АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Бар арманым – баспаналы болу», – дейді мүмкіндігі шектеулі жан[:]

[:kz]

 

 

 

 

 

 

 

Тараз қаласының тұрғыны Айнұр Жамалба­еваның басындағы жағдай туралы бүгінде жұртшылық біледі. Өйткені ол жөнінде кезінде телеарна арқылы, «Айтуға оңай» бағдарламасында көр­сетілген. 

Бала кезден 1-топ мүгедегі, бойы 98 сантиметрден ары өспей қалған жан қатардан қалмау үшін әрекеттеніп, ұмтылумен келеді. Таяу­да біз онымен хабарласып, хал-ахуалы жөнінде сұрадық.

– Айнұр, қазіргі жағдайыңыз қалай? Қайда тұрып жатырсыз?

– Дәл бүгінгі күндері Алматыдамын, ұлым екеуміз осындағы құрбымның үйіндеміз.

– Естуімізше, сізге Тараз қаласынан үй берілген сияқты еді…

– Иә, басшылар бұрын жатақхана болған үйден уақытша тұруға бір бөлме бергізген болатын. Баспаналы болғаныма қуанып, есік-терезелерін өзім орнатып алған едім. Бірақ онда қазіргідей кезде тұру тіпті де қиын.

– Неге?

– Жылыту жүйесі нашар, үй суық, тоңамыз. Едені бетондалған. Жуынуға жылы су да жоқ. Тамақ пісіруге газ пешін қолданамыз. Қабырғалар көгеріп кетеді ылғалдан. Созылмалы бронх астмасымен ауыратыным бар, сондықтан онда қыс кезінде тұру тіпті қиын. Ұлымның денсаулығын да уайымдаймын.

– Ол да ауырып жүр ме еді? Өзі қаншада? Әкесі бар емес пе, ол қайда?

– Ұлымның жасы 7-де. Әкесінен әзірге пәлендей көмек жоқ. Жағдайымыз болмағасын баламды мектеп-интернатқа орналастырған едім. Дәрігерлер оның бір көзі нашар көретінін айтқан. Емдетуге қазір шамам келмей жүр. Бұл үшін бізге қаржылай жәрдем беретіндер болса екен деймін. Адамға ең бірінші денсаулық керек қой, балам дені сау азамат болып өссе екен деймін.

– Өзіңіз үй алу кезегіне тұрған ба едіңіз?

– Үйдің кезегіне 2011-жылы тұрғанмын, бірақ оның жақындайтын түрі жоқ. Тиісті мекеме адамдарынан сұрасам, салынатын үйлерден, кезегің жеткенде аласың дейді. Оған дейін кемінде оншақты жыл өтетінін айтады. Соны естігенде тығырыққа тірелгендей күй кешем. Уақытша болса да әйтеуір баспанам бар ғой деп те шүкіршілік етемін ғой, бірақ оның сиқы анадай…

– Айнұр, өзіңіз жайлы, туып-өскен ортаңыз туралы айтыңызшы.

– Мен Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Бостандық ауылында туып-өскенмін. 8 ағайындымыз. Әке-шешем қайтыс болып кеткен. Қара шаңырақта ағам тұрады.

– Бауырларыңыздан көмек жоқ па?

– Шынын айтқанда, ешқайсысының да жәрдемдесуге жағдайы келмейді. Әрқайсысы әр қалада тұрып жатыр пәтер жалдап. Көмектеспеймін демейді ғой, бірақ өздерінен артылмайды.

– Жәрдемақы алатын шығарсыз, ішіп-жемге жетеді ме әйтеуір?

– 46 мың теңге «пенсиям» бар. Өмір болғасын тамаққа, киімге, дәрі-дәрмекке… анау керек, мынау керек дегендей, жеткізу қиын. Әйтеуір әупірімдеп күн кешіп жатырмыз.

– Мамандығыңыз қандай еді?

– Мен мектептен кейін оқи алмадым. Кезінде Тараздағы политехникалық кол­леджге түскен едім, бірақ жағдайым келмей, оқуды тастап кеттім.

– Қазіргі ең басты арманыңыз не?

– Үйлі болу ғой, әрине. Өзімнің жеке баспанам болса, ұлымды қатарынан қалдырмай өсірсем екен деймін.

P.S. Тараздық Айнұр Жамалбаевамен арада осындай қысқаша әңгіме болды. Жағдайын тәптіштеп сұрап, оны газетке жазып отырғанымыздың себебі – қиын жағдайда жүрген ол туралы көпшілік жұрт білсе екен дейміз. Дені-басы сау кей азаматтардың өзін тығырыққа тіреп қойған мына заманда мүмкіндігі шектеулі, арқасүйер ешкімі жоқ жас ана тұрмыс тауқыметін шегіп, қиналып жүр. Мүмкіндігі бар, мейірімі мол жандардың оған да көзі түссе екен, қаржылай қолдап, көмектессе екен дейміз. Сондықтан бұл мақаланы оқыған адамдарды Айнұрға жәрдем қолын созуға, сауапты іске атсалысуға шақырамыз.

Т. ТҰРАН.

Айнұр Жамалбаеваның байланыс  телефоны: 8-771-235-91-83.

Zamana.kz 

[:]