[:kz]
Әлеуметтік желіде басына орамал тағып, қыздан бетер боянып, тик-ток түсіріп жүрген жігіт көпшіліктің сынына ұшырады. Оған қарсы пікірлер жазып, балағаттап жатқандар аз емес. Ал бұл туралы Мұхамедтің өзі OYBAY SHOW бағдарламасына сұхбат беріп, бұған тек «кәсіп» деп қарайтынын айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мұхамед өзінің мұсылман екенін айтты. Алайда, бала күнінен косметикаға жақын болып өскен. Тіпті, үнемі түсінде айнадан өзінің боянған бейнесін көп көрген екен. Қазір сол кейіпті өмірде қайталап жүр.
«Отбасымызда 7 ағайындымыз. 5 әпкем, 1 ағам бар. Ата-анам, жақындарым бастапқыда менің бұл тірлігімді түсінбей, ұрысты. Мен бәрін түсіндіріп, бұл жұмыс екенін айттым. Тек жұмыс ретінде қарайтынымды, көзқарасымның дұрыс екенін айттым. Қазір бәрі мені түсінеді. Еш қарсылық көрсетпейді», — дейді ол.
Өзін «макияж жасайтын алтын жігіт» деп таныстырған ол өзіне көп жағымсыз пікір жазылатынын біледі.
«Сені өлтіріп кетемін», «атып кетемін», «қатын сияқтысың», «сен гейсің» дейтіндер көп. Мен ондай пікірлерді оқымаймын да, мән бермеймін де. Себебі, маған елдің не ойлағаны маңызды емес. Мен өзім қалаған нәрсені жасаймын. Визажистік қызмет өзіме ұнайды. Одан ешқашан бас тартпаймын. Керісінше, мені, мен сияқты боянатын жігіттерді қабылдаса екен деймін. Көпшіліктен соны талап етемін», — деді орамалды жігіт.
[:]