[:kz]
Таяуда 10 жасар алматылық оқушы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған еді. Артынша баланың хаты туралы бүкіл қазақстандық білді. Мектеп оқушысы Нұрбақыт Ғалымжанның анасы хаттың иесіне жетіп, ұлының арманы орындалғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президентке хат жазған оқушының анасы Алма Серікқали Facebook желісінде ұлының өміріндегі өзгерістер туралы айтты. Оның сөзінше, білім және ғылым министрі кішкентай Ғалымжанның арманын орындаған.
Өз кезегінде Алма Серікқали мемлекет басшысы мен министрге алғыс білдірді.
«Ел президентінің қарапайымдылығы менің ана жүрегімді елжіретіп, оған деген шексіз құрметімді арттырды.
Сондай-ақ, білімі мен біліктілігінің арқасында білім биігінің тұғырын бағындырған Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлы да «4 сынып оқушысының хаты» деп қарамай үлкен азаматтық танытып, баламның хатына жауап жазуы да оның жас та болса қайраткерлігін көрсетті. Асхат Қанатұлы осы асыл мінезімен көпке үлгі бола отырып, енді ғана буыны бекіп келе жатқан бала қыранның қанатының қатайып, биікке самғауына жол ашып, асқақ арманының жүзеге асуына ықпал жасап, таэквандо спорт секциясына жазды. Бүгінгі білімнің биігінде осындай ел үшін ет жүрегі елжірей білетін мемлекет қайраткері тұрғанда кем-кетігіміз түзеліп, ерік-жігеріміз қайрала түсері анық. Біз Сізге сенеміз, Асхат Қанатұлы!» — деп жазды оқушының анасы.
Еске сала кетсек, бұған дейін 10 жасар оқушының президентке жазған хаты жарияланған еді. Тоқаев хатпен танысып, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке оған жауап беруді тапсырды. Артынша БҒМ басшысы оқушыға жауап берді.
[:]