АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Балли Мажец Қазақстанға қайтып оралғысы келеді[:]

[:kz]

Шардарада туып-өскен, кейін поляк жігітіне тұрмысқа шығып, Польшаның азаматтығын алған Балжан Наурызбаеваны біздің газеттің тұрақты оқырмандары жақсы біледі деп ойлаймыз. 

Атын Балли Мажец деп өзгерткен қазақ қызының 2015-жылы Польша Президентінің сайлауында үміткер ретінде тіркелгені туралы біз кезінде газетте жазғанбыз. Ол сондай-ақ Қазақстанда болып жатқан түрлі қоғамдық-саяси оқиғаларға ашық әрі батыл пікір айта алатындығымен де елге танылған. Міне, сол Балжан қыздың анасы Аманкүл Наурызбаева кешегі аптада 87 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Анасының қазасын естіген қазақ қызы араға екі күн салып туған еліне келді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, біз ол кісімен сұхбаттас болдық.

«Мен көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін, – деп бастады әңгімесін ол. – Анам жеті перзентті өмірге әкелген. Әкем марқұм 1937-жылғы ашаршылықты, репрессияны, Ұлы Отан соғысын бастан өткерген. Өмір­ден ерте өтті. Анам екеуі бәрімізді оқытты. Бар жақсыны аузымызға тосты. Ештеңеден кем еткен емес.

Тағдырдың жазуы солай болған шығар, мен поляк жігіті Поляк Мажецке тұрмысқа шығып, сол елге қоныс аудардым.  Шет елде тұрғасын туған-туыстармен қарым-қатынас та сирей беретіні белгілі. Олармен соңғы он жылда мүлдем хабарласпадым десем де болады. Себебі Қа­зақстандағы кейбір кісілерге менің туған жеріме келуім жайсыздық туғызды. Олар­ға менің шындықты тіке айтатыным жақпай қалған сияқты.

Мен анамды соңғы рет 2005-жылы Алматыда көрдім. Менің сонда өтетін бір жиын­ға келетінімді естіген анашым арнайы іздеп барған екен. Көп сөйлесе алмадық. Менің аман-есендігімді көріп, көзіне жас алған анам: «Құлыным, қайда жүрсең де аман бол! Өзіңе, бала-шағаңа абай бол. Жүрегім де, тілегім де өзіңмен бірге», – деп қоштасып еді. Содан кейін тағы үш жыл байланыса алмадық. 2008-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламент Ассамблеясының тарапынан Астанада өткен сессиясына келіп, телефон шалып едім: «Айналайын, бізді тірі жүрсін десең енді хабарласпа! Бізді уайымдама. Іздеме де. Әлдекімдер біздің сені­мен мүлдем байланыспағанымызды қалайды. Соларға қарсы шығып баспанамыздан айырылып, далада қаңғып қалғымыз келмейді. Тірі жүрсең болды», – деп тұтқаны қоя салды. Сол сәттегі менің қиналысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көкірегім қарс айырылды».

Балли Мажец сол кезден бері анасымен де, тіпті бауырларымен де хабарласпаған. Олар да мұ­ны іздемепті. Енді, міне, ту­ған бауыры анасының қа­засын естіртіп, мүмкіндік болса келуі керегін айтқан.

«Анамның бұл өмірден өткенін естігенде есеңгіреп қалдым, – дейді қандасымыз. – Көз алдымнан ол кісінің жап-жас кезі, бізді бауырына басып еркелеткен күндері зуылдап өтіп жатты. Бір сағаттай отырған орнымнан тұра алмай, әбден жыладым. Содан соң есімді жиып, ертерек ұшаққа билет алмақ болдым. Бірақ бәрі біз ойлағандай болма­ды. Әуежайдағылар: «Сізге елден шығуға рұқсат жоқ екен. Сондықтан билет сата алмаймыз. Алдымен елшілікке барып, осы мәсе­лені шешіп алыңыз», – деп айтты. Бірақ мен елшілікке барған жоқпын. Олармен сөз таластырып, ненің не екенін анықтап тұратын шамам болған жоқ. Әуежайдағыларға анамның қайтыс болғанын айтып жүріп әрең дегенде Мәскеуге дейін билет алдым. Ол жақтан Алматыға дейін, Алматыдан Шымкентке дейін ұшақпен жеттім. Жол алыс, әрі әлгіндей қиындықтар туын­дағасын жаназаға үлгере алмадым. Бірақ басына барып, құран оқып, рухына тағзым еттім. Қанша жылдан бері еш хабарсыз кеткен бауырларыммен көрісіп, шер тарқаттық».

…Балли Мажец бүгінде күйеуі Полякпен бірге екі ұл тәрбие­леп отыр. Олар Варшава қаласында тұрып жа­тыр. Ал Балли қазір Алматы қаласында, белгілі қоғам бел­сендісі Бақытжан Төреғожи­наның үйінде екен.

«Қазақстанға визасыз келгенмін ғой. Маған мұнда небәрі 30-ақ күнге қалуға рұқсат. Сондықтан қазір Сыртқы істер министрлігіне, Көші-қон полициясына осы жақта қалуға рұқсат сұрап өтініш жазып­ жатырмын. Анам марқұм өмірден өтерден алдын балаларына: «Қызымды қатты сағындым. Хабар бе­ріңдер, келсін. Көрейін. Егер көре алмай қалсам, оған елге келсін деп айтыңдар. Туған жеріне көшіп келсін, оның білімі мен біліктілігі еліне де керек. Қарайласып жүріңдер», – деп өсиет еткен екен. Сол кісінің тілегін орындасам дей­мін. Көші-қон мәселесі оңынан шешіліп жатса, көшіп келемін. Менің бұл шешіміме жолдасым да, балаларым да қарсы емес. Әйтсе де олар туған жерлерін тастап кетуге қимай отыр», – дейді Балли Мажец.

…Шардарадан шыққан қазақ қызының алдағы жоспарлары әзірге осындай болып тұр. Біз ол кісіге анасының қайтыс болуына орай қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

С. КЕНЖАЛИЕВА

Zamana.kz

[:]