалды. Марқұмдардың туғандары арулап ақтық сапарға шығарып салу үшін ұлдарының сүйегін күтіп отыр.

Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ паттың салдары анықталатын тергеу жұмыстарының жүргізілетінін мәлімдеген болатын. Және марқұмдардың отбасына қаржылай көмекте беріледі. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қара жамылған әскерилердің отбасына көңіл айтты. 

Фотолар автордікі.

«Жас алаш»

 

 

[:]