[:kz]
Қара магия дегенді естігенде ондайдың бар екеніне әрине сену қиын. Алайда, қоғамда болып жатқан түрлі мистикалық оқиғалар сендіруден басқа амал қалдырмайтындай. Оның үстіне сиқырдың бар екенін шариғатта жоққа шығармайды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Балгерлердің былығын ашу үшін тілшілер ғаламторды жарып тұрған, тәуір деген тәуіптерді тауып, жоспарға сай әрекет етті. Арнаның тілшісі жоспар бойынша әріптесін суретке түсіріп, оны балгерге көрсетуі керек болды. Сонымен, тілші айтылған мезетте әлгі тәуіп айтқан жерге барғанда балгер оған былай деді: «Сізді көре алмайды! Осы уақытқа дейін сіз нені қаласаңыз соны алып келдіңіз! Қазір, оңайлықпен келмейді. Жолыңызды жауып тасаған!».
Мына сөздерді естіген тілшінің күлкісінің келгені рас. Ес білгелі ешқашан ештеңенің оңайлықпен келмегенін білетін тілші бұны да өтірік деп, жолын жауып тастаған дегенге сенгендей сыңай танытып көрді. Сөйтіп, ол балгерден «енді не істеміз? Жолын жабайық дегендер бар ма? деп, тәуіптен көбірек ақпарат алуға тырысып көрді.
«Әрине, бірақ мен жаппаймын. Оны қара магиямен айналысатындар істейді. Жарнаманы оқыдыңыз ғой. Мен тек ақ магиямен ғана айналысамын!»,- деп жауап берді балгер.
Сонымен, бұл кездесуден өзі не түйдік. Белгілі болғандай, балгерлер өздерін ақ пен қара деп бөлетін көрінеді. Ақ магиямен айналысатындардың қоғамға еш зияны жоқ-мыс. Ал қара магиямен айналысатындардікі керісінше, жолыңды жабады, ауру қылады, тіпті керек адамыңды аузыңа қаратып қояды. Талдықорғандық Егінбаевтар әулетінің басынан осындай оқиға өтіпті. 16 жыл бұрын Майра есімді осы үйдің отағасын ұл-қыздарынан ажыратып алған.
«Осы оқиға 93 жылдары ма басталды. Сол әйел келіп, әкемді алып кетті. Мысалы, әкем 11 айғынды. Қазір ол оны ешқайсысымен араластырмайды. Шешесімен де, бізбен де, немерелерімен де араластырмайды, ешкімді жолатпайды. Тек әкемді іздеп, хәл-жағдайын сұрап бара қалсақ жанжал шығарады»,- дейді әкесін сағынған бойжеткен.
Егінбаевтар мұның дуа екеніне бек сенімді.
«Бұның дуа екеніне өзінің туған шешесі 95 жасқа келген Қасымхан әжеміз осыдан 10 жыл бұрын айтқан. Әкеңді дуалап, осыдай қылды ғой. Бұған мен 100 пайыз сенімдімін. Айналайын-ау о заманда, бұ заман қазіргі сиқырдың түрлері көбейген. Қара магиядан бастап, басқасын да жасап жатқан адамдар көп»,- дейді ұлы әкесінің дуаланғаны жайлы.
Иә, бұндайды естігенде екі ойлы пікірге тап болатының рас. Сенейін бе, жоқ сенбейін бе деген ойға келесің. Бірақ, ақиқат біреу болып тұр. Өкінішке орай, қара магия деген бәленің бар екені рас.
«Сиқырдың бар екені негізінде Құранда да ашық келген. «Бақара» сүресінде шайтандар адамдарға сықыр үйретіп, кәпір болды делінген»,- дейді ҚМДБ шариғат және фәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлиев.
Ал мұндай зұлымдықтарға кімдер барады өзі.
«Негізі тәуіптерге, балгерлерге баратын адамдар дағдарыс (кризис) уақытында жүгінеді. Адамдар ажырасу кезінде, басына қиындық туғанда, қарызданғанда немесе белгілі бір уақытқа жету жолында жүгініп жатады»,- психолог Ақгүл Молдабекова.
Адамдардың арасында тіпті, баю үшін де сиқырға жүгінетіндер бар. Мысалы, өзін «қара мак» санайтын Злата бірнеше жыл бойы осы іспен айналысып жүр.
«Адамдар көп келеді. Мұндайға жүгінетіндер саны жыл санап өсіп келеді»,- дейді қара магиямен айналысушы Злата.
Бұрын кәсіпкерлер, я байлар бәсекелесін жолдан тайдыру үшін киллер жалдаған, ал қазір бұған жаза қолданылатындықтан ол сәннен қалды. Ал бүгінгілердің сәні «қара магиямен» айналысатындарға жүгіну.
Stan.kz
[:]