[:kz]
Бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы Нұрсұлтан Назарбаевқа армандары жайлы айтып берді. Бұл туралы жас бүркітші Астана қаласында өтіп жатқан «Жастар жылы» форумында айтты.
«Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев, мен сізбен кездесуді қатты армандайтынмын, арманым орындалды. Президентпен күнде кездесіп жатқан жоқпын ғой, сол себепті аздап қобалжып тұрмын. Мен Қазақстанда, өз Отанында тұрмайтын 5 миллион қазақтың бірімін. Моңғолияда туып, өстім. Алайда туған өлкем, атамекенім – Қазақстан екенін еш уақытта ұмытқан емеспін. Мен қазір «Нұр Орда» халықаралық мектебінде білім алудамын. Мен жайлы түсірілген бейнероликті әлемнің 33 мемлекеті тамашалады. Фильм арқылы әлем қазақтың салт-дәстүрін таныды», — деді Айшолпан.
Сонымен қатар бүркітші қыз Елбасын Баян-Өлгейге шақырды.
«Бүркітті қолыма алғаш рет 8 жасымда алдым. Бүркітті басқару үшін ерлік керек. 13 жасымда бүркітшілер байқауында бірінші орынға ие болдым, рекорд жаңарттым. Арманым – Астана мен Қазақстанның өзге де қалаларында бүркітшілер мектебін ашып, балаларды үйреткім келеді. Осы жылды «Жастар жылы» деп атағаныңызға рақмет. Сізді Баян-Өлгейге қонақ болуға шақырамыз. Дастарханымыздан дәм татып кетіңіз, алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалсын», — деді жас бүркітші сөз соңында.
Айта кетейік, 2016 жылы Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы «Бүркітші қыз» атты режиссер Отто Беллдің деректі фильмі шыққан болатын. Алғаш рет 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымы «Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі — құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз» атты Айшолпан жайлы мақала жариялап, оны бүкіл әлемге танымал етті. Қандасымыз 2018 жылы Қазақстанға арнайы шақырумен келіп, «Білім-инновация» ХҚҚ берген грантпен «Нұр Орда» мектеп лицейінде білім алып жатыр.
[:]