[:kz]
Белгілі тележүргізуші марқұм Бейсен Құранбектің әжесі де өмірден өтті. Қаралы хабар туралы журналистің досы Серік Әбікенұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. «Ғасыр жасаған, аштық, қуғын көріп аман қалып, бір әулеттің саясы болған апамыз қайтты.
Бейсекең өстіп құшақтап, «Апа-ау, ақынның баласы келді!» — десе қос қолын созып маңдайдан сүюші еді. Одан кейін бата беретін.
Баршаның тілеуін тілеп отыратын. Апа үшін Бейсені командировкада жүр. Иманды болыңыз, апа», — дейді Серік Әбікенұлы. Оның сөзінше, әжейдің бүгін сағат 10.00-де, Қызылжар ауылында жаназасы шығарылмақ. Еске сала кетейік, 2020 жылдың 18 мамырында танымал журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері, алаштың арыстай азаматы Бейсен Құранбек 49 жасына қараған шағында өмірден өтті.
Оның қазасы қазақстандықтар үшін ауыр тиді. Танымал адамдар тележүргізушінің жақсы қасиеттерін тілге тиек етіп, естеліктермен бөлісті.
19 мамырда Талдықорған қаласындағы «Журналистер үйінде» Бейсен Құранбекпен қоштасу рәсімі өтті. Орны толмас қазадан бір айға жуық өткен соң белгілі тележүргізушінің анасы да өмірден өтті. Ал өткен жылдың қыркүйегінде Бейсен Құранбектің асқар тау әкесі Абай Құранбеков те дүние салды.
Айта кетейік, Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысының Қызылжар ауылында туған. 2013-2017 жылдары Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы көпшілікке танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан Ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасының тізгінін ұстады. Сонымен қатар журналист Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры қызметін де атқарған.
[:]