[:kz]
Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев сұхбат барысында сатқындық, қастандық жайлы айтты. Қасында өзі сенбейтін адамдар жүргенін де жасырмады.
Алматы облысының құрметті азаматы, меценат Болат Назарбаев Гүлмира Нәлібайға сұхбат берді.
Ол балалық шағынан бастап қазіргі кезге дейінгі өмірін көз алдынан өткізді.
«Мен ата-әжеме еркелеп өскен баламын. 4-сынып оқығанша әжем мектепке арқалап әкеп жүрді. Ол кезде әжем кимешек киеді. Арқасына жатып, кимешекке басымды кіргізіп аламын бетімді көрмесін деп. «Мені сұраса, ауырып жатыр деп айт» деп ескертіп қоямын. Ел «балаң 4 жылдан бері ауырып жүр ме?» деп сұрайды. 5-сыныпқа барғанда өзім жаяу баратын болдым. Әжем сонда да мектепке келіп алады. Мен «енді келсең, мектепке бармай қоямын» деп қорқытып әйтеуір сол әдетімді қойдым», — деді меценат.
Ес біліп, естияр шағын ата-әжесіне ауырлық түсіргісі келмей, жұмыс істеуге бел буған. Жасөспірім шақта құрылыс жұмыстарын істеп, біраз ақша тапқанын айтады.
«5-6 оқып жүрген кезімде жұмыс істей бастадым. Жоғары сыныптар оқитын шағымда құрылыста жұмыс істедім. Ақша тауып, отын-суымызды, үйге көмірді мен сатып алатынмын», — дейді ол.
Мансаптық жолы сатылай өскен меценат әр жылдары әр жерде жұмыс істегенін айтады. Қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке жеткен. 1989 жылы біржола бизнес саласына бет бұрады.
«Небір жағдайлар болды, жақсылық та, қиындық та, сатқындық та. Менің қасымда жүріп сатып кеткен адамдар бар. Олар әлі де жүр. Ешнәрсе демеймін. Ішімнен сеземін. Менің түйсігім жақсы дамыған. Кімнің қандай адам екенін ішім сезеді. Жау сырттан емес, іштен шығады. Менімен бірге жүріп, мені жамандайтын адамдар да бар», — деп ашынды.
«Дегенмен ешкімге жаманшылық тілемеймін» деген ол басты арманы ұл-қыздарының жақсы адам болып қалыптасқаны дейді.
Ел арасында Болат Назарбаевтың көп әйелі бар деген әңгіме желдей есіп жүр. Бұған меценатты өзі не дейді?
«Мен туралы көп қаңқу сөз айтады. Бізде бәрі мұсылманша. Мұсылмандаға 4 әйелге дейін алуға болады. Бірақ бәріне бірдей қарау керек. Бәрі білу керек. Менде солай. Бірінші әйелімнен ешнәрсе жасырмаймын. Кей адамдар бар, көп әйел алады. Оны жасырып жүреді. Олай дұрыс емес. Әйел алу мақтаныш емес», — деді Болат Назарбаев.
[:]