[:kz]
Алматыда 44 жастағы анасы туған қызын балғамен ұрған. Осындай айып тағылып отырған әйел кеше сот алдында жауап берді. Мәлімет бойынша, Анна Иванова қызын 5 жыл бойы ұры-соғып, үйде қамап ұстап, мектепке де жібермеген екен. Жәбір көрген қыз анасының мұндай әрекеттерін мектептегі сынып жетекшісі мен мейірбикеге айтыпты. Алайда сол кезде іс жабылып қалған. Арада 5 жыл өткеннен кейін оқиғаға қатысты қайта іс қозғалып, сот отырысы өтуде, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Туған анасынан жәбір көрген қыздың бет-аузының сау-тамтығы қалмаған. Тергеу мәліметі бойынша, анасы оны балғамен, газдың бұрандасымен ұрған екен. Қаршадай қыздың соққы салдарынан түрі адам шошырлық жағдайға жеткен.
Алайда анасы өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Ол қызына қолының ұшын да тигізбегенін айтып отыр. Ал сарапатама нәтижесі 44 жастағы әйелдің сөзін жоққа шығарды.
«Біз қызды алып кетуге келгенде ол қызды ұрып жатты. Байғұс бала бізді көре сала алып кетіңіздерші деп жылап қоя берді. Бала әбден қорқып қалған. Біздің көзімізді бақырайтып қойып, өтірік айтып тұр ол», – дейді Надежда Барсукова.
14 жастағы қыздың денесіндегі көгерген іздерді көріп, жұртқа жариялаған осы Надежда Барсукова. Алайда қыздың үнемі жәбір көретінін одан бұрын мектептегі сынып жетекшісі мен мейірбике білген. Олар мұндай сұмдықты біле тұра шара қолданбағаны үшін сотта жауап берді. Алайда олар полицияға хабарлағанын, алайда істің жабылып қалғанын айтып шыр-пыр болды.
Ал қыздың анасының сотта өз әрекеті үшін өкінгені байқалмады. Ол өзін еркін ұстап, тіпті, дөрекілік танытты. Белгілі болғандай, ол бұрын да сотты болып, 4 жылын темір тордың ар жағында өткізген екен. Оның 14 жастағы қызынан бөлек, тағы екі қызы бар. Алайда, белгісіз себеппен, тек ортаншы қызын ұрып-соғумен келіпті.
Сондай-ақ, тергеу мәліметінше, анасы қызын далаға да шығармай, бірнеше жыл бойы үйде қамап ұстаған.
Еске сала кетсек, өткен жылдың жазында «НеМолчи» қорының негізін қалаушы Дина Смаилова туған анасы мен әжесі мүгедек қылған қыздың жантүршігерлік оқиғасын баяндап берген еді.
[:]