[:kz]
Сымбат есімді қазақ келіншек күйеуінен теперіш көріп келгенін айтады. Қызғаншақ азамат әйелін үнемі ұрып-соғып қызғанатын көрінеді. Жүкті кезінде де құрсағынан теуіп, малға салатын енді арқасына басқан екен.
Бұл туралы «Кел, татуласайық» бағдарламасында айтылды.
Сымбат жастайынан күйеуге шыққан. Қытайдан келген қазақ жігіті өзінен 13 жас үлкен еді. Көп уақыт өтпестен қыз бала өмірге келді. Алайда күйеуі қыз емес, ұл бала керек деп ұрып-соққанын айтады. Бұл туралы Сымбаттың өз анасы айтып берді.
«Бастапқыда маған ұл керек, ұл туып бермеді деп қызымды ұрды. Кейін екіншісін көтергенде де ұрып-соғып, ауруханаға түскен кезі болды. Ұлы өмірге келсе де, қызғануын қоймады. Қызымды текке айыптайтын», -деді Бақытгүл апай.
Сымбаттың айтуынша, екінші баласына жүкті кезінде күйеуі ұрып, соның салдарынан ұлының қолы сынып туған.
«Балам өмірге келген соң қолы сынғанын байқадық. Ұлымның іште жатқанда қолы сынған екен. Кейін орнына салдыртсақ та, қайта-қайта шығып кетіп жүрді. Оған әкесінің ұрғаны себепті болып отыр», — дейді келіншек.
Сымбат күйеуінің өте қызғаншақ болғаны айтады. Тіпті малға салатын енді қыздырып арқасына басқан.
«Қызым маған ешнәрсе айтпайтын. Ұрып-соққанын да, басқасын да. Бір күні арқасындағы жараны көріп қалдым. «Темірмен «С» деп таңба басқан. Бастапқыда жара деп ақталды. Кейін күйеу баламның өзі мойындады. Оны аты Серік. «Серіктің әйелі» деп жазайын деп едім жазылмады деді. Белінің тұсына басқан. Оны көрген еркектер әйелі бар екен деп қарамайтын болады деді. Осыдан соң да олар бір жыл бірге тұрды. Бәріне көнді. Айырмайын деп талай өзім табыстырдым. Бірақ менікі қателік болыпты», — деді ол.
Ана мен баланың сөзін оның көршісі растады. Бағдарламаға хабарласқан әйел Сымбаттың жақсы әйел екенін, күйеуі жөнсіз қызғанғанын, жаман жігіт екенін айтып шырылдады.
«Сымбаттың айтып отырғанының бәрі рас. Күйеуі долы жігіт еді. Күнде ұрып, айқайлатын жататын. Көрші тұрған соң кімнің кім екенін білеміз. Анасының да еш кінәсі жоқ. Ондай адаммен тұру мүмкін емес. Сымбатты жап-жас күйінше күйеуге берді. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз еді»,- деді Гүлжамал есімді бұрынғы көршісі телефон арқылы берген жауабында.
Сымбат 2008 жылы тұрмысқа шыққан. Ортада Рауан, Жалғас есімді бір ұлы мен қызы бар. 3 жылдан соң жолдасына төзе алмай ажырасып кеткен.
[:]