– деп кеткен Ғабиден Құлахметовті еске алу кеші болып өтті
Өлеңде де, өмірде де ірілігімен, байсал парасатымен ерте танылған тарлан талант иесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғабиден Құлахметов рухына тағзым еткен бұл кеш «Қарлығаш құстар барады қайтып…» деп аталды. Бір кездерде өзі Басқарма төрағасының орынбасары болған Жазушылар одағы залының төрінен ақынның жарқын бейнесі ойлы жүзбен сәл күлімсірейтіндей. Шығармашылықта да, тіршілікте де талай істі тындырып үлгерді десек те, 51 жыл ғана жасаған осы бір Алпамыс тұлғалы, аңқылдаған алғыр азаматты, Мұқағали айтпақшы, ер-тұрманы бүтінделмей кеткен тұлпардай көретін өкініш-сағынышымыз және бар.
Өмірде үзеңгі жолдас болған қазақтың үлкен ақыны, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет жиын тізгінін ұстай отырып кештің өне бойында Ғабиден ақын, Ғабиден азамат хақында талай-талай тағылымды естеліктер айтып отырды. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай Ғ.Құлахметовтің өлең өнерінде шәкірттік кезеңді бастан кешпегенін, алғашқы жыр жинағының өзінде-ақ керемет антологиялық өлеңдердің мол болғандығын, оның ойлау жүйесі бөлек, пайымы сирек, өзіндік үні ерек ғажап ақындығын баса айтты. Сөйтіп, ол ақынның өмірін жалғастырған ұлы Ғазизге шапан, жары Светаға қамзол жауып, сияпат жасады. «Бұл өмірде мен шаппаған бәйге бар» деп аңқылдаған ақ пейілді, дарқан жүректі ақын кезінде қаламгерлерден көмегін де аямапты, шама келгенше адамдарға жақсылық жасауға жан салыпты. Достық пен сыйластыққа селкеу түсірмепті. Тұлғалы азаматтың осындай адамгершілік қасиеттеріне, өмірдегі ғибраттарына Аягөзден келген туыстар, сондай-ақ белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржекеұлы мен Берік Шаханов, курстастары атынан сөйлеген қаламгер Қараша Қараманов және басқалар кеңінен тоқталды. Ал қаламдас, қанаттас інісі Бауыржан Жақыптың арнау өлеңінде ақындық жан дүниесі, бауырмалдық мейірімі, туған жерге деген перзенттік сергек сезімі айқара ашып көрсетілді.
«Ақша бұлттарға жеткізген сәлемдеріңді,
Сағынып жүрміз өзіңнің өлеңдеріңді.
Алаштың ауыр жүктерін арта алған ағам,
Сені іздесем енді, ауылың –
Шолпанға барам!» – деп Бауыржан ақын жырға қосқандай, біз де Ғабиден ақынды сағына жүреміз.
Шын мәнінде, туған ауылы Шолпан десе қарлығаштай шырылдап ұшып тұрады екен. Сонау бір қиын кезде шығармашылықты қоя тұрып, ауылда көп шаруаның басын қайырғаны, 50-60 адамға нәпақа тауып беріп отырғаны содан да шығар-ау. Артында «Көзімнің қарасы» мен «Ақ бастау» сынды тамаша жыр жинақтарын, «Үйірі жоқ көкжал» романын, «Көл түбіне кеткен ел», «Ұрпағың үзілмесін», «Серінің соңғы сәлемі» хикаяттарымен қоса қалдырған үлкен бір рухани әрі заттық ескерткіш мұрасы – Шолпан ауылында өзі салдырған мешіт. Иә, нұрлы жырлардың, шынайы сырлардың, ізгі істердің иесі алғадай ақын Ғабиденнің аты ел жүрегінен өшпек емес.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.