[:kz]
Таяуда еліміздегі Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Бар ойымыз, оқырманға дұрыс тамақтанудың пайдасы туралы көбірек мағлұмат беру болғанын жасырмаймыз. Сол себепті де академиктің айтқандарына мұқият ден қойдық.
ОҢТҮСТІКТЕ АНА ӨЛІМІ НЕГЕ КӨП?
– Дұрыс тамақтанудың жақтаушысы ретінде мынаны айтайын, – деді Төкең тамағын кернеп. – Жүрек патологиясы дегеніміз не? Әдетте дәрігердің аузынан түспейтін негізгі себептер бар. Ол – темекі шегудің, аз қозғалудың салдары. Ал мен басқаша себеп айтайын. Ол – дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болатын ауру. Жүрек-қантамыр патологиясы фолий қышқылының жеткіліксіздігінен ана құрсағында-ақ қалыптасады. Бұл дерттен қорғануға салауатты өмір салтын құру аздық етеді. Салауатты өмір салтын ұстанатын болсаңыз, жүрегім жазылып кетеді деп ойламай-ақ қойыңыз. Себебі, бұл дерт- ана құрсағында-ақ қалыптасып қойған. Міне, мәселені қайдан бастауымыз керек?! Адамның денсаулығына кім жауапты? Әрине, өзіміз. Осыны түсінетін шақ келді. Денсаулық – әр адамның жеке міндеті, қоғам алдындағы зор жауапкершілігі, азаматтық борышы. Мемлекет біреудің тісі ауырса, оған тегін ем тағайындауға неге жауапты болуы керек? Тісін күтпеген өзінен көрсін. Ал жүрек ауруы мүлдем басқа. Сондықтан бұл мәселені құрсақтан қадағалап, дүниеге дені сау бала келуін бақылауымыз керек. Бұл мәселені мемлекет өз мойнына алуы керек. Ана құрсағына қатысты тағы бір мәселені айтайын. Еліміз бойынша бала туу көрсеткіші ең жоғары болып саналатын Сіздің өлкеңіз Оңтүстікте зерттеу жүргіздік. Жаңа босанған әйелдің емшек сүтін зерттеуге алдық. Зерттеудің нәтижесі шыққанда өз көзімізге өзіміз сенбедік. Зерттелуге алынған ана сүтінің 100 %-нан пестицидтер табылды. Бұл дегеніңіз – балалар анадан туа салысымен улана бастады деген сөз. Содан кейін ана мен бала денсаулығы не болмақ? Егіндік жерді тыңайтамыз, өнімді көбейтеміз, дәрумені мол жеміс-жидекті елімізге көп береміз деген даурықпамен пестицид тыңайтқышты шаша бергеннің салдары бұл. Аналар арасындағы қаназдық ауруының көбеюі де табиғаттың азып-тозуының нәтижесі емес пе? Ал қаны аз анадан туған баланың денсаулығы жақсы болады дегенді кім естіген? Жүкті кезінде дұрыс тамақтанбаған әйелдер арасында жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетінің нашарлап,туғаннан кейінгі кезеңде ауруының асқына түсетіні белгілі. Бұл ана өлімінің көбеюіне бірден-бір себеп болары даусыз.
ЕТ ТАҢДАУДЫ БІЛМЕЙМІЗ
– Бүгінгі қазақ ұрпағы қандай ет жейді? Былайғы жұрт ет жемейміз деп шағымданып жүр. Бірақ базардағы етті кім алады? Майлы тауық саны дейсіз бе, қақталған түрлі шұжық дейсіз бе, әйтеуір ет дегеннің барлығын да жеп жүргендер көп. «Пайдалы тағам жеп жүрміз» деген ойларыңызға әбден қарсымын. Сондықтан жылқы етінен басқа барлық қызыл, майлы еттерді шектеу керек. Жылқының еті мен сүті – қасиетті, құнды тағамдар. Мұны талай жерде айтып та жүрміз. Ал қой еті ше? Кешкі аста жеген қой еті ертесіне кешке дейін әрең қорытылатынын білеміз бе? Сондай-ақ сиыр еті де келесі күннің таңында ғана қорытылады. Сол себепті жылқы етіне тағар мінім жоқ. Себебі, кешкі аста желінген жылқы еті төсек-орынға жатқаныңызша-ақ қорытылып кетеді. Қымыздың жайы тым бөлек. Кешкі астан кейін ішілген қымыз бойға қуат, дертке шипа. Осыдан-ақ қорытынды шығара беріңіз. Ет жеу осы екен деп шектеусіз, таңдаусыз кез келген етті пайдалана беру денсаулығымызды нашарлатпаса, нығайтпайды. Рас, ата-бабамыздың табағы еттен, мұрты майдан ажырамаған дерсіз. Бірақ ата-бабамыздың өмір сүру салты қандай еді? Ертелі-кеш шаруаның соңында жүрді емес пе? Ал бүгінгі ұрпақтың өмір сүру салты қандай? Қазіргі заман қимыл-қозғалысы аз кеңсе жұмысы, техника мен технология заманы ғой. Тіпті жаяу жүретін жұрт жоқ. Жегеніңіз қай кезде қорытылып, қай кезде ағзаңызға сіңеді? Осыдан семіздік, атеросклероз сынды аурулар белең алып барады.
