[:kz]
Бірде Алматыдағы Аграрлық университетке барып едім, кіреберістегі күзетші Мухтар «шетке тұрыңыздар!..» деп, бір шетке ығыстырды. Дәлізде ешкім жүрмеуін қадағалап, «кабинетке кіріңдер!..» деп, коридорды жанталаса он секундта «тазалап» тастады. Не болғанын түсінбей тұрып қалдым. Құдды бір террорист кіріп кеткендей қорқады екенсің…
Бір шетте бүрістік те қалдық.
Сөйтсек, бастық шығып бара жатыр екен… Бастық коридормен кіргенде, шыққанда, жолында ешкім тұрмау керек екен. Кең коридорда жалғыз өзі алшаң басып кіріп, талтаң басып шығу керек екен. Қасында портфелін көтерген көмекшісі мен денеқорғаушысы (телохранитель)…
Бүгін дәл осындай көрініс Алматы қалалық ІІД-де қайталанды. Кіреберістегі күзетшілер «Шетке ығысыңдар!.. Жол беріңдер!..» деп, інім екеумізге зекіді. Жол беретіндей, жолды бөгеп тұрған жоқпыз. Кімге жол беруіміз керектігін де ұқпай, алақ-жұлақ қарап қоямыз. Өзім тергеушіге звондап, келгенімізді айтып тұрған едім. Күзетшіге «кімге жол бер дейсің?» десем, «бастық келе жатыр, шетке тұрыңыздар» дейді.
— Бастық құдай ма, Пайғамбар ма? Пайғамбардың өзі адамдардың ортасында жүрген. Не болды сонша, Назарбаев келе жатқандай?!. Еуропада президенттердің өздері қара базарда, қара халықтың ортасында жүре береді… Не болды, сонша бастық-бастық деп өліп кете жаздайсыңдар…. Өте берсін, кең жерге сыймай ма?..» десем:
— Тәте, бізге несіне ренжисіз, бұйрық солай…-дейді.
Солай айтысып үлгергенімізше, бойы бір қарыс, қарны салпиған біреу талтаң басып қақпаның қақ алдында тұрған аппақ су жаңа шетелдік қызмет көлігіне отырып кете барды…
Ең үлкен бастықты танимын ғой, сол болса да мейлі дейсің….
Мынау қай бөлімнің бастығы екен…
Жалпы, осы құбылыс — бастық ғимаратқа кіргенде-шыққанда маңайда, коридорда ешкім болмау керек деген «заң» қайдан шыққан? Әлде бастықтың бәрі халықтан қорқа ма???
Фейсбуктегі парақшасынан
alashainasy.kz
[:]