[:kz]
Адвокат кейбір блогерлік жарнама халықты қаржылық шығынға әкелетінін айтты.
Алматылықтар танымал тележүргізуші мен вайнерлер жарнамалап жатқан қаржы пирамидасына шағымданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы тұрғыны Сәкен Нұрахметов Instagram әлеуметтік желесінде түрлі блогерлер парақшасына тіркелгенін айтты. Олардың бірінің парақшасынан ол Mudarabah Capital компаниясына «тиімді ислам инвестициялары» туралы бейнеролик көрген. Жарнама видеосына вайнер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзім Саидбаев түскен.
«Өзім діни көзқарастағы адаммын, сондықтан жарнамалап жатқан адамдар адал және неге компанияға ақша салмасқа деп ойладым. Astex.kz компаниясымен келісімге қол қойдым, ол Mudarabah Capital өкілі. Шарттары былай болды. Мен бес миллион теңге саламын, ал компания оны бизнесті дамытуға: «Самұрық-Қазына» тендерлеріне және мемлекеттік сатып алуларға бағыттайды.
Олардың айтуынша, табысым әр 32 күн сайын 350-450 мың теңге болады. Бірақ 32 күннен кейін мен пайда таппадым. Сондықтан салынған қаражатты қайтаруды талап еттім. Алайда менеджерлер әлі күнге дейін ақша басқа жобалар жүзеге асқаннан кейін берілетінін айтып келеді. Мен әлі табыс көрмедім. Бірақ сабақ алдым: инвестициялар, тауарлар, шұжықтар мен емдік шөптердің жарнамасы тек Instagram-да әдемі. Жарнама берушілердің өздері ғана одан ақша табады», — деді ер адам.
Осыған байланысты Сәкен Нұрахметов заңгер Динара Жұбатоваға кеңес алуға жүгінген. Олар бірге арыз жазып, Алматы Полиция департаментіне жіберген. Адвокат кейбір блогерлік жарнама халықты қаржылық шығынға әкелетінін айтты.
«Еліміздегі ең тиімді жарнамалардың бірі — әлеуметтік желілерде. Жарнама нарығындағы алдыңғы орын Қазақстан халқының 49,5 пайызы қолданатын «Инстаграмға» тиесілі. Бірақ блогерлік жарнама кейде халықтың қаржылық шығынға ұшырауына әкеледі», — деп жазды заңгер Динара Жұбатова Facebook-парақшасында.
Сонымен қатар, Mudarabah Capital компаниясының басшылығы өзінің Instagram-парақшасында болған оқиғаға түсінік берді.
«Біз ASTEX компаниялар тобының агентіміз. Компания болғандықтан Astex.kz ақшаны клиенттерге қайтармауына байланысты 2 наурызда компания қызметін аудиторлық тексеруді бастады. Біз ақша ASTEX компаниялар тобына кіретін тендерлік компанияларға инвестицияланды деп болжап отырмыз. Аудиторлық есепке сәйкес, Astex.kz ақшаның көп бөлігін осы топқа кіретін төрт тендерлік компанияға жіберген.
Бүгінде Astex.kz басшымен байланыс жоқ. Оларға жіберілген хаттар жауапсыз қалды. Осыған байланысты біз полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовке, сондай-ақ Алматы прокуроры Берік Жүйріктаевқа болып жатқан барлық мән-жайды анықтау үшін өтініш беруге мәжбүр болдық. Олардан осы жағдайды бақылауда ұстауды сұраймыз», — деді компания өкілі.
Сондай-ақ, Желіде тағы бір бейнеролик пайда болды, онда белгілі тележүргізуші Баян Алагөзова ASTEX компаниясын жарнамалағаны көрінеді. Видеода ол өз ақшасын салу мәселелерінде осы компанияның құрылтайшылары — ағасы Алмас пен Шыңғысқа сенім артатынын айтқан.
«Бұл Қазақстандағы жалғыз компания, соның арқасында тендерлік жобаларға инвестиция салып, тәуекелсіз ақша табуға болады», — деді Алагөзова жарнамалық роликте.
Алматы полиция департаментіндегілер де жағдайға түсінік берді. Құқық қорғау органдары мәліметі бойынша, факт «қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша тергеліп жатыр.
«27 сәуірде бес адам екі компанияның басшылығына қатысты өтініш білдірді — Astex.kz және ACD Technology. Олар ақшалай инвестициялар есебінен тендерлерден пайда табуға уәде берген. Аталған факт Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Қазіргі уақытта мән-жайын анықтауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», — деді ПД баспасөз қызметі өкілдері.
[:]