[:kz]
Танымал шымкенттік заңгер Айгүл Орынбек Қызылордадағы ірі қытайлық компанияда жұмыс істейтін қазақ жұмысшыларының құқығы тапталып жатқанын айтып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа үн қатты. Өзінің Facebook-парақшасындағы жазбасында заңгер жұмысшылардың қудаланғаны өз алдына, әкімдік өкілдерінен де, құқық қорғаушылардан да қыспақ көріп жатқанын айтқан.
Жан-жақтан қысымға ұшыраған қарапайым жұмысшылар барар жері қалмаған соң заңгердің көмегіне жүгінген екен.
«Осыдан бір ай бұрын Қызылордадан қытайлық компанияда жұмыс істейтін бір топ жігіт келді. Құқықтары тапталып, біраз жерге арызданса да, олардың мәселелерін ешкім қарамаған. Мәселені ушықтырмай шешуге тырыстым. Бүкіл тиісті органдарға хабар бердім. Сөйтсем, мәселені шешудің орнына жігіттерді облыс әкімі шақырып алып, жиналыс өткізіп, артынша органда істейтіндер біртіндеп шақырып алып, қыспаққа алып жатыр екен. Кеше түнде қайта келіп, «Айгүл әпке, бізді біртіндеп сындырып жатыр сізге шыққанымыз үшін» дейді. Оларды жергілікті телеарналар түсіріпті, бірақ эфирден көрсетпеген», — дейді заңгер өз жазбасында.
Оның айтуынша, жұмысшыларға қысымды өз компаниясындағы кадр бөлімінің басшысы да жасап, тіпті, тамақтан да қысатын көрінеді.
«Қытайлықтар күніне 4 000 теңгеге тамақ жесе, бұлар 900 теңгеге тамақтанады. «Біздің істейтін жұмысымыз олардан ауыр, бірақ кадр бөлімінің басшысы Әлия бізді әрқашан қытайлықтардың астына жығып береді» деп күйініп отыр олар. 50-60 мың теңге жалақы алатын қазақтың жігіттері бір əйелдің кесірінен құқықтары тапталып, өз еңбек ақыларын дұрыс ала алмай, қазіргі таңда жұмыстан қудаланып жатыр. Қашанғы өз елімізде өзіміз құл боламыз?! Қашан мəселені шешумен айналысамыз, сындурумен емес», — деп ашына жазды шымкенттік заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында.
sn.kz
[:]