ҚИЯР МЕН ҚЫЗАНАҚТЫ АРАЛАСТЫРМАУ КЕРЕК
Академиктің әр сөзіне мән беріп, іштей жаңалық ашып отырмыз. Япыр-ай, күнделікті тамақтану тәртібіміздің ешқайсысы да дұрыс емес екен-ау. Мәселен, кез келген тағамды шай іше отырып жейміз. Тағам құрамындағы қажетті дәрумендерді шай жойып жіберетін қасиетке ие екеніне мән бермейміз. Түскі тамақ кезінде ішілген шай бауыр мен өт жолдарына зиян. Сонда тағамның да, шайдың да құнарын ала алмаймыз. Жай ғана қарын толтырып, кекіре тояттағанымыз болмаса. Шайды тағамнан кейін 1 сағат немесе 45 минут өткен соң ғана қабылдау керек екен. «Шайқор» қазақ үшін бұл ереженің ауыр болары анық. Бірақ шай орнына қарапайым су немесе жеміс компотын ішкен әлдеқайда пайдалы екенін ұмытпаңыз.
Ақуыз, май, көмірсуларды сауатты қолдануды үйрену керек, – дейді Төрегелді Шарманұлы. – Көмірсудың мөлшері күнделікті рационда 55%-дан аспағаны жөн. Оның ішінде 10%-ы ғана жеңіл сіңірілетін тәттілер, 30%-ы өсімдік текті майлар және 15%-ы ақуыздар болуы қажет. Ал жеміс-жидек пен көкөніске шектеу жоқ. Әсіресе, апельсин. Ол С дәруменінің қайнар көзі. Банан – йод. «Сонымен қатар отандық өндірушілердің қызанақ, қияр, орамжапырақтарды молынан жеңіздер», – дейді академик. Бұл көкөністердің құрамында обырға (рак) қарсы тұратын антиоксиданттар өте көп. Бірақ қызанақ пен қиярды араластырмай бөлек жеңіз. Қалайша дейсіз ғой? Әдетте қызанақ пен қиярды араластырып отырып, керемет дәмді салат жасаймыз. Бұл салатыңыздың мүлдем пайдасыз екенін біле бермейтін шығарсыз. Қияр қызанақ құрамындағы пайдалы элементтерді жойып жібереді. Екі көкөніс араласқанда бір-бірінің құрамындағы заттар реакцияға түседі де, түкке тұрғысыз салатқа айналады. Мұны дәлелдеген ғалымдар да бар. Ендеше көкөніс салатының басқа түрін ойлап табыңыз. Қымбат тағам пайдалы деген қағиданы ұмытыңыз. Қымбат өнімдердің құрамын зерттеп жүрміз. Зияны басым, пайдасы аз. Мәселен, уылдырық.
Ақсүйектердің тағамы деп тамсанып жейді жұрт. Солай-ақ болсын. Неге сол қара, қызыл уылдырықты аристократтың өзі жемейді?
Маған сол уылдырығыңызды шелектеп әкелсеңіз де жемес едім, – дейді Төрегелді Шарманов. Себебі, тұнып тұрған холестерин. Адам миында холестерин мөлшері 2000 мг болса, уылдырық құрамындағы холестерин 2500 мг. Ағзада бұл құрамның артуы қиын ауруларға алып келеді. Соның ең біріншісі – жүрек ауруы. Енді таңдай беріңіз, қымбат тағам жеп саулығыңыздан арылғыңыз келе ме, әлде арзан әрі отандық өнім салып, ұзақ жасағыңыз келе ме?
Тағамның қай түрін сатып алсаңыз да алдымен оның құрамына назар аударыңыз.
ҰЗАҚ ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ
Бір көрген адамның парасат-пайымын баурап алатын кейіпкеріміз салауатты өмір сүрудің қағидасын сөзбен ғана емес, ісімен де дәлелдеп жүрген азамат. Сексен жастың сеңгірінен асып қалса да, Төрегелді аға қағілез қалпынан арылмаған. Академик ұзақ жасаудың құпиясын біледі.
