[:kz]
Кез келген елдің дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы сол елдің ұлттық қасиеті мен ұлттық құндылығы болып табылады. Біз сол ұлтты ұлылыққа бастайтын дәстүрлік сипатты ұмытпаған ел едік. Әлімсақтан бері дін мен дәстүрді үйлестіріп үйлесімді өмір сүрген өнегелі ұлт едік! Иманымыз бекем, амалымыз нық болатын. Ал бүгін ше? Басқа – басқа, бөлінбеген еншіміз – дастарқанды құрметтемеуді қай кезден ұмыттық? Дәм-тұздан аттамауды білетін қазақ Құранға ұйымауды неге естен шығарды?
Біз – бата берілмей асқа қол салмауды үйренген һәм үлкен мектеп көрген ұрпақпыз. Аталарымыз бата беріп, алдымен солар астан ауыз тигеннен соң ғана дәмге қол созатын едік. Жасына қарай төрге оздырып жағына қарай сөйлейтін қазақпыз! Бірақ қашаннан бері қазақ баласы, тойдың дастарқанын былай қойғанда, қазаға арналған дәмді құрметтемей, Құран бағышталмай тұрып, бірден дәмді бассалып, ішіп-жеуді бастайтын болған? Құран оқылып жатқанда орнынан тұрып әрлі-берлі жүретіндерді қосыңыз бұған. Үлкеннен кінә іздейін десең, бәрі де – ауылдан шыққан, ата-әженің тәрбиесін көргендер, қалалық болғандары мұнда ғана. Кішіні кінәлайын десең, алдыңғы буын – үлкеннің көрсетіп отырғаны мынау. Қателік қайдан кетті? «Қазаның жолы –жіңішке, аруақтың орны – биікте» деп аруағын ардақтаған ел емес пе едік! Аруақ сыйлай білмесек, бір-бірімізді тіршілігімізде қадірлегеніміз қайсы? Көңілдің іздейтіні көп, табары жоқ. Өмір бар жерде өзекті өлімнің болуы да – заңдылық. Басы қаралы, жүрегі жаралы, қаза қабырғасына батқан жанның өтінішімен дастарқанның тізгінін ұстайтын сондай сәттерде байқағаным – дастарқанға отыра сап, алдындағы асты асығыс қарбытып, ішіп-жеуді бастап кететіндер, Құран үнін ұйып тыңдау былай тұрсын, имамның дауысы естілгенде алдында тұрған салфетка қағазды жалма-жан басына жабатын әйелдер… Осындай өте сүйкімсіз әрі өрескел ерсі көріністерге жаным ауырғаннан арасында ескертіп айтқан кездерім болды. «Әлгіндей әйел заты қайтып ене атанып, қандай әже болмақ» деген ойға қалам. Ұлттың болашағы әйелдің қолында болғанымен тағдыры – ер-азаматтың уысында. Ендеше, дастарқан сыйлауды, дәм аттамауды, Ас пен той иесін құрметтеуді, салтты сақтап, дәстүрді дәріптеуді ең бірінші бүгін өзімізден бастамасақ, ертең кешігеміз. Ал бұл – оп-оңай, өлімді жерге келе жатырсың ба, бір шаршы орамал сал басыңа, бата жасалмай немесе Құран оқылмай дәмге қол созба! Құран оқылып жатқанда күйіп бара жатқан нәрсе жоқ, шамалы сабыр сақтап, тізеңді бүк, аруақты еске ал, тіршілігіңе тәубе қылып бетіңді сипа! Мұның бәрі – жарлықпен бекітіліп, арнайы қаулы-қарарды талап етпейтін ұлттық құндылық. Ұлтыңда барды ардақтау арқылы ұл-қызыңа осындай ұлағатты сіңіре алмақсың. Ал ұлтқа еңбек ету, ұрпаққа ұлттық қасиетті ұқтыру – сіз бен біздің міндетіміз!
Бекжан Тұрыс
Фейсбук парақшасынан алынды
[:]