[:kz]
Александр Лукашенко Ресей президенті Владимир Путиннің тарапынан Беларусті «жұтқысы» келетін көңіл-күйді ешқашан байқамағанын мәлімдеді
Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресеймен ортақ валюта енгізуге қарсы емес. Бұл туралы ол Минскте журналистермен және қоғам белсенділерімен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Беларусь.
«Бүгінде бізге валюта ұсынып жатыр. Біз қолдаймыз! Әрине, ол рубль болады», — деп мәлімдеді Лукашенко.
Дегенмен мемлекет басшысы әңгіме Беларусь немесе Ресей рублі жайлы емес, ортақ валюта туралы болып отырғанын айтты. Эмиссиялық орталық (ақша белгілерін немесе бағалы қағаздарды айналымға шығаратын банк – Sputnik) қайда орналасатынын анықтау қажет, деп атап өтті президент.
«Минскіде ме? Жоқ, Смоленскіде. Ол қайда болатыны маңызды емес, Ресей президентінің туған жері, менің сүйікті қалам – Санкт-Петербургте болса да мейлі», — деді Лукашенко.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұқаралық ақпарат құралдарына Беларусь пен Ресейдің ортақ валютасы жөнінде әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты.
Беларусь басшысы Владимир Путиннің Белорусті Ресей Федерациясына қосу ниетін бірде-бір рет байқамағанын мәлімдеді.
«Мен Ресей президентінің Беларусті Ресей құрамына қосқысы келетінін ешқашан байқаған емеспін, тіпті ондай көңіл-күй де болмады. Оны сезуші едім ғой. Шынын айтсам: іргелі елдің Беларусті жұтып қоятын ниеті жоқ», — деді ол.
Егер бүгін Ресей мен Беларусті біріктіру туралы референдум өткізілсе, 98 процент беларусь қарсы дауыс береді, деп түйіндеді Лукашенко.
[:]