АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Билікке шаршаған шалдар емес, таза «балалар» керек[:]

[:kz]

 

Соңғы екі-үш күннен бері бұқаралық ақпарат құралдарында өмір бойы мемлекеттік лауазымның қызығын көрген Ахметжан Есімовтің қызметтен кеткені туралы ақпарат легі толастамай тұр. Кеткені дұрыс та шығар. Жетпістен асқан шал, ақиқаты керек, енді шынайы жұмыс істей алмайды. Ал бізде шаршаған шалдар көп. Әлі мемлекеттік қызметте немесе сенатта отыр.

     Елдегі жемқорлыққа батқан, былыққан жүйеге ең алдымен осы шалдар кінәлі. Шалдар отыз жылда осындай қоғамды қалыптастырды. Елорданың шенеуніктері ана тілінде сөйлемесе, мемлекеттік тілді менсінбесе, оған да осы аға ұрпақ кінәлі. Жастарды жазғыруға болмайды. Шалдар қандай тірлік қылады – кейінгі ұрпақ солардан үлгі алады. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп, соларға ұқсауға тырысады. 

 

   Сексенге келген қызыл коммунист Владислав Косарев пен  қызыл комсомол Қуаныш Сұлтанов депутаттықтан зорға кетті. Жетпістен асқан Ахметжан Есімовпен қимай зорға қоштастық. Есімовтің «еңбекке жарамсыздығын» енді білдік. Бәрі де тізесі қалтырағанша отыра береді. Қызмет – қолдың кірі емес, лауазым шалдар үшін ауруға айналды. Жетпіске жақындаған Бақытжан Жұмағұлов әлі сенатта жүр. Алпыс алтыға аяқ басқан Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанды басқарып әлі отыр. Шығыстың әкімі болғанына жеті жыл болды. Есімов сияқты ол да жетпістен асуы керек пе? Сонда ғана қызметтен кететін болар. Мұны көріп отырып, алпыс үшінде бірден зейнеткерлік демалысқа өзі сұранып кеткен Тасмағамбетовке алғыс айтасың. Шалдардың көп отырғанына бір-ақ адам – үлкен шал ғана кінәлі. Басқа ешкім емес.

     Бізде билік эшелонына мініп, қызмет үшін вагон ауыстырып жүре беретін шенеуніктер өте көп. Қараңыз, бәрі сонау 1990 жылдардан келе жатқан адамдар: Ерболат Досаев, Бақытжан Сағынтаев, Бердібек Сапарбаев, Даниал Ахметов, Қырымбек Көшербаев, Амандық Баталов, Жеңіс Қасымбеков, Сауат Мыңбаев. Соңғысы еңбекке жарамсыз болып қалуына байланысты ғана кеше ҚТЖ басшылығынан кетті. Әйтпесе ол да жүре беретін еді. Қазір үкімет басында отырған Асқар Маминнің өзі 31 жасында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болған. 1996 жылдан бері билікте келе жатыр. Содан бері аттан түскен жоқ. Не істемеді: министр, вице-министр, ҚТЖ-ны басқарды. Сағынтаевтың үкіметтегі орынбасары болды.  Қазір премьер-министр. Қазақша еркін сөйлей алмайды. Үйренгісі де келмейді. Әлі тілін бұрап отырғаны. Қазақшаны қағазға қарап дауыстап айтады. Оқиды. Өмір өзгергенмен, өздері өзгергісі келмейтін мұндай шенеуніктерден қазақ қоғамы мен руханиятына келер пайда қайсы? Не істеу керек?

      Билік дәлізі мен Ақордаға  кіріп-шығатын шенеуніктер және лауазымның жалына жармасқан шалдар бір нәрсені түсінуі тиіс: билік креативті жастар мен орта буынның қолына өтуі тиіс. Тағы бір нәрсені айта кетуге тиіспіз: мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру қажеттігін күн тәртібіне қойды. Қазір жастар резерві жасақталды. Ұлттық комиссия отырысында сарапшылар тобы 300 жас кәсіби маманды таңдап алды. Олар алдағы жылдарда мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалуы тиіс.

Бұл жобаның мақсаты – мемлекеттік билік жүйесінде білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де нақты қадап айтты. «Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

      Демек, бұл дұрыс ұсыныс. Тек жүзеге асуы тиіс. Қысқасы, біздің мемлекеттің  басқару аппаратына шаршаған шалдар емес, былыққан жүйеден ада, таза жұмыс істейтін мемлекетшіл «балдар» керек.

Батыр ЖАСҰЛАН

Жас Алаш 

[:]