[:kz]
Алматыда үшінші топтағы мүгедек қыз зорлау оқиғасына тап болды. Жан түршіктірерлік оқиға «НеМолчи.kz» қозғалысының Facebook парақшасында жарияланған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Ол нәзік қызды үйінің гаражына сүйреп апарып, бес сағаттан астам уақыт азаптаған. Зорлау барысында ол қызды ұрып, өлтіремін деп қорқытқан. Сондай-ақ, ол өзінің ұялы телефонынан алдымен азаптап, сосын өлтірген қыздардың суреттерін көрсеткен. Ол қызға өзі айтқандай жасамаса, автокөлікті тексеру шұңқырына көміп тастайтынын айтқан», — делінген қозғалыстың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Арам пиғылын іске асырып болған соң ол қызға кофе ішуді ұсынған. Артынша екеуі бірге көшеге шыққан.
Қаскөй құрбанын өзінің қызы тұратын үйге алып кетуді жоспарлаған, алайда сол сәтте жапа шегуші сытылып шығып, өз үйіне қашып барған. Содан соң жәбірленушінің отбасы бірден полицияға хабар берген.
Белгілі болғандай, зардап шегуші күдіктінің қызымен құрбы болған. Адам шошытарлық оқиғадан соң зорлықшының қызы әкесінен бас тартқан.
Tengrinews.kz порталының хабарлауынша, оқиғаға Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірген.
«Аталған дерек бойынша 30-қарашада Медеу ауданы полиция басқармасына қарасты полиция бөліміне арыз түскен. Ол Қылмыстық кодекстік 120-бабы, 1-тармағы бойынша (Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау) сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіліміне тіркелді. Күдікті дереу анықталып, қамауға алынды», — деді баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, баспасөз қызметінің айтуынша, іс ішкі істер министрінің бақылауында.
[:]