[:kz]
Қиналып тұрмын. Сондықтан жүрегімді ауыртқан жайт туралы жазуға бел будым.
Өмірімде жігітпен алғаш жүруім еді. Тұрмыс құрып, бала туғым келіп осы жігітпен жүруге келісім бергенмін. Ақыл тоқтатқан, байсалды жігіт деп ойлаушы едім. 5:ай болған қыз-жігіт болып жүргенімізге. менің оның алдында арым таза, ол мұны біледі.
Өзім оқыған, тəрбие көрген, қазақи отбасының қызымын. Жігітім жақында ұсыныс жасаған үйленуге. Мен оған тойымыз күзде болсын, күт дейтінмін. Өзім тұрмыс құрғым келсе де, отбасы себептеріме байланысты, ата-анамның жағдайына қарайлағандықтан тоқтаттым. Жасым 24-те.
Жігітім екеуміз көп көріспейтінбіз, анда-санда кездесіп, серуендеп қайтамыз. Ол құқық қорғау саласында жедел уәкіл болып жұмыс жасағандықтан əр жерде жүретін. Бірақ күніге хабарласып тұратынбыз. Маған ол танысқан кезде 1989 жылғымын деген. Түр-келбеті 25-27 жастағы жігіттерге сай келеді.
Екеуміз кездескенде оның телефонына көз салсам, артық нəрсе, сурет жоқ. Мүмкін тығып қоятын шығар, білмедім. Былайша дым білінбеді ғой енді.
Бүгін түнде мен оның əйелі және 4 томпақ, əдемі ұл-қызы бар екенін білдім. Не дерімді білмеймін. Өзімнің қателескеніме өкініп отырмын. Əрине, жоғалтқан еш нəрсем жоқ. Бірақ сезімімнің тапталғанына налимын. Кеткен уақытым, сүйген адамым деп ойлап жүрген адамым актер боп шықты ғой. Ол 1984 жылғы екен. Маған үйленген екендігі еш байқалмайтын. Оған əлі ешнəрсе айтпадым. Əрине, əйеліне де айтпаймын зияным тимесін. Бірақ оның бетіне айтқым кеп тұр бəрін.
Онымен 2 күн бұрын болмашы нәрсеге ренжісіп қалғанбыз. Енді оған хаюбарлама жазсам, жауап бермейді. Өйткені оны шақырып алып, мені алдағанын білетінімді бетіне айтсам ба екен деп ойладым, үндемей жоқ болғым келмей тұр. Сұрақтарыма жауап алғым келеді. Ол өзі туралы біліп қойғанымды білмейді əлі. не істегенім дұрыс? Сонда оның мақсаты не болды?
Төсекте пайдаланғысы келді дейін десем, біз жақындаспадық. Ол өзі уəде берген тиіспеймін деп. Сүйісіп, құшақтасқанымыз рас. Одан əріге барғанымыз жоқ. Құдай сақтасын. Ойда болған емес. Уақыт өткізу үшін дейін десем, өзінің уақыты тығыз. Сүйісу, құшақтау əйелі бар еркекке таңсық емес шығар. Миым жетпейді. Қателескеніме ішім ашып, түнімен ұйықтай алмай шықтым. Ақыл беріңіздерші қалай жасасам дұрыс?
Аноним
[:]