АЛТЫНОРДА
Сот ісі

[:kz]»Балаларымызды ұрып-соғып, азаптап жатыр»: Қаңтардағы қақтығыс кезінде ұсталған жасөспірімдердің аналары жанайқайларын жеткізді[:]

[:kz]

Таразда қаңтардағы қақтығыстан соң тергеуге алынғандардың аналары араша сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Ресми мәліметке сәйкес, шаһарда шеруге шықты деген күдікпен кәмелеттік жасқа толмаған 8 жасөспірім істі болып жатыр. Ал оның әділ тергелуін талап еткен ата-аналар изоляторда балаларын азаптап жатқанын айтады.  

“17 жастағы балалар ІІМ-нің мылтықтары қай жақта тұрғанын қайдан біледі. Бізде заң жоқ”, – дейді ата-аналар. 

Кәмелетке толмағандарға күш көрсетіп жатыр деген ата-аналар балаларын азаптау арқылы қорқытып, қылмыстық істерге қол қойдырып жатқанын айтады. Ирина Спиранская 17 жастағы ұлым көршінің сөмкесін көтерісуге көмек беремін деп 15 жылға сотталатын болды деп жыларман болып отыр. 

“Ұлым Владислав 5 қаңтар күні саябақта көршімді көріп қалып, оның сөмкесін көтеріскен. Ішінде не барын білмеген. Бес күннен кейін полиция ұлымды ұстап әкетті. Мұрнын сындырған, көзін көгерткен. Денесінде аяқ іздері де бар. Органдағылар ұрып-соқты дейді. Оған сөмкедегі қаруды мен ұрладым деп айтқызған”, – дейді Ирина. 

Араша сұрағандар арасында жұбайым жазықсыз деген Тоғжан Тыныштықбай да бар. Келіншектің сөзінше, күйеуі 5 қаңтарда полиция департаментінің алдынан қару тауып алады. Ал сақшылар қаруларды өз еркімен өткізгендер қудаланбайды дегенге сеніп, апарып береді. Сол кезде оны күдікті ретінде қамап қойған. 

“Тікелей әкімге апарып берген. Артынан полиция жіберген. Ешқандай ол қарудан оқ атылмаған. Сол кезде ешқандай да жаза қолданылмайды, өзім жауап беремін, ешкімнің мойнына артпаймыз деп айтып жатқан адамдар қайда?”, – дейді Тоғжан. 

Осындай даулы істерге қатысты аймақ азаматтары шағымы бар аналар үшін қоғамдық қабылдаулар өткізіп, өзара комиссия құрған. 

“Азаптауды доғару керек. Жамбыл облысының прокуратурасына айтарым барлық мәліметтерді ашық көрсетуі керек. Әлі ешқандай мәліметтерді көрсеткен жоқ. Біз қанша адам нақты қаза болғанын, нақты қаламалғандардың санын білмейміз”, – дейді қоғам белсендісі Нұрлан Қанатов. 

Ал Жамбыл облысы полиция департаменті тергеу жұмыстары азаптаусыз, заң аясында жүріп жатыр деп жауап берді. 

“Барлық тергеу әрекеттері қорғаушының қатысуымен жүргізіліп, бейнежазба жасалуда. Дәлелдемелерді жинау, қылмыстық процестік Кодекстің нормаларына сәйкес, қатаң түрде және прокурордың қадағалауымен жүзеге асырылып жатыр. Жалпы алғанда 73 қылмыстық іс тіркелді”, – дейді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов. 

Бүгінде Жамбыл облысында жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 66 адам қамалса, оның 8-і кәмелетке толмағандар. Әлі де ақпараттық ашықтық жоқ деген белсенділер қамауға отырғандар саны еселенуі мүмкін дегенді айтады. 

[:]