[:kz]
24 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, сондай-ақ Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының 5 жылдық мерей тойын атап өту аясында 10 мұқтаж отбасына үйлер мен пәтерлер сыйлады.
Қор құрылтайшысы атынан кілтті табыстағандар қатарында «Салиқалы ұрпақ» директоры Қасым Қасабеков, «Asar-ume» қорының президенті Асхат Нұрмашев, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, қоғам қайраткері Шаверди Бабаев және тағы да басқа танымал блогерлер болды.
«Біздің «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына 5 жыл болып отыр. Осыдан бір 5 жыл бұрын Болат Әбішұлы Назарбаев ағамыз осы қорды құрып, ата-бабамыз салып кеткен дара жолды қайырымдылық бағытта елімізге әлеуметтік, саяси, діни, рухани салада қызмет етсін деген ниетпен осы «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорды құрған болатын. Содан бері талай іс-шара өткізілді, әлі де талай іс атқарылады», — деді «Салиқалы ұрпақ» қорының директоры Қасым Қасабеков.
Пәтерге ие болған бақытты жандар арасында көпбалалы және мұқтаж отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Қордан пәтер алған көп балалы ана Армангүл Керімбаева өз баспанасын көптен бері армандағанын айтты.
«Мен осы хабарды естігеннен бері керемет толғаныста болдым. Осындай жомарт жандарымыз көп болсын. Болат Назарбаев ағамыздың денсаулығы зор болсын. Біз сияқты шынайы мұқтаж адамдарға баспана беріп отырған көпшілік жомарт жандар, сіздерге Алла разы болсын. Өзім шынымды айтсам, толқып тұрмын, жолдасым өмірден өткеніне алты жыл болып еді, мына қыздармен 6-7 жыл болды пәтер жалдап тұрып жатқанымызға. Көп рахмет!»,- дейді ол.
Сонымен қатар, Б.Назарбаев қорынан 4 қайырымдылық ұйымы автокөлік, шағын автобустар алып, түрлі номинациялар бойынша мүсіншелермен марапатталды. Олардың арасында «Сығанақ» паралимпиадалық садақшылар қоғамдық бірлестігі, БЦП бар балаларға көмек көрсететін «Арман Алматы» қоры, «DAUA Charity» және «Қамқорлық» қайырымдылық қоры бар. Ұйымдастырушылар мүгедектігі бар адамдардың, БЦП бар балалардың және т. б. қажеттіліктерін ескере отырып, жайлы көлік құралдарын таңдады.
Салтанатты рәсімде концерттік бағдарламалар болды, оның аясында «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Алатау серілері» тобы, «Сәт» тобының солисі және «Салиқалы ұрпақ» қоры жанында жұмыс істейтін «Береке үйі» тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
Анықтама: «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 2016 жылы меценат Болат Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Қор жұмысы аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен жетімдерді қолдауға бағытталған. Қор қаржылық қолдау, азық-түлікпен, медициналық құралдармен және т.б. көмек көрсету бойынша бірқатар жобаларды іске асыруда.
Sn.kz порталы
[:]