АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Бұл жерде қылмыстық құрам бар»: Айман Омарова Дулат Ағаділдің өліміне қатысты мәлімдеме жасады[:]

[:kz]

«Егер әкесі заң бұзды десек, баласын жұлқылап, тепкінің астына алып, күртесін жырту керек пе еді?.. Бұл жерде құқықбұзушылықтың болғаны айдан анық», — дейді ол.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өлімінен кейін туыстары жазған арыз бойынша тергеу амалдары басталған еді. Енді құқық қорғаушы Айман Омарова facebook желісінде тікелей эфир арқылы істің қалай өтіп жатқаны туралы ақпарат берді. Эфир барысында ол Дулат Ағаділге қатысты заңсыздық орын алғанын айтып қалды, деп хабарлайды Stan.kz.

Белсенді Дулат Ағаділдің ісін еліміздегі білікті қорғаушылардың бірі Айман Омарова қолға алған. Бүгін әлеуметтік желі арқылы жүргізген тікелей эфирде көпшілік көкейінде жүрген біраз сұрақтарға жауап берді. Ол тергеу ісінің қалай өтіп жатқанын толық айтуға құқығы жоқ екенін де ескертті. Тек белгілі бір шеңбер аясында сөйлеуге қолхат бергенін жасырмады.

«Қазіргі менің мәліметтерім тергеу орындарынан алынған жоқ. Тергеу орындарының мәліметтерін, процессуалдық ақпараттарды елге таратпау туралы қолхат бар. Сондықтан заңды сыйлағандықтан, артық ештеңе айта алмаймын», — деген қорғаушы қыста болған оқиғаны бір шолып, полиция қызметкерлерінен кеткен заңсыз әрекеттерді айтып салды.

«Полиция Дулат Ағаділді үйінен алып кетерде өзіне ғана емес, баласы Жанболат Ағаділге де қысым көрсеткен. Желіде тараған видеода белсендінің денесі көгергені туралы айтылады. Расында оның денесінде көгерген тұстары бар. Ол соққының іздері болғаны анық. Бірақ, барлық көгерген жерлер соққыдан деп айту дұрыс емес. Өлген адамның денесінде болатын көк іздер де барын айту керек», — дейді Айман Омарова.

«Бұған дейінгі деректерде Дулат Ағаділдің мас болғаны жөнінде айтылады. Егер адам алкогольдік ішімдіктің әсерінен мас болып тұрса, оны ұстауға болмайды. Неге құқық қорғау органдары осыны біле тұра, Дулатты қамауға алды? Бұл да заңсыз іс-әрекет. Тіпті, адам сыра ішкен болса да оны тіркемей, қамауға болмайды», — деген құқық қорғаушы жұрт көкейінде жүрген басты сұраққа тоқталды.

«Енді Ағаділді кім, қайда, не үшін ұстап отырды деген сұраққа келейік. Қамауға алған кісілер Дулат Ағаділді ұстар алдында жағдайын неге тексермейді? Мас болатын болса, наркологияға неге жібермеген? Үсті-басы көгеріп келсе, сараптама неге жасатпаған? Біз осыны түсінбей отырмыз. Менің ойымша, бұл жерде қылмыстық құрам бар. Абақтыда істейтін лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеті деп санаймын», — дейді Айман Омарова.

«Мен ешқандай сараптаманы қоспай-ақ, бұл жерде құқық бұзушылықтың болғанын айтып тұрмын. Тайға таңба басқандай көрініп тұр. Егер әкесі заң бұзды десек, баласын жұлқылап, тепкінің астына алып, күртесін жырту керек пе еді? Дулат Ағаділді қамауға алмас бұрын неге керекті әрекеттер жасалмаған? Бұл жерде құқықбұзушылықтың болғаны айдан анық. Біз дәл осы себеппен қайта шағымданамыз», — деген қорғаушы бұдан артық ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

[:]