АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Белсенді президент: Тоқаев бір ай ішінде не тындырып үлгерді?[:]

[:kz]

Жаңа президент келісімен елорда атауы өзгеріп, бір миллион қазақстандықтың жалақысы өсті, ал әкімдер болса, желі арқылы халыққа біртабан жақындай түсті

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті қызметіне кіріскеніне де бір ай болды. Алғашқы күннен-ақ белсенділік танытқан жаңа мемлекет басшысы отыз күн ішінде біраз іс тындырып үлгерді. Sputnik Қазақстан тілшісі президенттің бір айдағы жұмысына шолу жасап, маңызды өзгерістерге тоқталғанды жөн көрді.

Нұр-Сұлтан қаласы
 

Астана емес, Нұр-Сұлтан

Тоқаевты ұлықтау рәсімі дегенде қазақстандықтардың есіне елорда атауын өзгерту туралы ұсыныс сап ете түсетіні жасырын емес. Өйткені дәл сол салтанатты шарада мемлекет басшысы Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының есімін мәңгі есте қалдыру үшін Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған болатын. Араға екі-үш күн салып, 23 наурызда Тоқаев Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды.

 

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш салуды және облыс орталықтарындағы орталық көшелерді тұңғыш президенттің есімімен атауды ұсынды.

1 миллион қазақстандықтың жалақысын өсірді

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30%-ке, аудандық және облыстық деңгейлерде тікелей халықпен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25%-ке өсіруді тапсырған болатын.

1миллионнан астам қазақстандықтың жалақысын 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап көтеруді тапсырды.

Үкімет пен парламент маңызды өзгертулерді жылдам қарап, қабылдап, 15 сәуірде президент тиісті заңға қол қойды.

Кезектен тыс президент сайлауы

Заң бойынша кезекті президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс болатын. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.

Айта кетсек, бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше. Себебі Қазақстан тарихында президент сайлауы алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өтеді.

 

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 10 сәуірде басталып кетті. Елдегі ең ірі әрі жетекші саяси партия – Nur Otan әзірге үміткерін ұсынған жоқ. Кандидаттың есімі 23 сәуірде партия съезінде белгілі болмақ.

 

Ресей мен Өзбекстанға сапары

Тоқаевтың мемлекет басшысы ретінде шетелге сапары Ресей мен Өзбекстаннан басталды.

 
© FOTO : ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин

3 сәуірде Қазақстан президенті Ресей басшысы Владимир Путиннің шақыруымен ресми сапармен Мәскеуге барды. Сапар барысында қос ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіп, бірлескен мәлімде жасады. Сонымен қатар бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды.

 

Тоқаевтың бұл сапары әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызған болатын. Желі қолданушылары «Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Мәскеуде дұрыс қарсы алған жоқ» деп шулаған еді. Кейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұған түсініктеме беріп, ресейлік тарап Қазақстан президентіне аса жоғары құрмет көрсеткенін атап өтті.

 

«Кейбір БАҚ-та журналистер президентті қарсы алғандар арасында Ресейдің сыртқы істер вице-министрі Александр Панкин болды дегенді жазуды ұмытып кеткендіктен, шу басталып кетті», — деп түсіндірді министр.

Ал 14-15 сәуір аралығында Тоқаев алғашқы мемлекеттік сапармен Өзбекстанда болды. Ташкентке мемлекет басшысын Өзбекстан президенті  Шавкат Мирзиёев шақырған болатын. Екі елдің басшылары бірқатар мәселені талқылап, Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

 

Тоқаевқа жақпай қалған билбордтар

Бір ай ішінде мемлекет басшысы ел ішінде екі жұмыс сапарын жасады. Алғашқы сапарын қасиетті Түркістаннан бастады. Онда Тоқаев облыс орталығының құрылысымен танысып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралап, өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесті.

 

Одан кейін Қазақстанның батысында – Маңғыстау облысында болды.

Ақтауға сапары барысында Тоқаев өзінің суреті салынған билбордтар туралы пікірін білдірді.

«Ақтауда менің суретім бейнеленген 14 билборд қойылғанын естідім. Бұл мүлде орынсыз деп есептеймін, маған ондай насихаттың қажеті жоқ. Мұндай әкімшілік ыждаһаттылықтың керегі не?», — деп ашуланған еді президент.

Тоқаев әкімдерге билбордтарда Қазақстанның нақты жетістіктерін көрсетуді тапсырды.

Сапар барысында президент теңіз сауда портының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, киелі «Шопан-ата», «Бекет ата» басына барып, зиярат етті.

Әкімдерді желіге тартты

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрыннан әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы. Сенат спикері болған кезде ол Твиттерде маңызды мәлімдемелер жасап, өз пікірімен бөлісіп тұратын еді. Ал президент болғаннан кейін елдегі ең танымал Instagram желісінен ресми парақша ашып, халыққа біртабан жақындай түсті.

Қазақстандықтар президентке Facebook пен YouTube-тің кешкі тоғыз бен он бір аралығында бұғатталатынын жазып, мұңын шаққан еді. Жұртты мазалаған мәселе Тоқаевтың назарынан тыс қалмады: әлеуметтік желілердің бұғатталуы тоқтады.

 

Сонымен қатар, мемлекет басшысы өңір әкімдерін де халықпен кері байланыс орнату үшін желіде белсенді болуға шақырды. Президенттен үлгі алған әкімдер бірінен кейін бірі әлеуметтік желілерден ресми парақшасын ашып, тұрғындарды бір қуантып тастады.

 

sputniknews.kz

[:]