АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Баласы бар әйелдің жолы болмас жұмыста[:]

[:kz]

Назым мамандығы бойынша бухгалтер. Бір баласы бар. Қыстың айында қайта-қайта ауыра берген баласы үшін жұмыстан сұранғаны бастығына да, ұжымына да ұнамай жүрген. «Асанның қызуы көтерілді» деп енесі қоңырау шалғанда бастығының көзіне тіке қарап, тағы қалай сұранарын білмей дал болған. Жұмыстан шығарып жібермей тұрғанда ақысы төленбейтін демалысқа шығайын деп жүргенде аяғының ауырлағынан біледі. Сондағы қуанғаны-ай! Бүйтіп сөз етіп, өзін ыңғайсыз сезінген жұмысы құрысын! Болашақта басқа жерге ауысамын деп шешім қабылдады іштей. Ол қайдан білсін, екі балаң бола тұрып жайлы, жақсы жұмысқа тұру оңай еместігін?

Ауладағы көршіммен болған әңгімеден кейін осындай пәлсапалық ойға берілдім. Бес жасар және үш жасар бала тәрбиелеп отырған актриса құрбым есіме түсті. Ол да бірде «Портфолиомды (кәсіби фотосессия кезінде фотолардың жиынтық папкасы-авт.) жіберсем, ұнаймын, кастингке барсам, талантыммен тәнті етемін, ал «екі балам барын» білсе, ұнамай қаламын. Аталмыш рөлге жас жағынан, өмірлік тәжірибем жағынан болсын сай келіп тұрсам да менен жас әрі бала-шағасы жоқ актриса іздеп әлек болады. Сондағы қорқыныштары – түсірілімге толыққанды қатыса алмай, бала жыласа қашып кетеді екенмін. Екі баланы бағып, қарнын аш қалдырмай, киімін кірлетпей өсірген, күйеуін ұсақ-түйекпен мазалай бермейтін, азық-түлікті де өзі таситын, үйді мұнтаздай таза қылып ұстауға тырысатын әйел бір жұмысты дұрыстап істей алмайды деп кім айтты?!» деп қынжылды.

Телевиденияда жұмыс істеген кезім есіме түсті. Ер-азаматтардың дені үйлі-баранды, ал қыз-қырқын жағы күйеуге шықпаған. Олар күндіз-түні қазақ телевидениясы үшін аянбай еңбек етеді. Содан болар, жігітпен танысып, әңгіме жарастыратын уақыттары жоқ. Бастықтар да түскі асты тез ішіп, түнге дейін қалып істейтін қызметкерлерді қатты жақсы көреді. Күйеуге шығып, балалы болып, тоғыздан алтыға дейін отырып еңбектенсе, жұмыс өнбейді деп кім айтты?! Түнге дейін отыратын «еңбекқор» шабыты келмей жүрген, түсте ұйықтап, енді оянған жұмыскер болуы да ғажап емес қой?!

Біз резюмені толтырғанда бәрін бүге-шүгесіне дейін толтырып жазамыз. Туған күні, отбасылық жағдайы, туған жері дегенге қоса қандай руға жататынын жазу ғана қалған сияқты. Шетелде резюме жазу барысында отбасылық жағдай дегенді мүлдем жазбайды. Себебі бұл сұрақтың жауабы маманның қаншалықты кәсібіне адал, еңбекқор екендігін анықтауға көмектесе алмайтын фактор екен.

«Қамшы» сілтейді

[:]