АЛТЫНОРДА
Социологические опросы

[:kz]«Бекболаттың сайлауға түскенін қалаймын»: Өнер адамдары сайлау туралы не айтты?[:]

[:kz]

 

Бірақ, әзірге жүйені бір қалыпқа келтіріп жатқандықтан Тоқаевтан ешкім асып кете алмайды деп топшылаймын.

Өнер адамдары, шоу-бизнес өкілдері президент Қ.Тоқаевтың кезекті Жолдауы мен биыл кезектен тыс өтетін президент сайлауы туралы не ойлайды? Өнер адамының сайлауға түскенін қалай ма? Кімді президент ретінде көргісі келеді?

NEGE тілшісі ел алдында жүрген өнерпаздарға хабарласып, сайлау туралы пікір сұрады.

Жанар Дұғалова, әнші:

– Жанар, 1 қыркүйектегі Жолдауды көрдіңіз бе?

– Естідім, бірақ өз басым көрген жоқпын.

– Кезектен тыс президент сайлауы биыл күзде өтетінін естіген боларсыз?

– Кешіріңіз, Кореядан келген бетім еді. Аллергиядан өне-бойым қышып, мазам болмай ауырып отырғаным. Сау болыңыз, кейін хабарласармыз.

Талғат Жорабаев, әнші:

– Әрине, жолдау өткенінен хабардармын.

– Сайлау мерзімінен бұрын өтетінін қалай қабылдадыңыз?

– Қалыпты қабылдадым. Өйткені кезектен тыс сайлау өткізу дегенге үйреніп қалдық қой.

– Ел азаматы ретінде осы Жолдауға қандай да бір алып-қосарыңыз бар ма?

– Тек Президенттің айналасындағыларға айтар өтінішім бар.

– Ол қандай өтініш?

– Жұмыс істеңдер!

Бекжан Тұрыс, актер:

– Шынымды айтсам Жолдауды тыңдамадым. Себебі, сапардан келген бетім осы еді.

– Алда сайлау науқаны келе жатыр. Президент сайлауына өнер адамының түскенін қалайсыз ба?

– Лайық  адамды көріп тұрған жоқпын. Осы кезге дейін ұлттың жоғын жоқтап,  сөзін сөйлей алмаған өнер адамдарынан қандай президент шықсын?!

Бұрын халық жазушыларға өзінің қалқаны ретінде қарайтын еді. Қазір елде не көп – ақын-жазушы көп. Бірақ солардың тым құрығында отызының басы қосылып, жұрттың  жағдайын айтып, талқылап жатқанын көрген емеспін. Сондықтан кімге үміт артайын?..

Айгүл Үлкенбаева, күйші:

– Жолдаудың өткенін білемін. Бірақ өзім үйден жырақ, алыс сапарға шығып кеткен соң, онда не айтылғанымен танысатын мүмкіндігім болмады. Бірақ, бұдан былай президент бір мерзімдік сайлауға ғана қатыса алады дегенін естідім. Бұл әлемдік қағидатқа сай келетін үрдіс болғандықтан, қуандым.

– Тоқаев өзінің кандидатурасын ұсынуға дайын екенін айтты. Мұны құптайсыз ба?

– Әрине, ешқандай қарсылығым жоқ. Сайлауға тағы түссін, бағын сынасын. Себебі, «Жаңа Қазақстан жасаймын» деген уәдесіне қара халық сенім артып отыр. Сол бастамасын жүзеге асыру мақсатында ол кісіге бір мүмкіндік беру керек шығар.

Жеңіс Ысқақова, әнші:

– Жолдауды жартылай тамашаладым. Мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсарту жайлы айтқан үндеуіне риза болдым.

– Өнер мен мәдениетке қатысты неге ештеңе айтылмады?

– Расында мәдениет пен өнердің айналасында бір ауыз сөз болар деп күтіп отырған едім, аяқасты бір жаққа кету керек болған соң экран алдынан тұрып кеттім. Әйтсе де айтарым, алдымен денсаулық пен сапалы білімге қатысты қажеттіліктер шешімін табуы тиіс сияқты.

Жарылқасын Дәулет, композитор:

– Жолдауды тыңдағанымда, ішімді ашытқан бір жәйт болды. Ол – президентіміздің отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігі жөнінде айтқаны. Себебі, түріктерде осы мәселе төңірегіндегі заң күшіне енгелі елдерінде ажырасу көбейіп кеткен.

– Өнер адамының президент сайлауына түскенін қалайсыз ба?

– Өнер адамдары тарапынан Бекболат Тілеуханның сайлауға түскенін қалаймын. Бірақ, әзірге жүйені бір қалыпқа келтіріп жатқандықтан Тоқаевтан ешкім асып кете алмайды деп топшылаймын.

 

[:]