[:kz]
Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваға орнынан тұрып, қол соқпаған украиналықтар сынға қалды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыс өтіп жатыр. Турнир ережесі бойынша, әр команда әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сын, жұптық сын және мұздағы би бойынша өзара мықтыны анықтайды. Бүгін Ресей құрамасы сапынан Камила Валиева айдынға шығып, қысқа бағдарламаны өте жоғары деңгейде орындап шықты. Төрешілер Валиеваның өнерін жоғары бағалап, 90.18 ұпай берген.
Бұл көрсеткіш жарысқа қатысушы командалардың барлығының көңілінен шығып, Камиланың өнеріне тәнті болған барлық құрамалар орнынан тұрып, құрмет көрсеткен.
Тек қана Украина құрамасы ресейлік спортшының жетістігіне орнынан тұрып, қол соқпады. Бұл жағдай Ресейдегі танымал мамандардың ашуын тудырған.
«Бұл — тәрбиесіздік. Спорт саясаттан тыс дейсіз бе? Білмеймін. Бас қолбасшылары бұйрық берді, олар орындауда», — деді sports.ru сайтына КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Татьяна Тарасова. «Саясат спорттан тыс болсын деп үнемі айтамыз. Өкінішке қарай, біз мұндай жағдайларды көп көріп жүрміз. Бүгін тамаша сырғанаған Камила Валиеваға украиналықтардың таңғаларлық реакциясын өз көзіммен көрдім. Біздің керемет спортшымызға қол соқпаған жалғыз солар ғана. Бұл мұңлы көрініс болды», — дейді Олимпиада чемпионы Алексей Ягудин sports.ru сайтына.
[:]