[:kz]
Қыс кезінде түз тағыларының даладағы, тіпті қорада тұрған малға шабатын кездері болады. Бүгінгі күндері де бірқатар аудандарда бөрілердің малға тигені жөнінде айтылып қалуда. Ондай оқиғалардың, мысалы, Созақ және Қазығұрт аудандарында орын алғаны туралы естідік. Сосын облысымыздағы түз тағыларына қатысты ахуал жайында білмек болып тиісті мекемелерге хабарластық.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев бізге мынадай мәліметтер берді:
«Бізде облысымыздағы қасқыр санына қатысты есеп жүргізіліп отырады. Бұл оның шектен тыс көбейіп кетпеуі үшін керек. Құтыру және тағы басқа да аурулар таралмауы жағы қарастырылады. Оған қатысты алдын-ала зерттеліп, арнайы негіздемелер жасалынады. Яғни қасқырды түбегейлі жойып жіберу керек деген әңгіме жоқ. Өйткені олардың табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауда, жабайы тұяқтылар арасында ауру таралмауында өзіндік ролі бар.
2017-жылы облысымызда 818 бас бөрі есепке алынған. Санын реттеуге қатысты арнайы негіздеме бойынша өткен жылы 140 қасқыр жойылуы тиіс болатын. Бірақ жоспар орындалмады. Себебі көбіне тау мен тоғай арасында жүретін бұл аң мені қашан атып алар екен деп тосып тұрмайды ғой. Адамдар он қасқырдың ізіне түссе, соның бір-екеуін ғана аулай алады.
Жалпы, 2017-жылы қасқыр аулауға рұқсаты бар азаматтар мен табиғи қорғалған аумақ қызметкерлері 12 қасқырды атып алды. Ал биылғы жылы 232 бас түз тағысының көзі жойылуы тиіс деп негіздеме берілген. Бірақ іс-шараға қатысты қаржы бөлінген жоқ.
Бүгінде бізге қасқыр тиді деп Отырар және Шардара аудандарынан хабарласушылар бар. Осыған орай түз тағысын аулаймын дегендерді қажетті аумаққа жібере аламыз. Бірақ оларда тиісті рұқсат қағазы болуы керек. Яғни ішкі істер органының мылтық иеленуге берілген рұқсаты болғаны шарт. Әрине, аңшылық куәлігі де болғаны жөн. Оларға біз қасқыр аулауға қатысты ережелерді түсіндіреміз».
Арнайы мекеме қызметкері осылай дейді. Осы орайда қандай да бір сұрағы барлардың аталған мекемемен 8-(7252)-41-13-36 телефоны арқылы байланыса алатынын естеріңізге саламыз.
…Біз бұдан кейін Шымкенттегі Аңшылар және балықшылар қоғамына хабарласып, Юрий Боков деген аңшы азаматқа өз сұрақтарымызды қойдық.
«Қасқырды тек аңшылық маусымында ғана атуға рұқсат етіледі, – деді ол бізге. – Оларды шекті мөлшерден артық аулауға тыйым салынған. Мал иелері өз меншігін қорғау үшін қасқырды ата алады, тек мылтығы заңдастырылған болуы керек. Ал, жалпы, бізде қасқыр аулауға өткен жылдың 20-қыркүйегінен бастап рұқсат етілген. Арнайы лицензиясы бар аңшылар алдағы бір-екі апта көлемінде қасқыр аулай алады. Ондай лицензияны біз береміз. Биылғы аңшылық маусымы 15-ақпанда аяқталады. Одан кейін қасқыр аулағысы келетіндер арнайы рұқсатты жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекциядан ғана ала алады».
Аңшы азаматтың айтуынша, бүгінде малыма қасқыр шапты деп оларға хабарласушылар аса көп емес екен.
«Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек аудандарынан хабарласқандар бар. Сирек те болса Отырар, Созақ аудандарынан да қасқыр туралы естіп жатырмыз. Негізінен олар таулы аудандарда белсендірек әрекет етеді. Аудандардан хабарласып, жәрдем сұраушылар болса, көмек қолын ұсына аламыз, оларды тиісті мекеме, адамдармен байланыстырамыз», – дейді Ю.Боков.
Біз бұл азаматқа облысымыздағы қасқырлар саны жөнінде де сұрақ қойдық.
«Бұрын арнайы есеп жүргізуші едік, қазір де саны сол шамада болар деп ойлаймын. Жұмыс барысындағы байқауым бойынша бүгінде облыс аумағында 420 – 450-дей қасқыр бар. Меніңше, одан тым асып та, аса азайып та кетпейді.
Негізі облысымыз аумағындағы қасқырлар санының белгілі бір шек шамасында болуына тиісті мекемелердің ғана емес, табиғаттың да өзіндік әсері бар. Яғни олар бұрынғыдай аулап, соңынан еріп жүретін ақбөкендер қазір аса азайған, тіпті жоққа тән. Ал қолдағы малды иелерінің барынша қорғайтыны белгілі», – дейді аңшы.
Ю.Боковтың айтуынша, аң аулаумен айналысамын деушілер бұған байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық аңшылар және балықшылар қоғамына өтінішпен баруына болады. Яғни тиісті құжаттар өткізіп, мүшелік жарна төлеп, ол жерден аңшы куәлігін алуға мүмкіндік бар. Басқадай мәселелер бойынша сұрақтарыңыз болса, түсіндіріп береді. Бұл мекеме Шымкенттің Рысқұлов көшесіндегі №456-үйде орналасқан.
Т. ТҰРАН.
Zamana.kz
[:]