АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Басы алтын болса да өз қандасыңа жетпейді[:]

[:kz]

20161209_124454Бұрын Шымкентте «Қарттар және мүгедектер үйі» деп аталған мекеме болатын. Ол өткен жылдан бастап «Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту, 

ұйымдастыру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №5 арнаулы  әлеуметтік  қызметтер көрсету орталығы» деп өзгерген. Онда баратын жері жоқ, қараусыз қалған адамдар тұрып жатыр. Кешегі аптада біз осы орталыққа барып, сол жердің тыныс-тіршілігімен танысып, жатқан адамдардың біреуін әңгімеге тарттық.

«Мен ұзақ жылдар лауа­зымды қызмет атқарып, елге қызмет еттім, – деді  Бүркіт Мамырбаев есімді азамат (суретте). – Балалар Ресейге кетіп қалғандықтан туыс­қандардың үйінде жүріп едім. Біреулер Қарттар үйінде барлық жағдайың жасалады деген соң 2014-жылы осы жерден қоныс таптым. Расында жақсы екен. Тегін тамақ, таза төсек-орын. Сырқаттансаң тегін ем жасайды. Жылына демалыс орындарына да жіберіп тұрады. Әулиелі жерлерге зиярат жасаймыз.

Өзім Келес өңірінің тумасымын. Мамандығым инженер-энергетик. Орыс сыныбын бітіріп, Алматыда жоғары білім алдым. Үлкен зауыттарда, мекемелерде цех, бас­қарма бастығы қызмет­терін ат­қардым. Бірақ отбасылық тәрбием қазақша болды. Өзім орыс қызына үйлендім. Үйленерде ата-анама келіндеріңіз қазаққа айналады дедім.

Бүгінде ел тәуелсіздік ал­ғанына 25 жыл толса да бір ауыз мемлекеттік тілді білмейтін қазақ шенеуніктер толып жүр. Менің әйелім үйге келгеннен соң екі күнде шай ішесіз бе деген сөзді үйренді. Қазақша-орысша сөздік әкеліп бердім. Соның арқасында 2-3 айда сексен пайыз қазақша сөйлейтін болды. Ислам дінін қабылдады. Сәлем салып, үлкеннің де, кішінің де есімін атамай, ат тергеуді үйренді.

Үлкен ұлымды қазақ мектебіне жетектеп барғанда мұғілімдер орыс әйелдің баласын қазақ сыныбына бергеніне таңқалыпты. Ол кезде қазақтардың барлығы балаларын орысша оқытуға ұмтылатын, ал біз қазақша оқыттық.

Қазір қазақтың жігіттері басқа ұлттың қызын алса да, қазақ қызы басқа ұлттың жігітімен тұрмыс құрса да сол тілде сөйлеп, балалары сол тілде тәрбие алатын болды. Басқалар олай істемейді, неге бізде солай? Әлде қазақ қытайлар секілді еліне, жеріне симай жүр ме? Біз ұлттың қаны таза болсын десек, қанша жақсы, сұлу болса да бас­қа ұлттың қыз-жігіттеріне қызықпауымыз керек. Мен мұны өз басымнан өткен тәжірибеден айтып отырмын. Басқа ұлттың қыз-жігіттерінің басы алтын, ақылды болғанымен өз қазағыңа жетпейді екен. Осыны кейінгі жастар білсе деймін.

Мен қызметте жүргенде әйелім қазаққа айналды. Бірақ тоқсаныншы жылдары елдің барлығы мойындарына ала дорба арқалап, күнкөріс қамына түскенде әйелім де сол жолды таңдады. Ақыры балаларды алып Ресейге кетіп тынды. Егер ол қазақ болғанда туған жерден кетпес еді ғой. Мен қазақ болам, ислам дінін қабылдаймын деп сөз берген басқа ұлттың өкіліне үйленіп қателестім. Қазір балаларым Ресейде, көп араласпаймыз.

Әрине, қызметте жүргенде жалғыздықты сезінбедім. Қайда барсам да күтті, жағдайымды жасады. Үй, жатақханамен қамтамасыз етілдім. Бірақ өмір орнында тұра бермейді екен. Зейнет­керлікке шыққанда, баратын жер азайды.  Өзіммен туысқан ағам және інім де бар. Бірақ оларда қанша жүресің? Бір апта, бір ай қонақ боласың, ақыры кетуге тура келеді. Мен жастайымнан өз жағдайымды өзім жасап, артық сөз естімеген адаммын. Біреудің үйінде олай бола ма? Келіннің қабағына қарауға тура келеді.

Кейінгі жастардың барлығы кезінде өз қолымнан шыққандар. Талайының жағдайын жасап, үйлендірдім, жұмысқа тұрғыздым, баспана иеленуге көмектестім. Ағайынға жасаған ол жақсылығымды міндет қылмаймын. Бірақ оларға қарап қалай жалтақтаймын? Ондай менің қанымда жоқ.

Біреулер маған сөйлемесе де баласына, әйеліне ұрсады, ұрады. Сол мені жақтырмағандықтан жасалып жатқан секілді көрінеді. Қой дейсің, араша боласың. Оны түсінгендер де болады, түсінбесе бекерге ренжіп, көңілің қалады. «Өзіңнен тумай ұл болмас» деген осы да, сондықтан ағайынмен алыс­тан сыйласқан дұрыс деген ұйғарымға келдім.

Мен өткен және қазіргі өмірімді жария қылған емеспін. Бұрын басқа журналистер келгенде сұхбат бермегенмін, берсем де атымды өзгертіп айттым. Тек «Замана» газеті өзімнің сүйікті газетім болғандықтан кейін­гілер біздің қателік­терімізді жасамасын, одан сабақ алсын деген оймен бар шындықты айтып отырмын.

Жасым 78-де болғандықтан мені барлығы сыйлайды. Өзіме жеке бөлме берілді. Күніге төрт рет тамақтанамыз. Барлығы тегін болғандықтан зейнетақым жиналып жатыр. Орталықтағы мәдени-тұрмыстық комиссия­ның мүшесімін. Барлық жағдайым жақсы, соған қарамастан бұл жердің соңғы қариясы мен болайын деген тілек айтқым келеді. Әр қария өз отбасында, неме­релерінің ортасында отыр­ғаны дұрыс қой. Кейде әйелді өзіміздің қазақтан ал­ғанымда бүгін мен осы жерде отырмас едім-ау деген ой келеді. Сондықтан болашағын ойлаған жастар қазақ қызына үйленіп, қазаққа тұрмысқа шықсын дегім келеді».

…Бұл мекемедегілерден сұрастырып білгеніміз, соңғы кездері мұнда қазақтардың саны күрт көбейіп барады екен. Бүгінде олар шамамен 80-90 адамдай болған. Бес-алты өзбек пен татар ұлтының өкілдері бар екен. Кавказдықтар мүлде жоқ.

Сонда қарияларымыз Қарт­тар үйін паналап жатса, біздің жетім мен жесірін жылатпаған, қариясын қастерлеген қазақпыз деп мақтанғанымыз қайда қалды?

Ұ. ҮМБЕТ

www.zamana.kz

[:]