[:kz]
Елордалық Ажар есімді келіншек тұрмыс құрғанына бес жыл уақыт өтсе де, отбасылық өмірдің алғашқы жылдары бала көтере алмаған. Келіншек қасиетті Рамазан айында алғаш ауыз бекітіп, құдайдан дұға еткеннен кейін ғана бала көтергеніне сенімді. Бүгінде екі баланың анасы атанған әйел адамның жан сырын KAZ.NUR.KZ тілшісі тыңдап көрді.
Отбасылық өмірдің алғашқы жылдары сәби сүйе алмаған ол, бес жыл бойы дәрігер жағалап, бармаған бақсы-балгерім жоқ дейді. Алайда келіншектің бала көтеруіне қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, дұға тілеуі болыпты.
Достарымыздың, туған-туыстардың үйіне барғанда, балаларды көріп, қатты қызығатынбыз.Жасыратын түгі жоқ, осы бес жылда талай дәрігер де, бақсы-балгер, емшілерге де бардық. Өкініштісі ешқайсысының көмегі болмады. Дәрігерлер жылдар бойы «ешқайсыңның денсаулықтарыңда кінәрәт жоқ, бәрі уақытымен болады» деп келді.
Бірде желіде отырғанда, біреудің көп жыл бала сүйе алмай жүргенін, алайда қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, дұға тілегеннен кейін сәбилі болғаны туралы жазба оқыдым.Бірден жолдасыма айтып, оны да, өзімді де ауыз бекітуге көндірдім. Сөйтіп осыдан үш жыл бұрын қасиетті ораза айынан кейін үш ай өткен соң, аяғым ауыр екенін білдім. Қуанышымда шек болмады. Алланың ұлық екеніне тағы бір мәрте көзім жетті», — дейді келіншек.
Жас ананың бүгінде бір ұл, бір қызы бар.«Құдайдың барына, Алланың кез келген тілегіңді орындайтынына іштей сену керек. Содан бері күйеуім жыл сайын ауыз бекітетін болды. Мен екі жыл аяғым ауыр болғандықтан, ораза ұстай алмайдым.
Рамазан айының қасиеттілігіне сеніңіздер, сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар ауыз бекітіңіздер. Бәрі Алланың қалауымен», — деп әңгімесін аяқтады келіншек.
[:]