[:kz]
Көктемге тасқынның кесірінен Ақмола облысында 75 жастағы қария бес күн бойы аралда қалуға мәжбүр болған. Ерейментау ауданынына қарасты Селеті су қоймасына балық аулауға барған Леонид РЯБОШАПКОНЫ айналасын су басқан аралдан алып шығу оңайға соқпады.
25 Наурыз күні 75 жастағы Леонид Рябошапко Ерейментаудағы Селеті су қоймасына балық аулауға көлігімен аттанған. Балық аулаудың төртінші күнінде мұз күрт ери бастайды. Су көлемінің көбейе бастағанын байқаған қария құрлыққа қарай асығады. Айдындағы Құнай аралына жеткенде су деңгейі көтеріліп, айналаның бәрі көлге айналған. Жағаға жете алмаған балықшы құтқарушылардың көмегін күтіп, көлігімен осы аралда бес күн бойы қалуға мәжбүр болған.
«Балықшы айналасын су басқан аралдан көлігін қимағандықтан кетпеген. Полиция қызметкерлері мұзды жару жұмыстарын жүргізді.Одан соң ағаштан сал жасап балықшыны көлігімен бірге жағаға жеткізді», – дейді Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр ПИНЧУК.
Полиция қызметкерлеріне судан құтқару мамандары мен жергілікті тұрғындар көмектескен. Қарияның жүрегі арнайы құралдың арқасында ғана соғып тұр екен. Денсаулығында кінәраты бар күйеуін аман-есен үйге қайтарғаны үшін жұбайы алғысын білдірді.
«Құтқарушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Төсбелгі берсе де артық болмайды», – дейді балықшының әйелі Антонина РЯБОШАПКО.
Мамандардың айтуынша осы кезеңде айдындарда балықтар көбейеді әрі жағаға жақын жүреді. Мұндай мүмкіндікті құр жібергісі келмейтін балықшылар мұздың жұқалығына да қарамайды екен.
«Өкінішке орай қазіргі таңда балықшыларға заң жүзінде мұздың үстінде жүруге тосқауыл қойылмаған», – дейді Ақмола облысы ТЖД құтқару жасағының бас құтқарушысы Еркін ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ.
[:]