АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Бүлдіршіндер түн ішінде жарамазан айтып жүр[:]

[:kz]

 

 

 

Мама, құдалық келді…

– Құдалық емес, жарамазан…

Неге екенін қайдам, қанша үйретсем де «құдалық» деп атаудан танбайтын 6 жасар баламның кімдерді айтып тұрғанын бірден түсіндім. Пәте­ріміздің есігінің сыртынан жарыса ай­қайлап, жарамазан айтып тұрған бұл кішкентай балалар біздің үйге күнара келеді. Тиын-тебен ұсынатынымыз­ға үйреніп алған сияқты. Есікті ашсаң болды, алақанын жайып қарап тұрады. Бергеніңді алған соң апыл-ғұпыл бірдеңелерді айтып, беттерін сипайды да, жайына кете барады. Бата берген түрлері.

 

Бірде жиі келетін бұл балаларды сөзге тартып, олардың қайда тұратындарын сұрадым. Бірі көпқабатты көрші үйді, енді бірі көрші подъезді нұсқайды. Сөздеріне қарасам, жақын маңайда тұратын сияқты. Оны сұрауымның себебі де жоқ емес еді. Өйткені бұлар кешкі 22.00-ге таяп қалған уақытта, яғни қараңғы түсе келеді. Жандарында еріп жүрген үлкендерден ешкім жоқ, үш-төртеу болып топтасып алып, үй-үйді аралап жүргені. Олардың қай сыныпта оқитындарын да сұрап білдім. Бірі мектепалды даярлық сыныбын, енді бірі бірінші сыныпты, тағы бірі екін­шіні аяқтапты. Арасындағы бойшаңдауы төртінші сыныпты бітіріпті. «Аналарыңнан сұранып шықтыңдар ма?» – десем: «Иә», – деп бас изейді. «Ал сендер түнде жүруге болмайтынын білесіңдер ме?» – десем үндемейді. Әрине, бала оны қайдан білсін үлкендер айтпаса. 

 

Өткенде де жұмыстан келсем үйде бөтен қыз жүр. Үйдегілерден: «Мына қыз кім?» – десем: «Көршінің қызы ғой, мыналармен ойнауға келіпті», – дейді. «Мыналар» дегені – менің үйдегі бірінші және үшінші сыныпта оқитын балаларым. «Анаңнан сұранып келдің бе, анаң сенің мұнда екеніңді біле ме?» – дедім әлгі қызды дереу тергеуге алып. «Иә», – дейді.

 

– Анаңа не деп айтып кеттің?

 – Нұрсәттің сыныптасының үйіне барып ойнап келемін деп айттым.

– Сен Нұрсәттің әпкесісің бе?

– Иә.

– Қай сыныпта оқисың?

– Екінші.

– Қанша уақытқа сұрандың?

– Бір сағатқа.

 

Нұрсәт деп отырғаны – менің бірінші сынып оқитын ұлымның сыныптасы. Көрші орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Ол қыздың ұлымның сыныптасының әпкесі екенін жаңа ғана білгенім болмаса, өзін де, ата-анасын да мүлдем танымаймын. Оны жападан-жалғыз бөтен үйге ойнауға жіберген ата-анасына іштей таңқалдым.

 

Үйдегілердің айтуынша, ол қыз менен сәл бұрын келген екен. Біраз ойнаған соң әлгі қыз үйіне қайтты. Сәлден кейін, кеш қараңғылығы түсе бере әлгі біз айтып отырған Нұрсәт бір өзі жарамазан айтып келіп тұр. Мен берген тиынды алып, жөніне кетті. Есікті жаба бере «кеш батқанда бұлар неге ата-аналарының жанында емес?» деген ойға қалдым. Көше кезіп, үй-үйді аралап жарамазан айтып жүрген әлгі балаларға үлкендер тарапынан еш қадағалау байқамадым.

 

Жалпы, түрлі тосын жағдайлар орын алып жатқан мынадай заманда кішкентай баланы танымайтын бөтен үйге жіберу қаншалықты қа­уіпсіз? Бәлкім сол үйлердің бірін­де араққа сылқия тойып алған біреу бәле іздеп отырған болар? Алдап-сулап ішке кіргізіп алып, ойына келгенін істеп жүрсе ше? «Жарамазан айтамыз» деп жиналып жүрген сол бүлдіршіндер бір нәрсеге ұрынып қалса, оған кім жауапты? Тиын-тебенге қызыға ма, қайдам, әлгілер көпқабатты үйлердегі пәтерлердің есіктерін қағып, дауыстап тұрып жарамазан айтады. Ал ол есіктердің арғы жағында кім отырғаны белгісіз ғой. Кейбірі ұрысып, қуып жіберіп те жатады. Сонда да бала емес пе, ертесіне қайта айналып барады.

 

Не десек те олардың қауіпсіздігі қашан да ата-ана жауапкершілігінде. Әсіресе қалалы жерлерде кеш батқан соң баланың үйден жалғыз шықпағаны дұрыс-ақ. Өз басым кеш батқанда «бара қойсын» деп бұйданы бос жіберуге болмайды деп ойлаймын. Сондықтан ата-аналардың құлағына алтын сырға, балалардың беймезгіл уақытта бей-берекет жү­руіне жол бермейікші! «Сақтықта қорлық жоқ» деп осындайда айтылады емес пе?

М. ӘМІР.

 

zamana.kz

[:]