АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Берік Уәли: Қытай Қазақстанның жеріне ешқашан көзін алартып қарамайды[:]

[:kz]

  

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қытайдың басты мақсатын атады. Ол аспан асты елі Қазақстан жеріне ешқашан көзін алартып қарамайтынын жеткізді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 
 
Фото: Facebook/Уәли Қыдыров

Фото: Facebook/Уәли Қыдыров

 

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Тоқаевтың Қытайға жасаған екі күндік сапарын қорытындылады.

Айтуынша, мемлекеттік сапар екі елдің ұзақ мерзімді стратегиялық қарым-қатынасын нығайта түседі.

«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан территориялық тұрғыдан әлемдегі екі алып мемлекетпен құрлықтық шекарасы бар. Оның бірі Ресей болса, шығысымызда – Қытай. Қазіргі таңда еліміздің 1782 шақырым шекарасы осы Қытаймен шектеседі. Бұл үлкен құрлықтық шекара болып есептеледі.

Көршілес, іргелес тұрған елмен араласпай, алыс-беріс жасамай тұра алмаймыз. Өйткені Қытай – біздің Құдай қосқан көршіміз. Сол себепті Қытаймен байланысымызды орнықтыруымыз, мәңгілік стратегиялық әріптестік орнатуымыз заңдылық деп есептейміз», — деді ол.

Берік Уәли Қытай жоғары технология өнімдерін өндіру бойынша жаһандық деңгейде көшбасшы саналатынын атап өтті.

«Оны мойындауымыз керек. Кешегі сапар барысында оған көз де жеткіздік. Оның үстіне әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел саналады. Осындай әлеуеті күшті мемлекетпен араласпай, шекарамызды жауып отыру мүмкін де емес. Оны барлықтарыңыз жақсы білесіздер», — деді президент баспасөз хатшысы.

Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстан Қытайдың жаңа технологиясын күнделікті өмірде пайдалануға, өндіріс орындарына инновациялық жаңалықтар енгізуге мүдделі.

«Сол себепті біз мынаны түсінуіміз керек деп ойлаймын. Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын таңып, қандай да бір құйтырқы ойын жасап отырған жоқ. Қытай Қазақстанның жеріне ешқашан көзін алартып қарамайды.

Біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап отыр. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Оның негізгі мақсаты – сауда жасау. Сауда арқылы пайда табу. Әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, бұл — олардың басты мақсаты, мұраты. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатыр», — деді ол.

Берік Уәли қазіргі уақытта барлық әлем Қытайдың инвестициясына ұмтылып жатқанын, Қазақстан да бұл үрдістен қаша алмайтынын жеткізді.

 

[:]