[:kz]
Оқиға Қостанайда 30 қараша күні таң ата болған. Жауын суы ағатын құбыр арқылы жерге түспек болған 23 жасар қыз құлап кетіп, сол жерде көз жұмған еді.
Express Qazaqstan тілшісіне хабарлаған дерекөздің ақпаратынша, пәтерде үш қыз бен бір жігіт көңіл көтерген. Түн ортасында көңілді кешті басқа жақта жалғастырғысы келген бір қыз бен жігіт есікті сыртынан жауып кетіп қалады.
Ұйықтап қалған екі қыздың біреуі таң ата оянып, сыртқа шыққысы келеді. Қасындағы құрбысында пәтердің кілті жоқ екенін білген соң, бесінші қабаттан құбыр арқылы түспек болғанда жерге құлайды.
Жедел жәрдем жеткенше, қыз оқиға орнында жан тәсілім еткен.
Бір подъезде тұратын көршілері ол қызды бұрын-соңды көрмегенін, танымайтынын айтты.
Үш-төрт айдан бері бір жастар жалдап тұратынын естігенбіз. Басқа ештеңе білмейміз. Өзіміз осы жағдайды кешке естідік,
Қыз құлап кеткен үй жаңадан салынған. Тұрғындарының көбі жаңадан көшіп барған.
Express Qazaqstan тілшісі бесінші қабатта үш пәтердің де қоңырауын басып көрді, бірақ ешкім есік ашпады.
Бұған дейін қыздың бесінші қабаттан құлап кеткенін және оқиғаның абайсызда болғанын жазғанбыз.
[:]