[:kz]
Мемлекеттер арасында мәңгі достық пен мәңгі одақтастық болмайды. Сондықтан біздің екі көршіміз- Қытай да, Ресей де бізге қауіпті. Бүгінгі таңда Қытай да, Ресей де экономикалық дағдарыс тауқыметтерін агрессия арқылы шешкісі келеді. Сондықтан Ресей Украинаға, ал Қытай Вьетнамға және басқа мемлекеттерге соқтықты. Қытай толық нарықтық экономикаға өтпесе хроникалық дағдарыстан шыға алмайды. Егер, бүгінгі жағдай сақтала берсе Қытай қызыл коммуно-авторитаризм экономикасын дағдарысқа тікелей апарады. Коммунистік идеология классикалық нарыққа жол бермейді. Ал классикалық нарықтық экономикалардың өзінде де циклдық дағадарыстан ауқын-ауқын өтіп тұрады. Бірақ классикалық нарықтық қатынастар мен буржуазиялық құқық жүйе орныққан елдерде әр циклдық дағдарыстан нарықтық экономика айығып, оңалып, күшейіп шығады.
Сонымен Қытай мен Ресей көршілеріне қатты қауіпті мемлекеттер. Себебі, олар кемел капитализммен нарыққа жетпеген. Сондықтан аталған екі мемлекет ішкі дағдарыстар мен халық нарызылығын канализациялау жолын әскери агрессия, көршілерін жаулау арқылы шешкісі келеді. Кезінде Қытай Вьетнамға шабуыл жасап тойтарыс алған. Ресейдің Украинаға агрессиясы да сол сипатта , түбі Ресей де сәтсіздікке ұшырайды. Біріккен Еуропа мен АҚШ экономикалық санкция жолымен Ресейді буындырып тұншықтырмақ. Украина Қырым жартыаралынан айырылып, Луганск пен Донецк облыстарына Ресей лаңкестерін жіберіп алды. Бірақ бұдан ары агрессияға көнгісі жоқ. Украина Біріккен Еуропа мен АҚШқа сүйене отырып, Ресеймен ұзақ уақытқа созылатын әскери -саяси теке тіреске түспек. Түбі Ресей Украинаға аннексияланған территорияларды қайтаруға мәжбүр болады. Украинаға мың да бір рахмет. Украина Ресейдің агрессивтік аранын тежеп отыр. Ресей соңғы алты жылдық экономикалық рецессиядан шыға алған жоқ. Енді міне коронавирус қосымша соққы болмақ.
Қазақстанға тек Біріккен Еуропа (Еуропалық Одақ) пен АҚШ -НАТО әскери-саяси бірлестігі ғана егемендігімізге кепіл бола алады. Сондықтан Қазақстан Еуразиялық мемлекет ретінде Еуропалық Одақ пен НАТО-дан пана таба алармыз. Бірақ Ресей мен Қытайдың бізді ол ұйымға жіберу ойы жоқ, ол бір жағынан, ал Еуропалық Одақ, екінші жағынан демократиялық стандарт деп тым қиын талап қоймақ. Бірақ егеменді Қазақстанға Батыстық вектор ең маңыздысы. Батысқа бет алу біз үшін экономикалық, әлеуметтік , саяси прогресске жету жолы. Сонымен Еуропалық Одақ пен НАТО мүшелігіне жету Біз үшін түпкі мақсат.
Қазақстанның капитализміне құқықтық кепілдік пен саяси демократия жетпей тұр. Егерде Президент Тоқаев уәде берген демократиялық үрдіс жүзеге асса, экономикамыз қосымша импульс алмақ. Классикалық капитализм құқықтық және саяси демократиясыз алға жылжымайды. Бұл капиталдың заңды сипаттағы даму ерекшілігі.
Қазақ саны тәуір өсіп келеді, жылына 265 мыңға. Қазақ иммиграциясы -оралмандар ағымы , соның ішінде Қытай мен Өзбекстаннан келушілер үлесі қомақты. Бірақ Қытай оралман қазақтың келуін азайтты. Қорыта айтсақ , қазаққа ешбір мемлекетпен аса достаспай , не жауласпай , соғыспай экономикамыз бен қазағымызды өсіру керекпіз.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы
«Адырна» ұлттық порталы
[:]