Ұзақ өмір сүргісі келетін адам алдымен, не жеп, не ішіп жүргендігіне мән беруі керек. Дәл қазіргі таңда адам жасына, өмір сүруінің ұзақтығына деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Көпшіліктің қарттық туралы түсінігі ауру-сырқаумен астасып жатыр. Айналайындар-ау, мен жүрмін ғой осы ауырмай-ақ. Тәнім темірден, жаным оттан жаралмаған ғой. Кәрілікті емдемеңіз. Алдын алыңыз. Бүгінгінің адамдары «денім сау, жұмысым табысты, өмірім белсенді болса екен» деп тілейді. Бұған мүмкіндік те мол. Ғылым да ауруды емдеуге емес, алдын алуға бағытталып келеді. Сондықтан денсаулықты жастай бақылау керек.
Оның негізі дұрыс тамақтануда жатыр. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 66,2 жыл. Бұл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің ішіндегі ең төмені. Тіпті Өзбекстанның көрсеткішінен де төменбіз. Қазір елімізде 20-50 жас аралығындағы адамдардың түрлі дерттен өлім құшатын жағдайы жиілеп кетті. Ерте өлеміз. Жиі ауырамыз. Соңғы жылдары жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші де көбейіп кетті. Адамдар өз денсаулығын күту керек деген ережеге үйрене алмай-ақ қойды. Ауырып қалса «дәрігер емдеп жазуы керек» деген қағидамен өмір сүреді. Бұл ескі пиғыл.
Бүгінгі заманда әркім өз денсаулығына жауапты. Ұзақ жасаймын десеңіз, жас болып, сергек жүрем десеңіз бүгіннен бастап капитал құйыңыз. Ол – дұрыс тамақтану, салауаттылықты ұстану. Осылайша ғана 100-ге жетеріңіз анық.
ҰЛТТЫҚ РУХ-ҰЛТТЫҚ ТАҒАММЕН БЕРІЛЕДІ
Өмірден көргені көп, оқып-тоқығаны мол абзал азаматтың айтар ойы, қозғар мәселесі қашан да өткір. Төрегелді Шарманұлының бүкіл еңбек жолы ұлтымыздың саулығына бағытталған десек артық айтқандық емес. Бұл жиында да ұлттың болашағын тілге тиек етіп, өнегелі ойын ортаға салды.
– Ұлттың рухани саулығын сақтау үшін, ана тіліміз қалай қажет болса, ұлтымыздың тән саулығын сақтау үшін ұлттық тағамды тұтыну соншалықты қажет. Бұл жай ғана жалаң сөз емес, ғылыми көз жеткізуден туған дәлелді сөз. Егер ұлттық тіл – рухани азық болса, тағам – биологиялық азық. Менің сенімімде ұлттық тағам – сол ұлттың өзін қоршаған ортаға бейімделуінің негізгі жолы. Бейнелеп айтсақ, сол ұлт өзі жаралған топырақтан пайда болған тағамды қажетіне жарата білген.
Сол топырақтан өсіп шыққан өсімдікті жеп, суын ішкен малдың етін жеп, сүтін ішеміз ғой? Ата-бабамыз азық еткен асты қолдану бүгін ұмыт болып барады. Қазір не көп, тамақтың түрлері көп. Әсіресе жастар жағы пайдасы аз, зияны мол «ішім-жемге» құмар. Неден жасалғаны белгісіз шұжықтар, майлы тағамдар, құрамында қауіпті қышқылдары бар газдалған сусындар әбден сұранысқа ие болып алды. «Кока-кола» мен түрлі атаудағы энергетикалық сусындар адам ағзасынан кальцийдің шығып кетуіне жол ашады. Сүйектер қуатын жоғалтып, денсаулық нашарлайды. Сөйтіп адам, 4 жылда ауру болады. 1 бөтелке сусын 40 ауру түрін қоздыратынын біле бермейтіндер көп. Оның орнына ұлттық тағамдарды тұтынсақ ше?!
Денсаулықты нығайтуға, іш құрылыстардың қозғалысын реттеуге, сүйекті қатайтуға негізделген өте пайдалы сүттен дайындалған тағамдарды балаларға, жүкті әйелдерге көбірек беруіміз керек. Құдайға шүкір, халқымызда мұндай тағамдар өте көп. Осы орайда тағам өндірушілер пәрменді жұмыс жасауы керек. Бұл идеяны жүзеге асырса табысқа кенелудің жолы мол.
Ақмарал Алтынбекқызы
Шармановтың тамақтану тәртібі:
Таңғы ас: қияр, қызанақ, тәтті бұрыш және бір шәйнек көк шай.
Түскі ас: үлкен ыдыстағы көкөністер салаты, бірнеше тілік қазы, 1-2 кесе қымыз.
Үзілістерде: Қақталған жемістер, көк шай немесе қымыз.
Кешкі ас: Бұқтырылған көкөністер, 3-4 тілім жылқы еті және 3 алма.
elnur.kz
[:]