[:kz]
Шымкентте бір топ сотталған азамат түрмедегі заңсыздықтардан әбден мезі болып, біраз былықты ашық айтты
Шымкенттегі ИЧ 167/11 түзеу мекемесіндегі жағдайға көңілі толмаған сотталушылар бірнеше рет құзырлы органдарға шағым түсірген.
Айтуларынша, түрме қызметкерлері абақты ішінде көп сұрақты ақшаға шешіп береді. Мекеме қызметкерлері тіпті өздері ішке ұялы телефон кіргізіп беруге ұсыныс тастаған. Тек жай кіргізіп қоймай, ол үшін қомақты қаржы сұрап отырған.
«Мына телефонды сатып алдым. Жалпы 100 мың теңге бердім. Алдында тағы бір осындай «простой» телефон кіргізіп берген маған. Істемей қалды да, сосын оны суға ағызып жібердік. Бәрі біледі біздің телефонмен сөйлесетінімізді. Міне, қуаттығышы. Артында тағы да SIM карталарым бар»,-дейді сотталушылардың бірі.
Ол аз дегендей, жабық мекемеде карта бизнесі өршіп тұр. Сотталушылар түзеу мекемесінің қызметкерлерін құмар ойын арқылы оңай табыс тауып отыр деп айыптады.
«Жазамды өтеп жатқан кезде Жалғасбаев Ермек маған келіп, «картаға ойын ұйымдастырып, маған іштен ақша шығарып берші» деді. «Иә»деп алып алдым да, сіздерге заңсыз іс-әрекеттерін дәлелдеп беріп жатырмын. «Үштен бірін маған, үштен бірін «вор в законе»-ларға жіберіп отырасың» деді. «Иә-иә» дедім, «оларға мына новый SIM картамен звонда» деп әкеп берді», — дейді жазасын өтеуші.
«Біз шындықты айтып жатырмыз. Сотталғандар телефонды, картаны, героинды, анашаны қайдан алады дейсіздер? Міне, өздері ақшаға алып келіп береді. Онда мына үш телефонды қалай кіргіземіз? Шымкент қаласы Сәуле ауданындағы ИЧ167/11 түрмесінде міне жағдай осындай» деп отыр. Тамақ мәселесінде де тиісті ас-ауқат берілмейді деген түрмедегілер олардың жағдайын ҚР Жоғары соты мен Бас прокуратура, ҰҚК секілді құзырлы органдар көрсе, тексеру шараларын жүргізеді деген үмітін жеткізді.
Ал Ведомство болса, тексеріс жүргізіп, түрмедегі былықтарды растап отыр. Департамент басшысы Атэльбек Досмағамбетов бұл келеңсіз жағдайды жоққа шағармады. Түзеу мекемесінде тінту шаралары жүргізіліп, тыйым салынған заттар тәркіленіп алынған. Ал сотталушылар заңсыз әрекеттерін тізіп шығып, әшкере еткен мекеме қызметкерлері тәртіптік шарамен оңай құтылып кеткен.
«Айтылған қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде осы фактіге қатысы бар деп танылған қызметкерлер мен сотталғандарға қатысты тәртіптік шаралар қолданылды»,- деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ішкі істер департаментіндегілер түрмедегі режимді қаскөйлікпен бұзушы деп танылған сотталғандардың бұл іс-әрекеттері арқылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің беделіне нұқсан келтірмек болғанын атап өткен.
kyn.kz
[:]