[:kz]
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 7 басқарма мүшесі өткен жылы миллиондап сыйақы алған. Бір жылдың ішінде сол 7 азаматқа жалақы-сыйақысымен қосқанда, 267 миллион теңге төленуі көпшіліктің жағасын ұстатты. Мұны естігендер топ-менеджерлердің бұл қылығын бассыздыққа балады. Тіпті, құзырлы органдардан тексеру жүргізіп, қалғандарды жауапкершілікке тартуды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме беріп.
2019 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма басшыларына бір жылдың ішінде 267 миллион теңге төленген. Бұл ақпарат ашық дереккөздерде жарияланған екен.
«Берілген ақшаны қайырымдылық мақсатта жұмсаса нұр үстіне нұр болар еді», «Бұл қылмыс деп ойлаймын, заң бойынша олар сыбағасын алуы керек» деп жазыпты елорда тұрғындары.
Саясаттанушы Ерлан Саиров квазимемлекеттік сектордың жұмысы мемлекеттің бақылауында болуы керек екенін айтады.
«Квазимемлекеттік секторлар өздеріне басқарма жасап, басқармаға ақша төлейді. Басқарма мүшелері шынын айтқанда, ешқандай жұмыс атқармайды» — дейді Ерлан Саиров.
Сол сияқты 2018 жылы Казатом өнеркәсіп компаниясының басқарма мүшелері 935 млн теңге сыйақы алған.
«Үкіметіміз ұлттық компаниялардың бюджеттерін қарастырып, шығынын азайта ма деген үміт бар», — дейді Қорғау және әділет агенттігінің директоры Бақыткелді Ниязбеков.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 267 млн теңгеге тек сыйақы ғана емес, оның ішіне жалақы 128 млн теңге жалақы, жыл соңындағы сыйақы 88 млн, емдік өтемақы 29 млн кіретінін айтқан. Басқарма басшысы орташа есеппен бір жылда 18 миллиондай жалақы, 12 миллиондай сыйақы, 4 миллиондай емдік өтемақы мен еңбек демалысына кетерде 2 миллионнан аса қаражат алатыны белгілі болды.
[:]